Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы «Рахим» мешітінде еліміздегі ең жас қари Құрани Кәрімді хатым етіп жатқанын есітіп, аталмыш ауылға ат басын тіреген болатынбыз.

Ашылғанына аз ғана уақыт өткен ғибадатхана ауласын аббатандыру жұмыстары әлі толық аяқталмапты. Біз барғанда мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Қуанбек бастаған бірнеше адам қолдарына күрек алып, жеміс ағаштарын отырғызу қамында жүр екен.

  • Қарғалы ауылында бұрыннан істеп тұрған екі үлкен мешіт болғандықтан, жаңадан ашылған біздің мешітіміздің жамағат саны аз болатын. Алла шүкір, Рамазан айы басталғалы келушілер саны күрт артты. Оның бір себебі, еліміздегі ең жас қаридің біздің мешітімізде Құрани Кәримді хатым етіп жатқандығы деген ойдамын. Қазір 12 жастағы Омар баламыз 9 жасында Құрани Кәрімді толық жаттап қари атанған екен. Әкесі Сүттібаев Марал Мысырға оқуға барған кезінде әлі мектепке бармаған баласын қарилар дайындайтын аты әлемге әйгілі орталыққа оқуға беріпті. Араб елінде оқып, арабша сауат ашқан баланың тілі жатық, қырағаты да керемет – дейді бас имам.

 Қасиетті Құранды оқу, оны жаттау – Аллаға жақындаудың ең төте жолы һәм ең ұлық ғибадаттың бірі. Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Ол қиямет  күні иесіне шапағат етеді», – дейді. Тағы бір хадисте Алланың елшісінің (с.а.у.): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – дегені айтылады. Бұған қоса, Алла Тағала Құранды үйренемін деген ниеттегі құлына ерекше қабілет беріп, зейінін ашып қоятындығы белгілі. Оның бір айғағы 9 жасында Құранды толық жаттап қари атанған Омар Маралұлының ата-анасымен бірге елімізге оралғаннан кейін, бір жыл ішінде бастауыш мектепті үздік бітіріп, бірден төртінші сыныпқа қабылданғандығы деуге болады. Алла Тағала баршамызға Құранды үйреніп, оны үйрететін салих ұрпақ тәрбиелеген сүйікті құлдарынан болуды жазсын.

Асқарбек Төлеуов