Исламдағы педагогика

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Адамзаттың асылы, екі жаҺан сардары, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын. 

 

Ислам - адамдардың осы дүниеде тыныштық пен еркіндікте өмір сүрулерін, ақыретте мәңгілік бақытқа қауышуларын қамтамасыз ететін қағидалар жиынтығы. Ислам өз бойына барлық жақсы қасиеттерді жинаған. Барлық бақыт пен жақсылық та сонда. Ислам саналы адам баласы сөзсіз қабыл ететін негіздер мен рухани құндылықтардан  тұрады. Ислам адамдарды бір-бірін жақсы көруге, бір-біріне жәрдемдесіп, бауырларша өмір сүруге шақырады. Алла Тағаланың бұйрықтарын құрметтеуді, бүкіл тірі жанға мейірімді болуды бұйырады.

 Алла тағала қасиетті Құранның Тин сүресінің 4 аятында «Шын мәнінде адамды ең көркем бейнеде қадірлі етіп жараттым» дейді. 

Адам баласының жаратылысының өзі қадірлі болса, оған берілетін және одан талап етілетін тәлім-тәрбиенің маңызы қандай жауапты десеңізші!? Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мүбарак хадисінде «Мен тек жоғары мінез-құлықтың үлгісін көрсету үшін жіберілдім» деп, бұл дүниеге келу мақсатын нақтылай түседі.

 Ислам педагогикасы адам баласының дүниеге шыр етіп келгенінен бастап, өткенге дейінгі аралықтағы  қажетті бүкіл тәлім-тәрбиесін қамтиды. Абай атамыз «Құдай адам етіп жаратып, адам деп ат бергеннен кейін қалай надан болайын» деген.

 «Мықтылық дегеніміз әдемі тұрмыс құрып, бақытты ғұмыр кешу емес, қоржын арқалап жүрсең де адамдылығыңды жоғалтпау» деп, еш нәрсеге қарамастан адам болып қалуды Оралхан Бөкей атамыз өлең шумақтарымен өрнектеп кеткен.

Ал Құранның Исра сүресінің 23-24 аятында: «Раббың басқаға емес, тек өзіне құлшылық етуді және әке-шешеге жақсылық жасауды бұйырды. Олардың біреуі немесе екеуі де өз қолыңда қартайса, оларға «үф» деме, (кейіме), екеуіне зекіме әрі сыпайы сөйле, екеуіне кішіпейілділікпен мейірім құшағыңды жай да «О, Раббым, ата-анамды мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей, сен де оларды өз рақымыңа бөлей көр» деп Ислам педагогикасының негізгі ұстынын нақтылап берген. 

«Бір Аллаға сыйынып,кел балалар оқылық» деп жырлаған педагог Ыбырай атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады. Себебі ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да қоғамға да пайда келтіре алмайды» деп, негізгі педагогиканың исламнан бастау алатынын айқындап, негіздеп кеткен.  

Мағжан Жұмабаев атамыз өзінің «Жалпы педагогика» еңбегінде тәрбие төрт түрлі болады деген. Олар: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын, көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін,дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззәт алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала аурулы, зағып болса, баладан емес,тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззәт ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі-шын дұрыс мәтел. Ақын, педагог Мағжан атамыздың еңбегінде айтылған осы тәлім-тәрбиелер, Ислам педагогикасымен тығыз сабақтасып, тәрбиешінің бойында ислами әдеп пен имани тәлім-тәрбиенің көрініс табу керектігін көрсетеді. Өйткені, атақты әл-Фараби бабамыз «Әдепсіз алынған білім-адамзаттың қас жауы» деген. Әдепке қатысты барлық рухани, тәни тәлім-тәрбиелер Ислам педагогикасында толық қамтылған.

Әрине, Ислам педагогикасы туралы айтылатын болса, жазылатын дүние өте ауқымды және өте нәзік. Себебі Ислам педагогикасы адамның бұл дүниелік тәлім-тәрбиесін ғана қамтымайды, сонымен қатар екі дүниеде бақытты болуын қамтамасыз ететін құндылықтар мен әдептерге өте бай. 

Міржақып Дулатұлы атамыз: «Оқудағы мақсат-жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру»

«Дін-ғылымның  анасы,

Дін-ғылымның әкесі.

Ғылым-діннің баласы,

Дін-ғылымның  көкесі.

Ғылым да бар, дін де бар, 

Қоқыс та бар, гүл де бар.

Қол ұстасып Құдайға,

Ғылым мен дін бірге бар» деп жырлаған ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев атамыз, дін мен ғылымды бірге меңгергенде адамның толыққанда кемел адам болатынын айтып кеткен. 

Исабаев Р.А.
Жаңалық мешітінің имамы

 

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS