Он сегіз мың ғаламның иесі Алла тағаланың кітабы болғандықтан Құран Кәрімді оқып-үйренудің маңыздылығы мен өзектілігі ерекше. 

 

 Барлық нәрсені, жанды мен жансызды жаратушы Ұлы Алла Тағала адамзат баласы үшін осынау қасиетті кітабын түсірді. Сол арқылы ақыл иелерін ең тура жолға бастады. Бұл туралы Құран Кәрімде:

«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді». («Исра» сүресі, 9-аят).

Әсіресе, бүгінгі таңда мұсылман кісілердің Құранмен байланыста болуы, оны оқуы, жан-жақты зерттеп үйренуі, бір жерде жиналып өзара талқылауы, Құран жайлы әңгімелесуі аса қажет. Өйткені ақиқат ғылымның да, білімнің де, танымның да, сезімнің де асыл негіздері Құран Кәрімде жатқандығы рас. Бұл пікірді талай жылғы өмірін белгілі бір ғылым жолында жұмсап, ең соңында тапқан жаңалығын он төрт ғасыр бұрын түскен Құран Кәрімнен дап-дайын күйінде тауып, таң қалып, мұсылман болған ғалымдар қуаттап келеді. Астраномия, химия болсын, математика, физика болсын, өнердің қай түрі болсын – бәрі де қайнар бастауын Құраннан алады. Олай болса, еліміздің рухани, мәдени, материалдық, әлеуметтік жағдайын жақсартуда қасиетті Құран Кәрімді танып білудің мол пайдасы болары хақ.

Әрбір мұслыман білімді адал ниетпен үйренуі керек. Мақсаты тек қана байлық жинап, мәртебеге ие болып, рахат өмір сүру болса, бұл дүниеде өз еңбегінің жемісін көргенімен, ақыретте оның еш пайдасы болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді:

"Қиямет күні ең көп азап көретіндер, Аллаһ тағаланың ілімінен пайдаланбаған ғалымдар», «Алла тағаланың разылығына лайық болу үшін үйренетін білімді тек қана дүниені иелену үшін үйренген адам қиямет күні жәннаттың иісін де сезбейді», «Әрбір адам үйренгенімен амал етпейінше, оны тәжірибеде қолданбағанша, нағыз білім иесі ғалым болып есептелмейді.

Ал, дін ғылымын үйреніп, онымен амал етпегендерге өз ілімін қызғанып немесе ерініп үйретпеген мұсылманға Алла тарапынан үлкен бір азап бар». «Құл білгенімен амал етпейінше ғалым болмайды», «Білім жайында сұралған уақытта оны жасырғанға Қиямет күні оттан ауыздық салынады».

Хазірет Омар (р.а.) «Бұл үмбет үшін ең қатты уайымдайтыным – ғылым меңгерген мұнафықтар» деп айтқан. «Білімді мұнафық дегеніміз кім» деген сұраққа: «Тілі ғалым, жүрек және амалдары надан» деп жауап қайтарған.

Бұл хадисте тілі ғалым деген сөздің мағынасы Алла тағаланың әмірлерін үйреніп, уағыз насихат беріп, үйреткен ғылымы тек қана тілінде қалған ғалым. Өзінің жұртқа үйреткеніне жүрекпен сенбегендіктен амал етпейтін надандар сияқты әрекет ететін кісі. 

Суфиян Сәури (р.а.): «Ғылым амал етуге шақырады, амал етсе жақсы, етпесе ғылым да кетеді» деп баяндаған.

Ибн Мүбәрак: «Ғалым, ғылым үйреніп жүргенде ғалым болады. Қашан «мен ғалым болдым» деп, ғылымын арттырудан бас тартса, міне, сол кезде надан болады» дейді. 

Фудайл болса былай дейді: «Менің үш кісіге жаным ашиды:

1. Бір қауымның қадірлісі бола тұра, ой-санасы қысқа болған кісіге.

2. Байлықтан кейін пақыр болғанға.

3. Бұл дүниелік нәрселердің алдында өзін ойыншық сияқты қолдандырған ғалымға» деген екен.

Аллаһ тағала Құран кәрімде «Зүмәр» сүресінің тоғызыншы аятында «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» дейді. Тағы бір аятта «Сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді» делінген. Пайғамбарымыз да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсете отырып, былай дейді: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Аллаһ тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді».

Пайғамбарымыз (с.а.с.) дәуірінде діни сауатты болу жалпыға бірдей міндет болғанын көрсететін дәлелдер бар. Хадисте былай дейді: «Дінде ілім иесі болу барлық мұсылманға парыз. Үйреніңдер, басқаға үйретіңдер, ғылыммен айналысыңдар. Надан болып өлмеңдер».  Олай болса біз де қазіргі күнде ғылымды біліп қана қоймай, оны үйретуге міндеттіміз.

Райымбек ауданының бас имамы Исабол М.