ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ШӘКІРТКЕ МІНДЕТ

Білім үйрену – біздің дінімізде ең үлкен көңіл бөлетін және оны міндетті түрде орындауды талап ететін парыз болып табылады. Әр адам қысқа ғұмырында өзіне керекті мамандықты игеру үшін дүниәуи білім алады.

Ол өзінің осы дүниедегі нәпақасын табу үшін аса қажет. Ал, рухани ілім сол уақытша пәндеуи  біліммен қатар жүреді. Қалбының төріне иман ұялата алмаған адам келте ғұмырында «шықпа жанымның» ғана қамын жеп, өзімшіл өмірін сүреді. Өзімшілдік – қазіргі қоғамның басты дерті. «Өзіне өзі ғашық болу - адамның үлкен соры» - дейді Мұхтар Әуезов. 

Өз ұлты үшін жанын қиған ұлтымыздың бірегей ұстаздары бар. Ол – кешегі Алаш зиялылары. Қайсыбірін алып қарасақ та, алған дүниәуи білімінің нақ маманы бола тұра, ұлт мүддесін жеке басынан жоғары ұстап, қазақтың қанық тілімен қарапайым халыққа рухани өсудің бағдарын тынбай сілтеп отырған.  Екі дүниенің екі есебін тең ұстану – ұлағатты ұстаздың сыйпаты. Мысалы, Ыбырай Алтынсаринның «Қазақ хрестоматиясы» оқулығын білмейтін мұғалім кем де кем.  Алайда, оның «Шараитүл-Ислам» оқулығын бірі білсе, бірі білмейді. Сол хрестоматияның бастапқы сөзінде Ы.Алтынсарин «...Бұл кітапты құрастырғанда мен кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім» деп ағартушылық бағытты ашықтаса, «Мұсылманшылық тұтқасы» діни оқулығының кіріспе сөзінде «Ей, дін-қарындастарымыз, бізге ең әуелі керегірек іс – сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымызды» деп адамзат өркениеті ішіндегі қай мәдениеттің өкілі екендігімізді ескертеді. Ұстаздық – ұлы құрмет, асқан жауапкершілік.

Әуелгіде адам ілім үйрену үшін Жаратқанын танып, кемелдікке жетуге тырысады. Сол кемелдіктің кілтін көрсетіп, екі дүние бақытына жетудің ізгі жолын көрсеткен адамзаттың ұлы ұстазы – Мұхаммед Абдуллаұлы (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын).

 Ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Садақаның ең жақсысы - ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету (Имам Термизи)». Сол үшін бала үйретуден жалықпай ұзақ жылдар ұстаздық еткен тұлғаны сыйлау – әр шәкірттің асыл міндеті. Ұстазды құрметтеудің қайталанбас үлгісін бізге Алла Тағала өз айаттарымен білдірген:

«Уә, иман келтіргендер! Дауыстарыңды пайғамбардың дауысынан қатты шығармаңдар! Сондай-ақ, онымен тілдескенде, бір-біріңмен дабырлап сөйлескендей даурықпай ақырын сөйлесіңдер! Әйтпесе, жасаған игі істеріңнің зая кеткенін аңғармай қаласыңдар» (Хұджұрат сүресі, 2 – айат). 

Ұлы ұстаздан ((Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тікелей тәрбие алған сахабалар, олардың ізін басқан табиғиндер, ұлық имамдар мен Құран мен сүннетті басшылыққа алған хандарымыз бен билеріміз, ағартушыларымыз бен алаштықтар ұстазды құрметтеудің өзіндік бұлтартпас қағидаларын қалыптастырған. Сол әдептің бірнешеуіне тоқталайық:

1) Ұстазға  шәкірті жақындап, бірінші боп сәлемдесуі керек;

2)Ұстаздың алдында артық сөз сөйлемеген абзал;

3)Ұстазы сұрамаған нәрсені қозғап, бос әңгімені бастамау  ләзім;

4)Ұстаздың рұқсатын алып барып сұрақ қойған дұрыс;

5)Ұстазына «Ал пәленше былай деп айтқан» деп пікіріне қарсы болмау керек;

6)Ұстазыңа өзің біліп тұрған мәселеде айтысып, қателігін іздемеу ләзім;

7)Ұстаздың алдында жанындағы шәкіртпен күбірлеп сөйлеспеген абзал;

8)Ұстаздың бір қылығы шәкіртіне ерсі көрінсе, бірден тоқтау айтпай, Хызыр (ғ.с.) мен Мұса (ғ.с.) арасында болған оқиғасы сияқты, сол амалдың ақыры мен хикметін тосқан дұрыс;

9)Ұстаздың құзырында барынша тыныштық сақтап  отыру керек. Имам Шафиғи (Алланың оған рахымы болсын): «Имам Мәлік ұстазымның алдында мен кітаптың парағының өзін өте сақ және үлкен абайлықпен аударатынмын» деп айтқан;

10)Ұстаз орнынан тұрса, шәкірті де орнынан тұрғаны абзал;

11)Ұстаздың атын атамай «Ұстаз» деп құрмет көрсеткен дұрыс.

Жоғарыда көрсетілген әдептерді сақтаса, білім алушының амалына береке қонып, адамгершілік қасиеті артады. Ал, керісінше, ұстаздың тұлғалық мәртебесіне ізет көрсетпеген шәкірттің білімі тек қана нәпсілік қызығушылық деңгейінде ғана қалады. Шайтан да білімді. Алайда, Аллаға итағат етпегені үшін адасты, адам баласын мойындамағандығы үшін лағнетке ұшырады. Әйтпесе, Әзәзіл де кезінде періштелерге дәріс берген ұстаз. Яғни, білімнің бойға береке болып сіңудегі маңызды қағиданың бірі – ұлағатты ұстазға барынша құрмет көрсету болып табылады. 

Кез-келген мықты педагогтың өзі пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тәлім-тәрбие берудегі кемелдігіне таң қалар еді. Алланың ардақты елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сол кездегі жаңа қоғамның кірпіштерін қалауда тәлім беріп,  бұқара халықты тәрбиелеуден жалықпады. Оның нәтижесі де ұзаққа созылмады. Тағы өскен араптар адамзат өркениетінің алдына шыға келді. 

ХХ ғасырда қазақ қоғамы ғасырлар бойы жалғасқан ұрпақты тәрбиелеудің осы бір киелі дәстүрінен кесіліп қалды. Дүниәуи білімді әбден игеріп алған заманауи жас тұлғаларға Алланың разылығын алатын амалдары, халқының алғысын алатын ізгілікті істері кейде кем болып жатады. Береке содан қашады. Сол үшін алар білімнің басына имани ықылас аса қажет. Ұрпақ тәрбиесіне  қатысты сүбелі үлесін қосып жүрген қазіргі қоғамның ұлағатты ұстаздары білікті имамдармен тізе қосып, балалардың дүниәуи-танымдық пәндеріне имани сауаттылықты қоса пайдаланса, азғантай уақыттың ішінде алаш қонған тұлғалардың жайлайтындығына сеніміміз мол.  

 

Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлы

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS