Исламдағы адам құқығы

Ислам діні пайда болмастан бұрын, Араб елінде надандық (джахилия) кезеңі еді. Біздің заманымыздың VII ғасырының басында Арабия түбегінде өмір сүрген араб тайпаларының арасында қарама-қайшылықтар орын ала бастады.

Олар өзара бір-бірімен соғысып тыныштықты бейбіт жатқан халықтарды қанай бастады. Халықтың тұрмысы нашарлады, шейхтар мен сайдтер ең құнарлы жерлерді иемденді. Құлдардың саны көбейіп кетті. Қылмыс және тәртіпсіздікке жол ашылды. Ислам дінінің келуіне дейін көптеген діндер болды. Ру, тайпалар пұттарға, әртүрлі мүсіндерге табынатын. Сонымен қатар, бір әулетте қыз бала туылса, қыздарын жерге тірідей көметін еді.  Оған Омардың (р.а) надандық кезеңіндегі айтқан: «жылайтын себебім – дейді екен сұрағандарға. Ол кезде араб халқы қыз баладан обадан бетер үрейленетін. Тіпті қыздары төрт-бес жасқа келгенде тірідей жерге көметін. Осыны ойласам жылағым келеді. Ал күлкім келетін себебі: халық қамырдан пұт жасап, оған табынатын. Қарындары ашса жасаған пұттарын өздері жеп қоюшы еді» деген сөзі бірде-бір дәлел болып табылады. Осы арада әлеуметтік-экономикалық дағдарыста жаңа қоғам қалыптаса бастайды. Бұл қоғамның ұстанған негізгі идеологиясы бара-бара дамып, жан-жағындағы халыққа таралып, салт-дәстүрлік негізі қалыптаса бастайды. Бұл салт діни нанымдық түр ала бастайды.

Жаңа діни наным – Исламның қалыптасуы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) (570-632ж.) атымен байланыстырылады. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) жаңа тәртіптің қалыптасуын жариялайды. Себебі сол арқылы халықтардың арасындағы қайшылықтарды, шиеленістерді шешуге жағдай туғызған. Барлық арабтар бір ұлттылыққа жиналуды шақырады. Олардың басшысы болып, Құдайдың жолын уағыздаушы, соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) тағайындайды. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) барлық азаматтық және қоғамдық құқықтар Алладан бастау алатынын ескертіп, құқықтардың қорғалуы мәселесіне өз үлесін қосқан. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) бүкіл өмірінде үнемі адам құқықтарын барынша қадірлейтін.

Жалпы адам құқығы дегеніміз – заңды билік тарапынан жеке тұлғаларға танылған, басқалардың құқығына зиянын тигізбей қалағанынша қоғамдық қатынастарда өз мүддесін жүзеге асыру, материалдық-рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету құқығы болып табылады. Құқық ұғымы сырттай заманға сай тұрғыдан қарағанда тек жеке және заңды тұлғаларға тиесілі болып көрінгенімен шын мәнінде Ислами тұрғыдан алғанда ол Алла тарапынан жаратылысқа берген құқық. Алайда, Алла осы құқықтарға өкілдік етуді адамдарға аманат ретінде берген. Бұл құқықтар кейбіреулерде белгілі бір мүдде, құзыреттілік енді бірінде аталған мүдделерден пайдалану немесе құзыретті қолдану құқығы ретінде жүзеге асады. Ислам діні бойынша Алла белгілеген құқықтар адамның Аллаға құлшылық міндеті мен қоғамдық құқықтарды түгел қамтиды. Мүліктік құқықтар, еңбек кұқықтары, ой мен іс-әрекет еркіндігін қамтитын құқықтар жеке тұлғаның азаматтық құқықтары деп аталса, ал мүдде, пайда, мәміле тұрғысынан жеке адамға да, қоғамға да қатысты құқықтар ортақ құқықтар деп аталады. Ислам діні бойынша адамдар жарық дүниеге еркін болып келеді. Барлық адамдар құқықтық тұрғыдан бір-бірімен тең саналады. Ой еркіндігі, сөз бостандығы, ар-ождан еркіндігі адам баласының өзгермейтін табиғи кұқықтарына жатады. Нәсіліне, жынысына, ұлтына, тілі мен діни айырмашылығына қарамастан, барлық адам теңдей құқыққа және мүмкіндікке ие. Мұндай құқықтар адам табиғатына тән үлкенді-кішілі құқықтарды, сонымен қатар белгілі кезеңнен кейін пайда болатын түрлі құқықтарды қамтиды.

Алла өзінің адамзатқа берген құқықтырын нақтылап, егжей тегжейлеп, анықтау үшін өз елшісі ретінде жерге жіберген Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өз сөзімен де, ісімен де Құранда айтылатын құқықтық мәселелерді нақтылай түсті.

Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) ислам мемлекетін құрғаннан кейін жүзеге асырған алғашқы ісі жалпы құқықтарды қорғау еді. Осы кезден бастап, ислам тарихындағы адамдардың қолымен жазылған тарихи мәнге ие елеулі құқықтық құжаттар пайда болды. Олардың негізгілері:

1)Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.)  Мәдина қаласына көшкеннен кейін қабылдаған алғашқы құжаты. Бұл ислам тарихында «сахифа» деген атпен танылған.

2)Аллаһ елшісінің (с.а.с.) Меккенің алынуы күні оқыған хұтбасы. Онда адамның негізгі құқықтары мен міндеттері баяндалды.

3)Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қоштасу қажылығындағы хұтбасы. Онда негізгі жеті құқық бекітілді. Олар: Адам өмірі, мал-мүлік пен ар-намысқа қол сұғылмауға, зұлымдықты жою, теңдік, әйел адамдардың құқығы, аманатқа қиянат жасамау, бүлік шығармау.

4)Әбу Бәкірдің Усама ибн Зейдке жазған өсиеті. Онда пайғамбарымыздың (с.а.с.) бекіткен құқықтарының жүзеге асырылу жолдарын көрсеткен.

5)Омар ибн әл-Хаттабтың  Әбу Мұса әл-Әшғариғе қазылық ету мәселесіне жазған хаты. Онда қазылық қылу ережесі, шешім шығару жолдары қамтылған.

 

Алданазаров Жанибек,
Алматы облысы, Қарасай ауданы,
Жармұхамбет ауылдық «Жармұхамбет» мешіттің Бас имамы.

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS