"Шайтан жәннаттан ғылымсыздығынан қуылған жоқ, мінезінен қуылды. Ұлтқа қызмет ету мінезден"

Әлихан Бөкейханов. 

 21 ғасыр озық технология заманы болғанымен қарапайым адамгершілік қағидалары құрдымға кете бастаған дәуір деп әлем психологтары дабыл қаға бастағаны жасырын емес.  Технологиясы ең дамыған Жапонияда суицид пен жантүршігерлік қылмыстар, азғындық та қатар "дамып" кеткен.  

Еуропа ғалымдары қазіргі тәжірибелерді ескере келе әр ұлт өзінің тарихи тамыры,  яғни дәстүрлі білім бұлағына қайтып оралмаса жастарды қазіргі азғындыққа жаппай лап берген қарқынынан қайтару мүмкін емес екенін болжап отыр.  Қазақ халқының дәстүрлі білім бұлағы сөзсіз Ислам құндылықтарымен тікелей байланысты.  Қазақ даласының негізгі заң қағидаларын қалыптастырған адамдар да атақты ғұламалар болған.  Тіпті Шыңғыс ханды ақ киізге көтерген он екі бидің он екісі де әулие-ғұлама болған деседі.  Соның бірі-Майқы би.  Қазақ:  түгел сөздің түбі бір,  түп-атасы — Майқы би.  Сол би атамыздан: "Жалқау адам тер қадірін білмес,

Жетесіз жігіт ел қадірін білмес" деген секілді Пайғамбарымыз өсиет қылған құнды адами мұралармен сабақтас билік сөздер мирасқа қалған.  Осыдан он шақты жыл бұрын "Бабалар мұрасы"   сериясындағы 100 томдық жинақта "Діни дастандар"  жеке бірнеше кітап болып жария етілді.  Сол кітаптарда қаншама Ислам ғұламаларымен,  Баязит Бистами секілді аты мәшһүр әулиелердің хикаяларын қазақ ақын-жыраулары жырлаған нұсқалары жария етілді.  Егер сол әдеби мұрамыз кітапта ғана емес,  мектеп-медресе,  жоғарғы оқу орындарында оқу бағдарламасына енсе,  сөзсіз жастарымыздың ой-санасына әсер етіп,  мінез түзерлік ғылым болар еді деп ойлаймын. Әл-Фараби бабамыз:  балаға бірінші білім берме,  тәрбие бер,  деген.  Тәрбиені кім береді?  Ұлттық мұрамызға нәрі қанған адам ұстаз бола алады.  Сондықтан ислам құндылығын жырлаған қазақ ақындарының шығармаларын қазіргі дін және ғылым тақырыбымен терең байланыстыру қажет деп есептеймін.  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының отыз томмшығармасының өзі колледж студенттерін екі жыл рухани азықтандыруға жеткілікті  емес пе?  Терең ғылым қайдан шығады?  Әрине,  сау ақылдан.  "Анық ғылым жүрекке біткен — өнер,  ғылымдының барлығы соған төнер",  демей ме Шәкәрім қажы.  Пайғамбарымыз:  Шындықта Құдайдан қорқатындар олар — ғұламалары",  дейді." Құдайдан қорықпағаннан қорық",  дейді қазақ.  Қылмысты,  азғындықты да Құдайдан қорықпағандар жасайды.  Егер жастарымызға конфессиялдық,  теологиялық, рухани ілім егер ана тілімізде жырланған әдеби шығармалар арқылы танытылса,  міндетті түрді діннің рухани бастауы Құранға келеді деп сенемін.  

Данышпан Абайдың Қара сөзіндегі аса бір күрделі тарауы - 38-сөзінде: Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады...  Ғылым - Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса, мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімінің хақиқаты табылмайды… Ғылым, білім хақиқатқа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық болумен табылады, дейді. Мінеки, осындай ойларды көлденең тартып, талдап береді. "Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малды сарып қылып, ғылым іздемекпіз. «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге»-  деп, кесіп айтады.

«Айтса ғалым қандай хат, Дәлелсіз болса, бәрі ағат». Осы ой, осы пікірлердің дәлелі, бұлтартпас айғағы аят пен хадисте тұнып тұр. Бұл сөздің бәрін түсіну үшін, ғылым жайлы айтылған Пайғамбарымыз ҒСУС-нің сөздерін дер мағынасында ұғу үшін әуелі мына нәрсені білу керек - ғылым деген ұғым ежелден Алланың бір сипаты ретінде, яғни рухани ілім ретінде, жан азығы, рухты сусындатып, өсіретін, рухты көркейтіп, сұлу сырға қанықтыратын Ақиқаттың нұры ретінде түсіну керек. Ал қазіргі біздің «ғылыми-техникалық прогресс» деп жүргенімізді ежелден ғалымдар өнер деп атайтын, яғни қолданбалы ғылым, мың сан түрлі салаға жіктелетін пән деп түсінген. Ол пәннің сала-саласын түгел меңгеру мүмкін емес, ол миллион түрлі сала-салаға жіктелген пәндердің бәрін білуге адамның өмірі де жетпейді. Ал "ғылым үйрену - фарыз" дегенде рухани ғылымды игеруді айтады. 

Міне, ғалымдардың дәрежесі пайғамбарлармен бірдей болады дегенде осы рухани ілімді үйренуші, осы ілімді таратып үйретуге бүкіл ғұмырын арнаған ғалымдарды айтады, адамзатқа жол көрсетуші рухани ұстаздарды айтады. 

Сол ілімді үйренушілер туралы Хз Мухаммед ҒСУС (16-хадис) 

қолә ъалейћис-сәләәму: инн(ә) - Аллаћә таъәәлә уа мәләә'икәтәћу

уа әћләс-сәмәәуәти уәль арди уәль жибәәли  Шын мәнінде Ұлық Алла Т-ның Өзі де, оның сансыз періштелері, бүкіл аспан-жер иелері және таулар да,

Хаттан-нәмләтә фий хужрийћә уаль хийтәәну филь мәә-'и

Тіпті ұядағы құмырсқа атаулы, судағы балық атаулы

Уәль ъаршу уәль курсий-йу, уәль-ләуху уәль қаләму

Неше қабат аршы аспаны, таңғажайып сырға толы Ләухі-Күрсі әлемі де,  Алланың құдірет Қаламы да,

Уа Жибро'илу уа Мийкәә'илә уа Исраафийлә қуллућум

Хз Жебраиль періште, Хз Микаил періште, Хз Исрафил періште - барлығы да 

Йусаллууна ъалә муъаллимун-нәәсиль ххайра

Адамдарға рухани ғылым үйретуші ұстаздарға Алланың рахметін тілеп, күні-түні дұға қайырады дейді.

Фий шәрәфиль ъильми, уа даражәтиһи лиль-ъалими, уәль мута-ъаллими уа мән әхәббәһум

Ғылымның шарапатының баяны, ғалымдар және ғылым үйренуші тәліптер жайында және оларды дос тұтушы хақында.

Қолән Нәбий-иу СҒС қолә: әнәә мәдийнәтуль ъильми, уа Ъалийун бәәбуһә

Хз. Пайғамбар бір  күні отырып: «Мен ғылымның қаласымын, ал Хз. Әли оның қақпасы»- дейді.

Фа-ләммә сәмиъәль ххауаарижу һәәзәль хадийСә хасаду уа ъалә Ъалий-ин РАА

Сонда Алланың дініне қарсы болып, жарық күннің бетіне перде жаппақ болған бір топ адам осы сөзді естиді де, Хз. Әли р.ғ. -дан бұл сөзді қызғанып, көре алмай, өзара күңкілдесті. 

Фәжтәмәъә хәәдиъ ъәшәрәту нӘфәрим-мин кубәә-риһим

Содан олар өз ішіндегі үлкен ақсақалдарынан, бетке ұстар оқымыстыларынан 11 адам шығарып, Хз. Әлидің білімін сынау үшін үйіне жібереді.

Уа қоолу нәс-‘әлу минһу мәс-‘Әләтән уаахидатан, фа кәйфа иужийбу ләна

Сонда олар Әлидікіне келе жатып: -Біз бәріміз одан бір сұрақ сұрайық- деп, алдын-ала өздері келісіп алады және әр біреуімізге жеке - жеке жауап берсін десті.

Фа-жәә-‘ә уаахидум минһум уа қолә: Ассаламуғалейкә, йәә Ъалий-иу!

Содан олардың біріншісі келіп:

 -Ассаламуғалейкүм, Иә Әли –деп,  сәлем берді де:

- әль-ъильму Әфдолу әмиль мәәли?

-Иә Әли!  Ғылым артық па, мал артық па?- деп сұрады.

Фа қолә Ъалийун: әль ъильму әфдолу!

Сонда Хз. Әли: -Әрине, ғылым артық - деп сыпайы жауап берді.

Қолә: би-әйи дәлиилин?

Келген оқымысты: -Дәлел келтір, -деді.

Қолә: әль ъильму мийрәәСуль әнбий-иәә-‘и, уаль мәәлу мийрааСуль Қаруунән 

уа һәмәнә уа Фиръауна уа шәддәәдә

Хз Әли айтты: -Ғылым - пайғамбарлардан қалған мирас, ал мал-мүлік, дүние байлық қарынбай, дүниеқоңыздардан, Перғауыннан қалған мирас,- деді.

Сосын екінші адам тұрып ол да жаңағы сұрақты қойды: 

-Иә Әли, ғылым артық па, мал артық па?

Хз Әли: -Әрине, ғылым артық

Келген адам: -Дәлелмен сөйле деді.

Хз Әли:

Қолә: әль ъильму йәхрИсукә уа әнтә тәхрисуль мәәлә

Ғылым сені мәңгі сақтайды, ал мал-мүлік сені мәңгі сақтай алмайды. Ғылым сені қорғайды, ал малды сен қорғайсың,- деді.

Сонда үшінші оқымысты келіп, ол да алғашқы екеуінің сұрағын қайталады.

- Кәне Әли, айтып жібер. Ғылым артық па, мал артық па?

Әли: -Әрине ғылым артық.

- Қандай дәлелің бар.

Хз Әли болса, айылын да жиған жоқ.

Қолә: Иннәль ъильмә ләә йуътийһ-Иләәһу, Иллә мән йухиббуһу

Уәль мәәлу йуътийһи ли мән йухиббуһу уа лимән лә йухиббуһу

- Шын мәнінде Алла Т екінің біріне ғылым нәсіп етпейді. Ал нәсіп етсе егер, өзінің сүйген құлына ғана ғылым береді, құдайдың сүйген құлы ғана ғалым болады. Ал мал-мүлікті, дүние-байлықты Алла Т сүйген құлына да, сүймеген құлына да нәсіп ете береді, -деді. Содан төртінші адам да сол баяғы сұрақты қойды. Әли тағы да әрине ғылым артық деп жауап берді.

-Дәлелің қане деді.

Әли тұрып:

Қолә: иннәль мәәлә йәнқұсу биль бәзли уән-нәфәқати,

Уәль ъильму ләә йәнқусу биль бәзли уән-нәфәқати

Мал-мүлік қашан да қаражат қылып жұмсаған сайын кеми береді, біреуге берсең үнемі азая береді. Ал ғылым болса, жарықтық, басқаларға берген сайын кемімейді, қайта біреуге үйреткен сайын көбейе береді. Қанша таратсаң сонша көбейеді дейді.

Төртінші оқымысты дән риза болып ол кетті. Енді бесіншісі келді.

-Иә Әли, ғылым артық па, мал артық па?,-деді

Хз Әли: -Әрине ғылым артық- деп, жайнап түсті.

-Қандай дәлелің бар?

Хз. Әли селт еткен жоқ, кірпік те қаққан жоқ.

Қолә: сәахибуль мәәли йудъаа би-‘исмиль буххли уәл-ләуми

уа сәахибуль ъильми лә йудъаа Иллә би-‘исмиль кираами уәль ъизәәми

-Мал иесіне адамдар күндестікпен қарап, «қызғаншақ, сараң, надан» деп өсектеп күндейді. Ал ғылым иесін жаман атпен атамайды, тек жомарт, құрметті адам деп ілтипат көрсетеді. Дүниеге бай адамды қонаққа шақырғанда «аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деп, адамдар өтірік мақтап, оның малынан бірдеңе иеленуді көздеп, «қақса-соқса бір пайда түсе ме» деп, қонаққа сол үшін шақырады. Ал ғылым иесін әңгімесін тыңдап, шер тарқату үшін, жан сусынын қандыру үшін, құрмет көрсету үшін шақырады.

Алтыншы адам келді, тағы да сол сұрақ, тағы сол жауап.

Не дәлелің бар деді.

Қолә: Сәахибуль мәәли йухаасабу йәумәль қий-ямәти уа йУс-‘әлу ъан кулли дирһәмин мин әйник-тәсәбә уа әйна әнфақаһу

Уа саәхибуль ъильми йәшфәъу йәумәль қий-ямәти

Хз. Әли айтты: - Бұл дүниені ар жаққа көшіріп алып кеткен ешкім жоқ. «Қалсын бәрі адыра» дейсің де кетесің. Арғы дүниеге өткен соң мал иесінен өте қатты есеп алынады. Қияметте ол бейшараның әр бір тиынынан сұрау болады: «Бұл малды қайдан таптың, тапқаныңды қай мақсатқа жұмсадың?» дегендей. Ал ғылым иелері қияметтің күнінде басқаларға шапағат қылады, басқа адамдарды азаптан құтқара алады.

Адам ғапыл дүниені дер «Менікі»

Менікі деп жүргеннің бәрі - Оныкі.

Мал қалып, тән де қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла болады не сенікі.

 

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,

Тән сүйгенін іздейсің күні - түнде.

Әділеттік, арлылық, махаббатпен,

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Сонымен осы жауапқа қанағат қылып, алтыншы адам да кетті. Енді жетіншісі келді. Тағы да сол сұрақ, сол жауап. Тағы да дәлел сұрайды.

Саәхибуль мәәли иЗәә мәәтә инқатаъа зикруһу

Уаль ъаалимә иЗәә мәәтә фазикруһу иләә йәумиль қий-ямәти

Мал иесін ажал сағаты жеткен кезде, қабірге апарып қойған соң-ақ аты өшеді, атақ - дәрежесін де түк қоймай сыпырып алып, ұмыт болады. Ал ғалым адам, ғылым иесі өлсе, оның аты қияметке дейін өшпейді, ұдайы жақсы атақпен, жылы сөзбен еске алып, соңындағылар дұға қылады.

Бұл дүниенің қызығы махаббатпен

Көрге кірсең үлгілі, жақсы атақпен.

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де өлмегенмен боларсың тең.

Абай да «Қара сөзінде» ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айырылады. Ақырында соншама азаппен тапқан малдан не қызық қалды? Бейнеті, күйігі, ызасы қалды... Хош, сөйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың, енді оны адамшылықпен жұмсап, сол малды сарып қылып ғылым табу керек еді - іздедің бе? Өзіңе табылмаса, балаңа ғылым үйрету керек еді...» деп келеді. 

Сонымен, хош, жетіншісі де жөнелді. Сегізінші оқымысты келді: -Мал артық па, ғылым артық па? -Әрине ғылым артық.

Лисаәхибиль мәәли ъаду-уун каСийрун

Уәль сахибиль ъильми сиддийқун каСийрун

-Қазыналы жерде жылан көп, малы көптің жауы көп. Ал ғылым иесінің жанында ақ көңіл дос-жаран, жора-жолдасы жыртылып айырылады, алты айлық жерден ат арытып, алыстан адамдар ағылып келіп жатады. Содан кетті ол адам, тоғызыншы келді. Сол сұрақ, сол жауап,

- Дәлелің қане?

әль мәәлу йәндарису би-туулиль мәкәСи уа муруу-риз-зәмәәни уәль ъильмә лә йәндарису.

Хз. Әли айтты: -Мал мүлік ерте ме, кеш пе шіриді, бұзылады, ия құрт жеп тесіледі, бағасы кемиді. Ал ғылым болса, ешқашан бұзылмайды да, шірімейді де, қайта уақыт өткен сайын, замана көші құбылған сайын жазылған хаттың қадірі артып, бағасы өсе береді. Шірімек түгілі, өсіп - өніп, көгеріп, көркейе береді.

Содан оныншы оқымысты келді.

-Ия, Әли, мал артық па, ғылым артықпа?

-Әрине,ғылым артық -деп Хз. Әли жүзі бал-бұл жайнады, өрге салған шын жүйріктей өршелене түсті.

-Дәлеліңді айт!- деді келген адам.

-Дәлелім сол деді Әли:

Қолә: әль-мәәлу йәқсийль қальбә, уәль ъильму йудий-‘уль қальбә

-Мал-мүлікті ойлаған сайын, дүниенің қызыл-жасылы қызыққан сайын жүрегіңді қарайтып, қатайта береді. Ал ғылым болса, жүректі ағартып, нұрландырған үстіне нұрландыра береді. Дүниенің қызығының соңында итше салақтап жүгіре берсең, ақыр аяғында қырдың қызыл түлкісіндей құйрығын бұлаң еткізіп, ыза қылады. Ал ілім болса, Алланың тап-таза ақ ілімі адам жүрегін жұмсартып, шұғылалы шуақ сырға бөлейді.

Ақырында он бірінші адам келді.

- Сөйле, Әли, ғылым артық па, мал артық па?- деді.

-Әрине, ғылым артық- деп, ширыға түсті Әли.

-Дәлелмен сөйле ей, Әли! -деді

қолә: сахибуль мәәли йаддаъи әррубуу–бийәтә би-сәбәбиль мәәли, уа сахибуль ъильми лә йаддаъи әррубуу–бийәтә, бәль йәддаъи әл-ъубуудии-йәтә

Мал иесі байлығына мас болып, сол байлықтың буымен семіріп сөйлейді. Сөйтіп астамшылдыққа ұрынады. Жер тәңірісіп, Құдай алдында қатты күнәға батады. 

Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі де кесел асқанға,

Ондай адам жолығар,

Асықпай-ақ тосқанға.

Ал ғылым иесі өзін «құл» біліп, сынықтық танытады, кішіпейіл болады. «Мен Құдаймын» демек түгілі «Мен» деп сөйлемейді. Соның арқасында Құдайға жетеді.

Содан он бір оқымысты түгел хиылып қайтып келіп, Әлидің ғылымына бас иіп, түгел мұсылман болды. Ал Әли болса: 

Сумма қолә Ъалийун РАТА: фаләу сә-’әлууний ъан һәзиһиль жауааби 

ләужийбу жауәәбән әххәра мә думту хаййән

«Сұрақтардың он бірінші адаммен бітіп қалғаны қандай өкінішті... Қызық болмай қалғанын қарашы! Әйтпегенде тағы да біраз ғылым жарыстырып, ләззәт алар едім»- деп, өкініш білдірген дейді.

Сөз соңында Хасан р.т.ғ.  жеткен хадисті айта кетейін:  Егер бір адам ілімді талап қылып жүрсе,  сол іліммен исламды күшейтемін десе,  ол адам жәннатта Пайғамбарлардан бір ғана айырмашылығы болады.  Яғни,  пайғамбарлық дәрежесі болмағандығы ғана...,  деген екен.  Ислам дінінің қуаттанғаны қоғамымыздың азғындықтан аман болып,  бақытты болуына кепіл.  Ислам діні адам баласының өміріне ешқашан ауыртпалық салмайды. Осыны жастарымыз түсініп,  қайнар бұлағыққа оралса екен деймін.

 

Узыханов Серікхан Сайлауханұлы
«Сманқұл» мешітінің наиб имамы