Батыс философиясындағы адам туралы пікірлер

Адамзаттың басқа жаратылыстармен салыстырғандағы құндылығы, мәртебесі мен ар-ожданы туралы мәселесін зерттеген адам үшін Батыстағы заң мен демократияның адамға белгілеген құқықтары мен Батыс жұртының

ой-пікірін, ақылы мен ар-ожданын билеп-төстеп алған материалистік философиясындағы адамның құндылығы арасындағы жер мен көктей керағар пікірлер бірден көзге шалынады. Әлемдік діндердің бесігі Шығыс жұрты адамның қадірлілігі, қасиеті, ұлық мәртебесі туралы сөз қозғай қалса болды, Батыс философиясы оған кекесінмен, әжуамен қарап, педагогикалық, білім беру жүйелері арқылы өз қарсылықтарын білдіріп қалады. Егер біз сол Батыстағы пікірлерді жинақтап, зерттеп көрсек, ондағы заң жүйесіндегі, демократиядағы «адам» ұғымының философия, педагогика, білім беру түсінігіндегі «адамнан» мүлде басқа екендігіне көзіміз жетеді. Бақылап қараған жан мұнда адамның құндылығын бағаламай, оны шым-шытырық мәселелердің ортасына лақтырып тастайтын философиялық көзқарастар мен оны ұлықтап, күллі құқықтарының, олардың арасында бойындағы күллі хайуани және шайтани қасиеттерінің түгелдей қорғалуын талап ететін демократиялық көзқарастардың арасындағы аса зор алшақтықты байқайды.

Расында Батыста техникалық прогресс қарыштап дамыды. Алайда осы дамуға керісінше адам сезім, түйсік, руханият жақтарынан төмендердің төменіне қарай құлдилай берді. Тіпті адам мен техника, робот арасындағы айырмашылық жоққа айнала бастады. Мұнда жаратылыстың мақсаты, табиғат болмысының мұраты туралы сенім кері қағылған, теріске шығарылған сенімге айналды. Адамның рухы, қымбаттылығы мүлде мойындалмады. Сондықтан да бұл жақта адамзаттың жалпы жаратылыстың ең артығы екендігі туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес дүние. Өйткені Батыста басым болып тұрған пікір бойынша мұндай көзқарас бұрындары адамның өз-өзіне таң қалуының нәтижесінде келіп шыққан. Ал қазір болса адам ондай көзқарастардан арылып, кішіпейіл бола бастаған. Оны бұрын билеп тұрған өз-өзіне ғажаптану сезімі күйреген. Нәтижесінде, ол өзін жерден бастау алып және кейін сол жерге қайтатын бір уыс топырақ ретінде ғана көретін болды. Ал рух және бұрын адамды толғандырып келген сол сияқты басқа да мәселелер тыныш жағдай, пана, көмек іздеу жайындағы қиял, утопия ғана. Қиялына ерік беру арқылы адам баласы капиталистердің өзіне жасап келген қиянаттарын жеңуге талпынған. Ал енді адам құқықтары туралы қарар-шешімдер қабылданғаннан бері ондай қиянаттар келмеске кеткен. Бұдан былай жұмысшылардың құқықтарын қорғау жауапкершілігін кәсіподақтар өз міндетіне алған. Сондықтан да бұданы былайғы жерде қиялға беріліп, пана іздеу, жәрдем іздеудің ешбір қисыны қалмаған.

Ал адамның болмысына келер болсақ, ол бар болғаны материя ғана, сондықтан да адам мен өсімдік, жануарлар арасында қандай да бір айырмашылық жоқ. Материяның адамға тигізетін әсері мен ықпалы жануар мен өсімдікке тигізетін әсер-ықпалымен бірдей. Осындай себептерге байланысты Батыста материя мен монада тұрғысынан алып қарағанда ой-пікір және рухани белсенділік пен таскөмірдің қызуының арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Өйткені бұлардың барлығы бар болғаны материя мен энергияның көріністері ғана. Ал тіршілік барлық тірі жандыларды, оның ішінде адамды да қамтыған қан майданның ордасы. Мұнда барлық жан-жануарлар арасында, олардың ішінде адам да бар, тірі қалу үшін бітіспес күрес жүруде. Сондықтан да адам тірі қалуы үшін талмай күресуі тиіс. Ал әділет, ынтымақ, ізгі амал, қайырлылыққа құмарлық, философия, білім, әдеп, өнер сияқты моральдық және адами түсініктер мен барлық құндылықтар адамның өзін-өзі сақтап қалуы үшін ойлап тапқан күресу принципінен өрбитін өскін ұғымдар. Сол ұғымдардың негізінде өндіріс бағыттарын, байлықты бөлісу жолдарын, сондай-ақ, тек экономикалық мүдделер үшін қозғалыста болатын адам атты машинаның экономикалық сипаттарын ойлап тапқан.

Батыстағы кейбір ойшылдар адамның осындай болмыстағы экономикалық мақсаттарын оның өзінен де жоғары қояды. Ал енді басқа бір философтар адамның белсенділігіне бірден-бір ықпал ететін негізгі күш оның бойындағы жыныстық инстинкт факторы деп есептейді. Мораль, философия, білім, дін, өнер, адам болмысындағы жыныстық фактордың нәзік көріністері ғана. Мұндай психологиялық-сараптамалық көзқарастың иесі Сигмунд Фрейд деген ғалым. Осылайша адамзаттың сезім мен заттық сипаттары анықталынды. Осы пікірдің негізінде адамзат өзін қор санап, Раббысын ұмытты. Жаратқан Иесін өз болмысының басты мақсаты деп есептеуден қалды. Ақырында жаратылыстық болмысын, рухын жоғалтты. Ойлаудың осындай жүйесі бойынша қалалар үлкейіп, өскен сайын өркениетті адамның да өзін-өзі қор санауы да өсе түседі деп есептелінді. Ақырында өркениет техникалық прогрестің шырқау шегіне жетіп, небір машинаның түрін ойлап тапса да адамды жасап шығара алмады һәм шығара алмайды да. Аталған себептерге байланысты адамның құқығын таптап отырған Батыстың өзі деп айтуға болады.

Адам, оның болмысы туралы, мейлі, ол ер не әйел болсын, Батыстың жалпылама көзқарасы осындай қарама-қайшылықтарға толы. Жалпы адам туралы осындай керағарлы пікірлеріне қарамастан Батыстағы пргоресшіл жетекшілер әйелдің азаттығы һәм оның ермен тепе-тең болуы туралы сөз қозғамай жатып, жалпы адам құқықтары туралы әңгіме айтудың өзі мүмкін емес нәрсе деп санайды. Олардың ойларынша әйел бостандығы он жетінші ғасырдан айтыла бастаған адам құқығы туралы мәселенің толықтыратын ажырамас бөлім. Олар әйел бостандығын қалпына келтіріп, құқық жағынан ермен тең қылу арқылы жанұялық мәселелердің бәрі оп-оңай шешіле салады деп долбарлады. Өйткені, олардың ойларынша, барлық жанұялық мәселелер әйелдің тәуелділігінен, ермен тең болмауынан шыққан. Осы тақырыптағы пікірталастардың өзегі әйелдің ер адамның серігі һәм толық адам екендігі туралы болды. Сондықтан да ол ермен бірдей салтанатты өмір сүруі тиіс.     Әйел бостандығы, ермен теңдігі туралы үндеуге түрткі болған себеп-салдарларға қарамастан, расында бұл үндеу әйелдің мүддесі үшін, оған жанашырлық үшін болған емес-ті. Кейбір адамдар айтып жүрген «жоғалған әділдікті» іздеу үшін де көтерілмеген еді. Батыстың осы бір мәселені қоюының мән-мағынасына терең назар аударсақ, оның түгелдей теріске шығаруға да, түгелдей қабылдай салуға да болмайтын мәселе кендігін көреміз. Мысалы, әйел бостандығының адам құқықтарының ажырамас бөлігі екендігіне ешбір дау жоқ. Мұнда бір шарттың орындалуы міндетті, ол – әділдікті сақтау. Осы шар арқылы әділдік пен теңдікті ара-жігін анықтап алуға болады. Теңдік ұғымы әрдайым әділдікті білдірмейді. Кейде ер мен әйелдің арасындағы табиғи жаратылыстық тұлғалық ерекшеліктерді ескермейтін болсақ, теңдіктің өзі, керісінше, қиянатқа айналып кетуі ықтимал. Сондықтан да бостандық мәселесі әйелдің адамдық болмысын нақтылап, әйелдік қасиеттерін назардан тыс қалдырмайтын болса ғана құқықтардың қалпына келтірілгеніне куә болар едік.

Алайда батыстықтардың пікірлері әділдік пен теңдіктің айырмашылығын ұмыт қалдырды. Ер мен әйелдің тұлғалық ерекшеліктерін де ұмытып, оларға ешбір мән бермеді. Бар болғаны абсолюттік құқық пен абсолюттік теңдікке бас ауыртып, соны басшылыққа алды. Сондай-ақ, «өркениет көшбасшылары» бостандық пен теңдіктен өзге де факторлардың бар екендігін ескермеді. Расында бостандық пен теңдік қажетті шарттар болғанымен жеткілікті емес-ті. Құқықтардың теңдігі бір нәрсе болса, ал оларды бір-біріне ұқсату басқа мәселе. Әйел мен ердің құқықтарының материалдық, мағыналық құндылықтары жағынан теңдігі бір нәрсе болса, ал оларды ұқсату, ұқсатуға тырысу басқа мәселе. Батыстықтардың ту етіп көтерген әйел бостандығы туралы мәселесінде осы аталған жайттардың барлығы да назардан мүлде тыс қалған. Шындығында мұндай салғырттық асығыстықтың салдарынан емес, әйел бостандығы, теңдігі атты ұранды өз мүддесіне жаратуға деген құштарлықтың салдарынан мақсатты түрде, әдейі жіберілген.

Мұндай мүдделердің астарында капиталистердің, ірі өндіріс қожайындарының әйелдерді үйден шығарып, заводқа, өндіріс орындарына тартып, олардың экономикалық күштерін пайдалану жатты. Сол үшін де олар «әйел құқығы», «әйелдің экономикалық дербестігі», «әйел бостандығы», «әйел құқығын ердің құқығымен тең қылу» деген сияқты жалған, жылтырақ ұрандарды жалау етіп көтерді. Сол замандарда капиталистердің мемлекетке, заңға тигізетін ықпалы зор болатын. Сондықтан да олар алға қойған мақсаттарының барлығына оңай түрде жете алды. Расында көтерілген мәселедегі ең басты құрбан әйелдің өзі еді. Жалған ұрандарды жалаулатқан шонжарлар көздеген мақсаттарына жетіп, әйелге бостандықтың орнына бұғау үстіне бұғау сала берді. Шын мәнінде олар «теңесудің» орнына «ұқсау», «теңдіктің» орнына «дәл ер сияқты болу» деген ұғымдарды қойған еді. Соның салдарынан әйелдің адамдық қасиетін бірден-бір басшылыққа алу, оның әйелдің қасиеттерінің мүлде ұмытылуына әкеп соқтырды.

Әйелге теңдігі мен бостандығын әпереміз деп ұрандатқан батыстықтар оны жақсы жалақымен қызықтыру арқылы ауыр еңбекке салып, әйелдік қасиеттерінен жұрдай етумен ғана шектелмей, тұтынушының шаһуатын қоздырып, тауарға деген тәбетін ашатын басты қақпан ретінде пайдалануды да бастады. Пайдаға құныққан бай өндірістің көбеюінің тұтынушының сұранысының көбеюімен тікелей байланыстылығын жақсы түсінді. Сондықтан да өнім көбейген сайын тұтынушының сұранысы да көбеюі бек ләзім. Олай болмаған жағдайда зауыттар мен станоктар жұмыстарын тоқтатады. Өндіріс күн өткен сайын өсе түсуде. Расында өнім сұраныстан анағұрлым көп болды. Үлкен пайдаға кенелуді көздеген ақылдылар бұл жолы да әйелді өз мақсаттарына пайдалана алды. Бұл тұрғыдағы әйелдің рөлі станоктардың рөлінен асып түспесе, кем түспейді. Бұл жолы әйел өзінің сиқырлы күшімен, ой-сананы баурап алатын сын-сипатымен, сымбатты тәнімен, нәзік қозғалысымен, тартымдылығымен тұтынушыны азғырудың басты құралына айналып шыға келді. Осы әрекеттердегі мақсат жарнамалық, коммерциялық, көрінетін, естілетін, оқылатын барлық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыны тауарға қарай тарту. Әрине, осының барлығы «әйелдің бостандығы һәм ермен теңдігі» деген ұранның көлеңкесінде жүргізілді.

Сондай-ақ саясат та осынау ықпалды факторды қолдануды естен шығармады. Аталған жалған ұранның негізінде әйел еркектің мүдделеріне қызмет ететін құралға айналды.

Уол Дюрант өзінің «Философияның бақытты сәттері» атты кітабында француз революциясына дейінгі әйелді төмен санайтын Аристотель, Ницше, Шопенгауерлердің пікірлері мен иудаизмнің қасиетті кітаптарынан алынған ойларға шолу жасай отырып әйелдің теңдігінің тарихы туралы былай дейді: «1900 жылға дейін заң ер адамға әйелді құрметтеуді мәжбүрлей алмайтын. Әйел бостандығы технологиялық төңкерістің әсерлерінің бірі болды. Әйел жұмысшылар ер жұмысшылардан аз жалақы алатын. Өндіріс иелері көнбістіктері үшін әйелдерді көп ереуіл жасайтын ерлерден артық санайтын. Тіпті, бұдан бір ғасыр бұрын Англияда ерлер үшін жұмыс табу қиынның қиыны болатын. Сол уақыттарда ерлерге әйелдері мен балаларын зауытқа жұмысқа жіберуге үндейтін жарнамалар көбейп кетті. Әйел бостандығы туралы алғашқы қадам 1882 жылғы заңда жасалынған болатын. Осы заң бойынша Ұлыбритания әйелдері бұрын-соңды болмаған құқықтарға ие болды. Әйелге өзі тапқан ақшасын өзінің пайдалануына құқық берілді. Бұл христиандық-моральдық заңды Англия әйелдерін зауыттарға көбірек тарту үшін өндіріс қожайындары парламенттің жалпы палатасында қабылдаған еді. Сол уақыттан бастап қазірге дейін пайданың жаңа жолдарын іздеу әрекеті әйелді үйдегі азаптан құтқарып, оның орнын дүкендер мен зауыттардағы азапқа ауыстырды».

Содан кейінгі әйел үшін үлкен қасірет жиырмасыншы ғасырдың келуімен басталды. Бұл ғасыр да қоғамның жартысының «бостандығы мен теңдігін» әперуге күш салып, «жоғалған хақтарды» қалпына келтіруге тырысты. Осы бір «қасиетті күреске» лайықты үлесін қосу үшін барлық қоғам «әйелдің бейшаралығына» крокодилдің көз-жасын төгіп, оның ерден көрген қиянатына өксіп жылаумен болды. Үйлену үрдісіндегі қалыптасқан салт-жоралғылардың, құндылықтардың көзін құртып, әйелді оп-оңай әрі тегін олжалаудың орайы, үйлену жасын қырыққа дейін шегеру немесе ғұмыр бойы бойдақ қалдыру жолдары назардан тыс қалмады.

Алданазаров Жанибек, 
Алматы облысы, Қарасай ауданы,
Жармұхамбет ауылдық «Жармұхамбет» мешіттің Бас имамы.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.«Құран Кәрім» Халифа Алтай, Сауд Арабиясы 1991 ж.

2.«Ер мен Әйел» Ариф Абдулфаттах Таббара, Казан 2006 ж.

3.«Әйел мәселесі» Ибраһим Әбу Мұхаммед, Каир 2005 ж.

4.«Әйелдің бақыт жолы» Файзулла Тайтелиев, Шымкент 2011 ж.

5.«Ақ неке» Қазыбек Байсопы, Гүлбаһрам Жебесін, Алматы 2008 ж.

 

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS