«Рамазан керуені» атты республикалық қайырымдылық марафоны

ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткен «Рамазан керуені» атты республикалық қайырымдылық марафонына Жамбыл ауданының имамдары да қатысып, өз үлестерін қосты.

30 сәуір күні «Шынасыл» мешітінде @shynasyl__meshiti Жамбыл ауданының бас имамы Қалжан Исламханов Рамазан айының басынан бері ауыл-ауылды аралап зекет жинауға атсалысып жүрген, «Зекет және қайырымдылық» қорының Жамбыл ауданындағы өкілі Асқар Әлімбеков бастаған азаматтарға алғысын білдірді. Олардың жиған қаражатына алынған 50 азық-түлік себетін аудан орталығынан шалғайда жатқан елдімекендерден келген имамдарға аманаттап, тізімде тұрған көмекке мұқтаж 50 отбасына жеткізіп беруді тапсырды.

Бұдан кейін қайырымдылық керуені, Алматы қаласының орталық мешітінен келген қайырымдылық керуенімен бірге, Қарғалы ауылындағы «Майбұлақ» мешітіне барды. Қарғалы ауылындағы көмекке мұқтаж 30 отбасына азық-түлік себеті берілді. 

Сондай-ақ, Мыңбаев ауылында да жағдайы төмен, көпбалалы отызға жуық отбасына көмек көрсетілді. 

Осы «Рамазан керуені» атты қайырымдылық шарасы кезінде жомарт жандардың көмегімен 150 отбасына көмек көрсетілгендігін және «ауыз ашар қоржыны» ретінде аудандағы 10 мешітке азық-түлік жеткізілген. 

Жамбыл ауданының баспасөз қызметі.

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS