Ислам – адамзаттың екі дүниесін де бірдей қамтитын хақ дін. Дінімізде құлшылық, мәдениет, білім-ғылым, құқық, саясат, жанұя, экономика да сұрақтары қамтылғаны белгілі.

Ислам діні адамзат баласына  ұлы мәдениетті алып келді.  Ардақты Пайғамбарымызға (с.а.с.) нәзіл болған аяттардың «Раббыңның атымен оқы» деп басталуы көп нәрсені байқатады.  Білім алуды басты ұстаным етіп алғандығы үшін де Ислам діні өз өміршеңдігін ешқашан жоғалтпай заман өткен сайын жаңарып келе жатыр.

  Пайғамбарымыз (с.а.с.) білім алуға шақырған хадистері оқу-ағарту ісінің Исламда қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Ислам келгеннен кейін арабтар мен мұсылмандықты қабылдаған басқа да халықтар ғылымда жоғары жетістіктерге жетті. Бұған Құрандағы ғылымға деген үгіт сеп болып, нәтижесінде көптеген мұсылман ғалымдары биология, зоология, тарих, астрономия, химия, физика, алгебра, математика, медицина сияқты ғылым салаларында өз қолтаңбаларын қалдырған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандарды білім алуға шақырып, бұның мұсылмандарға парыз екендігін айтқан. Ясрибке хижреттен кейін мұсылмандар меккелік мүшріктердің қыспағынан құтылып, өз алдарына билік құруға мүмкіншілік алды. Хазіреті Пайғамбардың (с.а.с.) бас болуымен мешіт салынып, оның бір бөлімі оқу-ағарту істеріне арналды. Бұның «Суффа» деп аталғанын білеміз. Суффа – Исламдағы алғашқы университеттің прототипі. Бұл жерде Пайғамбарымыздың өзі сахабаларына Құран аяттарын үйреткені тарихтан мәлім.  Бәдір соғысында тұтқынға түскендердің әрқайсысына 400 дирхам құн белгіленгенде, құн төлеуге қаржысы жоқ сауаты бар тұтқындар мәдиналық он балаға оқу-жазу үйретіп азаттық алғандығыны да белгілі. Ғұлама сахабалардың бірі Зәйд ибн Сабит осы жерде сауатын ашқан ансарлардың бірі еді. «Ғалымдар пайғамбарлардың мирасқорлары» деген  Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисі  Исламның ғылымға және өзін ғылымға арнаған ғалымдарға деген құрметінің ерекше екенін көрсетеді. 

  Қандақ соғысында жаралыларды емдеу үшін «Руфайда шатырының» құрылуы Исламда ауруханалар тарихының пайғамбарымыз заманынан бастау алғанын білдіреді. Сондықтан да мұсылмандардың медицинамен шұғылдану, ауруханалар салуы дәстүрге айналған. Исламда ғылым мен ғибадат бір-бірінен айырылмайтын екі негіз болғандықтан білім алу діни әмір еді. Сол себептен де әртүрлі ғылым салаларында көптеген жаңалықтар ашылғандығын көреміз. Алла Тағала Құранның «Зүмәр» сүресі, тоғызыншы аятында «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» дейді. Тағы бір аятта «Сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді» делінген. 

  Пайғамбарымыз да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсеткен. Риуаятта: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді». 

  Хазреті Лұқманның (ғ.с.) ұлына берген насихатында: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктем жаңбырымен жерді көгерткеніндей  Алла хикмет нұрымен мұсылмандардың жүрегін толтырады. Ғалымның өліміне теңізде балықтар, көкте құстарға шейін әр жаратылыс жоқтап жылайды» делінген де сөздер бар. Яхия ибн Муаз (р.а.): «Ғалымдар мұсылман үмбетіне әке-шешелерінен де мейірімді. Өйткені әке-шешелері оларды дүниедегі оттан қорғайды, ал ғалымдар ақыреттегі оттан қорғайды» - деген. Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығы болмас еді. Өйткені олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен» дейді. 

  Ислам – ғылымды қолдайды, ешқандай қағидасына кереғарлық танытпайды, қайшылық жасамайды. Ол адамзатқа пайдалы һәм тура жолға бастайтын ғылымды уағыздайды. Ислам діні келіп, тарап, халықтың көпшілігі білім ізденуге ден қойды. Бірақ ол кезде қазіргідей мектептер немесе жоғарғы оқу орындары болмады. Сол үшін де Ислам мәдениетінің білім бұлағы, ғылым орталығы, мектебі мешіт болды. Мешіт мұсылмандардың тек ғибадат ететін орындары ғана емес еді, сонымен қатар олар мұнда оқу-жазуды, Құран оқуды, шариғат ілімдерін және басқа ілім салаларын үйренді. 

  Әрбір мәдениет бір ғана халықтың не бір ұлттың ғана өнері болып есептеледі. Және оны жасаушы ұлт өкілін ғана мақтан тұта алады. Ислам мәдениеті – иісі мұсылманның қолымен жасалған көпке ортақ мәдениет. Ислам мәдениетін діннен бөлек алып қарауға болмайды. Ислам дін мен ғылымды егіз тұжырымға санайды. Исламнан бұрынғы халықтар қол жеткізген ғылыми жетістіктердің болғаны рас. Мұсылмандар қысқа мерзімде-ақ оларды меңгеріп, иманнан алған күш-қуаттың арқасында есепсіз жаңалықтардың бетін ашты. Олардың еңбегінің жемісін бұл күні күллі адамзат баласы көруде. Ислам ғалымдары шұғылданбаған, үлес қоспаған ғылым саласы жоққа тән. 

  Мұсылмандық мәдениетпен танысу Еуропаны ғасырлар бойындағы қалың ұйқысынан оятты, қозғау салды. Батыстың кейбір ғалымдары «Орта ғасырларда кейбір Еуропа билеушілері өз аттарын дұрыстап жаза алмай жүргенде, Кордовада мұсылман балалары медреселерде оқып жатты» деп жазған. 

   Кордовада жүздеген кітапханалар болып, оның орталық кітапханасында жинақталған кітаптар каталогы 44 томға жеткен. Бағдат қаласын Хулагу (Әлеуке) ханның қолы қиратқанда, көпшілік пайдалануы үшін жасақтап қойылған Сабур сарайындағы 200 мыңдық кітапхана қоры Еуфрат өзеніне тоғытылғанын тарихшы Ибн Туғрыберді жазған. Медицина саласында Бағдатта жоғары деңгейде 6000 студентті тәрбиелейтін оқу орны болды. Әрбір әзірленген дәрігерге бір көмекшіден бекітіліп берілді. Еуропа кейбір алапес сырқатына шалдыққан жандарды өртеп жатты, ал мұсылман елдері оларды жеке орындарда емдеп, мәңгілікке мемлекет қарауына алып отырды.  Ислам халифаты ғалымдарға ғылыми жұмыстар жүргізуге үлкен мүмкіндіктер жасады. Мысалы, әл-Фараби, Ибн Сина тағы басқа да ғалымдар көп уақыттарын осындай кітапханаларда өткізіп, ғылыми көзқарастарын қалыптастырды. Орта ғасырдағы Ислам ғұламалары ежелден келе жатқан ілімдер мен тұжырымдамаларды, ғылыми жаңалықтарды оқып, жалғастырып қана қоймай сондай мұралардың пайдалы жақтарын алып, әлемдік ғылымның дамуына ерекше үлес қосты.  Ислам ғалымдары ғылымдарды сала-салаға бөліп, жекелеген ғылымдарды кейінгі ғалымдардың зерттеулеріне жол салды. 

Тансықбаев Қанат,
«Айқым ата» мешітінің имамы