Қадыр түні Қарасай аудандық орталық  «Түркістан» мешітінде Қарасай ауданына қарасты 100 мұқтаж отбасыға қуаныш сыйлаған 2, 000 000 теңге көлеміндегі  қайырымдылық шарасы өтті.

«Оразадан байғазы, қадір түннен қайырым» дәстүрлі акция аясында өткізілген шара барысында Қаскелең қаласындағы тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға, асыраушысынан айырылған мұқтаж жандарға бір айлық азық-түлік қоры таратылды.

Рамазан айының мейірімін сезіндіріп, демеуші азаматтар мен мұқтаж жандардың арасына алтын көпір болып жүрген мешіттерде  ораза айында жиналған пітір садақа, зекеттердің көмегімен «Берекелі рамазан», «Қайырымды жұма», «Рамазан қоржыны» «Жомарт жұма»  т.б дәстүрлі акциясы бұған дейін облыс пен аудандарымыздың  басқа да құлшылық ордаларында да өткізілген болатын. Қадір түні  ұйымдастырылған  дәстүрлі акция Қарасай ауданы бойынша әлі де жалғаса түсетін болмақ. Жамағатпен арнайы жүздесіп, «Рамазан сыйлығын» табыстаған  Алматы облысы бас имамының бірінші орынбасары, Қарасай ауданының бас имамы Жандосұлы Дәуренбек осындай сауапты жоспарларымен бөлісіп, іс-шараның мән-маңызын жеткізді.

Қарасай ауданының баспасөз қызметі.