Қазан айының 21-күні Алматы облысының Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде «Хош келдің, мүбәрак мәуліт айы» атты рухани кеш өтті.

Жамбыл ауданының орталық «Шынасыл» мешіті мен аудандық Мәдениет үйі бірлесіп өткізген іс-шараның шымылдығы Құрани Кәрім оқумен ашылды. Бұдан кейін Құран жарыстарында әуезді үнімен көзге түсіп  жүрген өнерлі жастар Саденов Жеңісхан, Шоманов Оралхан және Жаңақұрылыс ауылындағы Қарсақбаев мектебінің бір топ оқушылары мәуліт оқыды. 

Рухани кештің екінші бөлімі театрланған көрініспен жалғасты. Христиандар мен яһудилердің қасиетті кітаптары Інжіл мен Тәурат, Забурда айтылатын ақырдың пайғамбары дүниеге келер кездің таяу қалғандығын айтып, бір-бірін сүйіншілеген ғалымдар қатысқан мәжіліс көрінісінің нанымды шыққандығы соншалықты, залда отырған көрермендердің ардақты пайғамбарымызға (с.а.у.) деген сағыныш сезімін оятып, көздеріне ерексіз жас алуына себепші болды.

Бұдан кейін сахна төріне шыққан ҚМБД-ның Алматы өңірі бойынша өкілі, облыстық «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы Наржанов Қуаныш Бақытбекұлы алдымен жиналған қауымды мәуліт мерекесімен құттықтап, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіргеннен кейін, оқу озаттары, Мыңбаев орта мектебінің 6-шы сынып оқушысы Нұртай Қаракөзбен Тұрар Рысқұлов мектебінің  7-ші сынып оқушысы Ермек Ясинге Құран жаттауда жеткен жоғары нәтижелері үшін бағалы сыйлықтар табыс етті. Тағылымы мол рухани кештің соңы діни әндерге ұласты.

Жамбыл ауданының орталық «Шынасыл»
мешітінің баспа және баспасөзбен байланыс қызметі