Жуырда ғана Алматы облысының бас имамы болып тағайындалған Мадияр Пірімқұловтың Жамбыл ауданымен танысу іс- сапары Қарғалы ауылынан басталды.

Облыс имам алдымен, «Сәт» және «Майбұлақ» мешіттеріне ат басын тіреп, асыл дінімізді насихаттау жолында аянбай тер төгіп жүрген ардагер имам Ыбытаев Сейтқали ағамыздың және ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім ақсақалдың баталарын алған соң, қазақы салт-дәстүрге сай иықтарына шапан жапты, көп балалы аналармен және жазғы демалыс кезінде мешіттерде дәріс алып жатқан жеткіншектермен кездесіп, арнайы ала келген сыйлықтарын тарту етті.

Бұдан кейін бас имам Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлымен арнайы кездесіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен жеті бағыт бойынша аудан көлемінде атқарылуға жоспарланған жұмыс жоспарымен таныстырып, ой бөлісті. Аудан тілшілерімен кездесіп, «Zhambyl info» cтудиясында Ислам құндылықтары жайлы арнайы сұқбат берді.

Түстен кейін бас имам бастаған дін қызметкерлері Жамбыл мен Сүйінбай аталарымыздың ауылдарына ат басын тіреп, ақиық ақындардың мұражайларымен танысып, марқұмдардың басына барып Құран бағыштады.

Жамбыл аудандық баспасөз қызметі