Мешіттің қоғамдағы орны

   Мешіт – пендені имандылыққа баулитын, барлық жақсылықтың тоғысқан қасиетті сүйіспеншілік мекені. Бір ғұлама «Өмір – мешіттің ішінде, мешіт – өмірдің ішінде»,деген екен. Жалпы айтқанда, мешіт пен өмір – егіз ұғым.

      Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Мешіт қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орын. Адамның туғанынан бастап өмірден өткенге дейінгі діни рәсімдер мешітте өткізіледі. Мәселен, балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сынды көптеген діни рәсімдер мешітте орындалады.

    Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нұрлы шаһар Мәдинаға көшкен кезде алғашқы қолға алған ісі – мұсылмандардың басын қосатын мешіт салу болды.

Құран Кәрімде және хадистерде мұсылмандардың құлшылық жасайтын мекені әрі пенде мен Раббысы арасындағы байланысын арттыратын орын «мешіт» деп аталған. Осылай аталуының өзіндік себебі бар. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:«Құлдың, Раббысына ең жақын сәті сәжде жасаған кезі»  деп атаған. Демек мешіт пендені Раббысына жақындататын қасиетті орын.

Қасиетті Құранда:

 «Күмәнсіз, жер бетінде адамдар үшін ең алғаш салынған үй – Меккедегі Қағба. Ол – берекенің қайнар көзі, күллі адамзатты тура жолға бастаушы һәм бет бұратын құбыла»[ «Әли-Имран» сүресі, 96-аят.].

 

    Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағалаға елді мекеннің ең көрікті жерлері – мешіттер»-деген.

 

    Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Аспанды жұлдыздар жарық қылғаны секілді, мешіттер де жер бетіне өзінің нұрын шашып, жарық қылады».

   Имам Науауи (р.а.): «Қалалар Аллаға мешіттерімен сүйікті. Өйткені мешіттер Алланы еске алу үшін, тақуалық пен ізгі амалдарды егуге арналған Алланың рақымы түскен мекен» деген.

Қазақ халқында: 

Аллаға жағайын десең, азаның болсын,

Халыққа жағайын десең қазаның болсын-,деген.

– Ата Заңымыздың 1-бабында мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені көрсетілген. Осы ретте мешітте адам тағдырына, атап айтар болсақ отбасылық кеңес, бала тәрбиесі, некелесу және басқа да мәселелерге қатысты кездесулер, дәрістер өтетінін айрықша атап өтуге болады. Сондай-ақ, мешіттер мемлекет тарапынан қолға алынған отбасы институтын дамытуға айтырлықтай үлес қосуда. Мешіт – өмірдің ең өзекті мәселелері шешілетін қасиетті орын.

   Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көпбалалы отбасылар мен көмекке мұқтаж адамдарға көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ, мешіттер де халыққа қызмет етіп, мұқтаж жандарға қайырымдылық көмектерін аямауда.

   Мешіт – қайырымдылық мекені. Қаншама жандар мешіттерден аз-кем көмек ала отырып өмірге деген құлшынысы артып, үміттері қайта жалғанып жатады. Жолда қалғандар мен қарызға батқандар, науқастанған жандар мен көпбалалы отбасылар аз да болса Алла үйінің шарапатына бөленуде.

    Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлың бастамасымен  «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясын  , «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. 

    Мешіт есігі рухани біліммен сусынданамын деген кез-келген жанға ашық. Алланың үйі мұсылман баласының риясыз құлшылық жасайтын рухани ордасы болуымен қатар оның жан-жақты ілім алуына да көмектеседі. Ұлтымыздың болашағы үшін шыбын жанын құрбан еткен кешегі Алаш арыстары мен халықты діни ағарту ісінде ерен еңбек еткен Абай мен Шәкәрімдердің мешіт-медресе қабырғасында ілім алғаны сөзіміздің айғағы.

Мешіт пен діни сауат ашу курстары – тәрбие мектебі. Құлшылық үйінен тәлім алған азамат отбасы мен Отанына әсте опасыздық жасамасы анық.

Халқымызда «Азаны бар ауыл – азбайды» деген нақыл бар. Мешіт – барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Ол құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, бірлік пен берекенің ошағына айналуда. Тәуелсіздік алған жылдары еліміз бойынша мешіт саны небәрі 68 болса, бүгінде ол 2700-ге жетті. Аллаға сансыз шүкір!

   Құранда Алла тағала былай дейді: «Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады. Міне олар шын мәнінде тура жол тапқандар» [ «Тәубе» сүресі, 18-аят.].

 Аллаға шүкір әрбір облыс, қала мен аудан орталықтарында, кәсіпкерлер мен ізгі ниетті азаматтар қаражатына, сондай-ақ мұсылман елдері демеушілерінің  көмегімен сәулеті келіскен мешіттер салынуда. 

Мешіт – қасиетті мекен, мұсылмандардың құлшылық жасайтын орны. Бірақ оны белгілі бір ру, тайпа өкілдері немесе ұлт меншігіне айналдыру – қате әрі қауіпті. Бұл – мұсылман үмбетінің ынтымағына сызат түсіретін көрініс. Мешіт – Алланың жердегі үйі. Оны кім салса да мұсылман халықтарының бірлігі мен ынтымағы, достығына қызмет етуі тиіс.

Мешіттердің қоғамдағы орны орасан зор. Мешіт Аллаға құлшылық жасайтын орын, әрі діни, қоғамдық орталық. Шетелдерден келген елшілер, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері де осы мешітке атбасын тірейді. Кейде бұл мешіт екі адам арасында туған дауға төрелік жасайтын билік орнына да, жоқ-жітік, міскіндерге жәрдем берілетін көмек үйіне де айналып кетеді. Халыққа насихат уағыз айтатын рухани орталық та осы мешіт. 

     Ислам тарихына үңілер болсақ, мешіттерде Құран ілімі, Тәпсір, Хадис, Шариғат ілімдерімен қа¬тар, медицина, математика, астрономия секілді жаратылыстану пәндері де оқытылғанын көреміз. Кейінірек мешіттер жанынан медресе, қайы¬рымдылық үйі секілді қосымша ғимараттар салынып, мешіттердің Алла тағала үйлерінің ғылыми институтқа айналғанына куә боламыз. Мешіт - бірлік пен ынтымақтың, имандылық пен бауырмашылдықтың рухани қайнар көзі. Мешіт - кез келген мүмін, мұсылманды тіліне, нәсіліне, ұлтына қарап бөле-жармай бастарын бір жерге тоғыстыратын құтты мекен. Ендеше, мешіт салынса, осы мақсатпен салынуға тиіс. 

Турекулов Сапархан Айдарханұлы,
Еңбекшіқазақ ауданының бас имамы.

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS