Ислам діні, адамдардың шариғат жағынан рұқсат етілген істермен айналысуларын және адал жолменен табыс табуларын әмір етіп, әр түрлі пайызға қатаң түрде тыйым салады.

Құарна Кәрімде Алла Тағала былай деп бұйырады:

  يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ لَا تَأۡكُلُواْ ٱلرِّبَوٰٓاْ أَضۡعَٰفا مُّضَٰعَفَةۖ وَٱتَّقُواْ ٱللَّهَ لَعَلَّكُمۡ تُفۡلِحُونَ

 «Уа, иман келтіргендер! Пайызды еселеген үстіне еселеп, өсім жемеңдер. Аллаға қарсы келуден сақтаныңдар. Сонда (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат – мұраттарыңа жетесіңдер.»1

وَأَخۡذِهِمُ ٱلرِّبَوٰاْ وَقَدۡ نُهُواْ عَنۡهُ وَأَكۡلِهِمۡ أَمۡوَٰلَ ٱلنَّاسِ بِٱلۡبَٰطِلِۚ وَأَعۡتَدۡنَا لِلۡكَٰفِرِينَ مِنۡهُمۡ عَذَابًا أَلِيما

«Сондай – ақ өздеріне тыйым салынса да, өсім алғандықтары және елдің мал – мүлкін арам жолмен жегендіктері үшін де (оларға кейбір нығметтерді арам еттік). Әрі олардың арасындағы кәпірлер үшін жан төзгісіз азап дайындап қойдық.»2

Жеке дара адамдар арқылы немесе мекемелер арқылы жасала тұрған пайызы бар кредит істерінің барлығы осы тыйымның ішіне кіреді. Осы себеппенен харам болған істі жасау жәйіз (рұқсат) болмағаны сияқты осы іске делдалдық жасау және қолдау көрсету де жәйіз болмайды.3 Осыған байланысты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын); пайызды жеушіге, жегізгенге, жазушыға және осыған куәлік еткендерге қарғыс айтқан және барлығының (күнәда) тең екендігін хабарлаған.4 Осы себепті пайызға кредит ала тұрған бір адамның қарызына (кредитіне) кепіл болу немесе делдалдық жасау дұрыс (жәйіз) емес.

 

Абдыжапаров Сабит Ақылұлы

Алматы аймағының өкілдігінің

пәтуаға жауапты маманы.

________________

1 «Әли Имран» сүресі, 3/130-аят

2 «Ниса» сүресі, 4/161-аят

3 Мәусили, әл-Ихтияр, ІІ, 406

4 Муслим, Мусәқат, 106