Құран үйретудің артықшылығы

 Барлық болмыс атаулы мен таңғажайып ғаламның жаратушысы Аллаһ тағала Ислам діні арқылы діндерді толықтырып, кемеліне келтірді. Адамзаттың бақыты үшін Құран Кәрімді түсірді.

Құран аса дана һәм шексіз рақым иесі Хақ тағала тарапынан түсірілген адамзатты шынайы бақытқа жетелейтін, қияметке дейін бірде – бір әрібі өзгермейтін мәңгілік мұғжиза. Құран – Жаратқанның тура жолы әрі хаққа бастар нұр. Аллаһ Тағала бізге қасиетті Құранды оқуды әмір еткен.

Құранда: «Құраннан оқи алатындарыңды оқыңдар»(Мүзәммил, 20) деп айтылса, Әбу Умәмә риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді»(Мүслим) – деген.

Келесі хадистерде Құранды оқудың қандай сауап екендігі айтылады:

«Кімде – кім Аллаһтың кітабынан бір әріп оқыса – бір сауап, ал бір сауап он сауапқа тең. Әлиф-ләм-мим («Бақара» сүресінің басы) бір әріп деп айтпаймын, әлиф бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп»                            (Тирмизи (Абдуллаһ ибн Масғуд риуаят етеді)).

Яғни, әлиф-ләм-мим үшеуі үш бөлек әріп болып есептелгенде, үш сауап, ал үш сауап отыз сауапқа тең болады. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс айтуға машықтанған әрі аяттарға амал еткен мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын бізге мүминдердің анасы Айша риуаят еткен хадистен көреміз:

«Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады, ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады»- деп Құранды шеберлікпен оқитындармен қатар, қиналып ежелеп оқитындарды да қатар сүйіншілейді.

 (Бухари, Муслим, Әбу Дәуіт және Тирмизи).

Құранды үйрету және жаттау «уәжіп кифаяға» жатады. Яғни, мұсылмандардың кейбірі үйретсе, бұл міндет жалпы үмбеттің мойнынан түседі. Керісінше жағдайда үмбеттің барлығы күнәһар болады. Пайғамбарымыз еш уақытта сахабаларға Құранды жеткізу және үйрету ісін кідіртпеген. Себебі, Аллаһ Тағала оған былай деп әмір еткен:

«Уа, Пайғамбар! Саған Раббың тарапынан түсірілген нәрсені жеткіз! Егер бұны істемесең, онда елшілікті жеткізбеген боласың»(Маида 67).

Құран кәрімді үйрену, үйрету және оқу үлкен сауап. Құран кәрімді тәжуидке (дұрыс оқу қағидаларына) сай үйрену керек және күнде аз болса да оқып тұруға тырысу керек. Құран кәрімді оқу сүннет, ал тыңдау парыз. Яғни тыңдаудың сауабы көбірек. Мусхафқа (Құран кәрім кітабына) қарап оқудың сауабы одан да көбірек. Бұл жөніндегі хадис шәрифтердің кейбірлері төменде:

«Құран үйренген және үйреткендер – араларыңдағы ең қайырлыларың.» (Бұхари)

 «Құран оқылған жерге мейірім мен берекет жауады.» (Бұхари)

«Кімде-кім бір аят үйренсе, бұл аят қияметте оған нұр болады.» (Дарими)  Құран оқу арқылы адамның санасы мен жүрегі нұрланады. «Денең – жан нұрлы болса жөнделмек» - деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай жаны саудың тәні де сау болмақ.

Он сегіз мың ғаламның иесі Алла тағаланың кітабы болғандықтан Құран Кәрімді оқып-үйренудің маңыздылығы мен өзектілігі ерекше. Пайғамбарымыз (с.ғ.у) бір хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйренгендеріңіз және үйреткендеріңіз, – деген. Сондықтан Ислам дінінде бұл қасиетті кітапты үйрену де, оны өзгеге оқыту да мәртебелі іске жататыны даусыз.                

Сондай-ақ баласы Құран жаттаған ата-анаға Қияметте Алла Тағала тәж кигізіп, абыройларын асқақтататыны ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған.

Осыны ескеруге тиіс ата-ана баласына ерте жастан Құран оқуды үйретуі керек. Өзі үйрете алмаған жағдайда Құран үйрететін мешіттердегі дәрістерге қатыстырып, немесе медресеге беріп оның Алла сөзінен тәлім алуына жағдай жасауы тиіс. Мешітке жиналып Алланың сөзін оқудың сауабы мен артықшылығы төмендегі хадистен анық байқалады:

«Алланың үйлерінің бірінде қандай да бір қауым жиылып, Алланың Кітабын оқып, оны өзара бір-біріне үйрететін болса, оларға міндетті түрде тыныштық түседі (жандары жайланады), Алланың мейірімі оларды баурап алады, оларды періштелер қоршап, Алла Тағала бұл құлдарын өз қасындағылардың алдында еске алады». Бұл туралы қасиетті Құранда: «Әрине, Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгесілмейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады. Өйткені Алла, олардың сыйлықтарын толық беріп, әрі өз кеңшілігінен артылтып береді. Әрине Ол, Өте жарылқаушы, Аса қадыр білуші» («Фатыр» сүресі, 29-30 аяттар), — дейді.

Алла Тағала баршамызды Құранды оқып және оны үйретуде аянбай қызмет етіп мол сауапқа кенеліп, Өзінің ризалығын алуды нәсіп етсін!

Кеген ауданының бас имамы Сыгаев А.С.

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS