Өзге емес өзім айтам өз жайымды

немесе «Үшқоңыр» медресе-колледжінің  директорымен сұхбат

— Ассаумағалейкүм Абзал мырза! Үшқоңыр медресе-колледжінің тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

— Уағалайкум ассалам Үшқоңыр медресе колледжінің қысқаша тарихына қысқаша тоқталар болсақ, онда қысқартып айта кету керек.

Бұл медресе тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда қазақ даласында Исламның қайта бүршік жарып, дамуға бағыт алғанын сүйіншілеген алғашқы медреселердің бірі. Ол Іле Алатауының әсем баурайында, Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты табиғатының сұлулығына талайлар тамсана қараған әйгілі Үшқоңыр жерінде, тұңғыш елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен және тікелей бастамасымен салынған «Қарасай батыр» атындағы төрт мұнарасы алыстан менмұндалаған сәулетті мешіттің  3 га. 29 сотық жерді алып жатқан кең аумағында орналасқан.

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылы, Жібек жолы көшесі №164 орналасқан ҚМДБ-на қарасты 2008 жылдан бастап «ШАМАЛҒАН»  медресесі діни бірлестігі болып ашылып, 2012 жылдың 27 желтоқсанында «Үшқоңыр медресесі» жеке мекемесі болып өзгертіліп қайта тіркелген.

2015 жылдың 21 желтоқсанынан бастап  Қазақстан Республикасының кәсіптік білімді  мамандарын дайындайтын  бірегей  оқу орны.Мекеме Техникалық және кәсіптік  кәсіби білім аясында білім беру қызметін жүргізу құқығы бойынша ең алғаш болып мерзімі шектеусіз мемлекеттік лицензиясын алып бүгінге дейін өз жұмысын жемісті атқарып келеді.

Қазіргі таңда ер балалар және қыздар бөлімі болып жұмыс істеуде. Ер балалар бөлімі жоғарыда көрсетілген мекен-жайында, ал қыздар бөлімі 2013 жылдың маусымынан бастап Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылы, Жұрынов көшесі №60 А орналасқан.

 Өзіңіз айтқандай медресе  екі бөлімнен тұрады дедіңіз ұлдар және қыздар  бөлімі деп, олай болса қарамағыңызда қанша мұғалім бар,ғылыми дәрежелері қандай?

— Жалпы ұлдар-қыздар бөлімі деп шартты түрде бөлінгенімен біз бір медресе колледж болған соң тек курс пен біліктілікке қарай айырмашылық болады.Ұстаздар құрамы- 32, Жоғары ж/е 1-ші санатты -5;ғылым  магистрлері-9; ҚМДБ ж/е БҒМ алғыс хат иелері- 10; «Ы.Алтынсарин» төсбелгіс иегері - 2; Білім беру ісінің үздіктері- 1; 2020-2021 оқу жылында модульдік компетенция бойынша 6, кередиттік жүйе бойынша 4, жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша 9 ұстаз толық курстан өтіп біліктіктерін шыңдады.

 — Орта мектеп бітірген соң қандай жоғары оқу-орындарында білім алдыңыз және ғылыми дәрәжеңіз?

— 2000-2005 жылдары Алматы қаласындағы «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Шетел филологиясы: екі шетел тілі» факультетінің  филолог, жоғары мектептің араб, ағылшын тілдері мен әдебиетінің оқытушысы мамандығында оқыдым. Ал, 2009-2011жылдары Алматы қаласындағы «Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде»  дінтанушы  мамандығын оқып, білімімді шыңдадым. Сондай-ақ 2012-2014жылдары Алматы қаласындағы  «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде» «Шығыстану»  мамандығының магистратурасын оқыдым.  Жалпы сырттай аспирантурада ізденуші болып, кандидаттық диссертацияны қорғайтын уақытта, ескі жүйе күрт жабылып қорғай алмадық. Оның да бір хайыры болған шығар.  

— Өзіңіздің тәжірбиеңізбен бөлісіп отырсаңыз, жоғары оқуды  тәмәмдап қандай мекемелерді қызмет атқардыңыз?

—2005 жылдан дан бастап «Абылай хан атындығы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті» араб тілінің аға оқытушысы, 2015 жылдан дан бастап «Үшқоңыр медресе колледжінің» директоры орынбасары, 2016- дан бастап «Үшқоңыр медресе колледжінің» директоры.

Жалпы осы аралықтарда Имамдардың білімін жетілдіру институнда, және тіл орталықтарында қосымша қызметтер атқардық.

  «Ұстазы бардың,ұстанымы бар» демекші шәкірттердің дін, білім және өнер,спорттан қандай жетістіктері бар?

— Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ-де ұстаздықпен қатар «Шығыстану» факультеті бойынша студенттердің ғылыми жұмыстарын қадағалайтын бөлімнің жауапты маманы болдым. Сол аралықта жыл сайын студенттер арасында республикалық пәндік олимпиада ұйымдастыратынбыз. Ол жерде араб тілі бойынша республикамыздың барлық ЖОО-студенттері қатысады. Сол жерде өзіміздің жарысқа баптап тәрбилеген студенттеріміз топ жарған сәттер көп болды. Қазір ол шәкірттеріміз білдей бір маман болып үлкен қызметтерді жүр. Ал Үшқоңыр медресесі колледж болғалы еліміздің барлық діни және зайырлы колледждердің арасында жүйелі түрде өтетін олимпиадаларға барымызды салып қатысып келе жатырмыз.  Біздің себеппен діни тақырыптарда ғылыми жұмыстарын баяндау үшін ҚМДБ қарасты тоғыз медрсе-колледждер қатыса алатындай «Кіші ғылым академиясында»  «Теология» секциясы ашылды. Колледж студенттері     Республикалық Діни  олимпиадаларда және Кіші ғылыми академиясының (МАН) практикалық конференцияларында  34 студент  жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтсақ, 2019 жыл 11 мамырда Алматы қаласы Орталық Азия университеті базасында Кіші ғылым академиясының 45-ші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы,Үшқоңыр медресе колледжі Исламтану мамандығының студентері:

Яхуда Думан,1 курс, - I дәрежелі диплом, қазақ әдебиеті пәні;

Ерхамза Асия,1 курс, - I дәрежелі диплом, химия және биология пәні;

Серік Ұлар, 2 курс- II дәрежелі диплом, информатика, әлеуметтану пәні.  Кәмила Нұрымова, 2 курс, I дәрежелі диплом,қазақ әдебиеті пәні; Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтына тегін оқуға грантқа ие болды.

Ал жалпы бұл олимпиадалар  мен  жобаларда 100-ге жақын студент қатысып колледж мәртебесін асырды.

— Бала тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі екендігі белгілі.Осы шәкірт тәрбиелеуде оның ішінде қыз балалардың тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлетін тұсы қандай?

— «Ел боламын десең – бесігіңді түзе»,- демекші салиқалы ұрпақ тәрбиелеу мәселесі кезек күттірмейтін маңызды һәм жауапты іс. Өйткені бүгінгі ұлымыз ертеңгі әке, ал қызымыз ертеңгі ана, елінің арқасүйер азаматы, өз ұлтының туын көтерер перзенті. Сол үшін медресенің де діттеген мақсаттарының бірі  шәкіртке біліммен қоса тәрбие беру. Оның ішінде қыз баланың тәрбиесі аса көңіл бөлуді қажет етеді. Қазақта қызға қырық үйден тыйым деп жатуы бекер емес қой. Алайда, Абай атамыз: «Балаға үш мінезі алуан адамнан жұғады, біріншісі ата-анадан, екіншісі ұстаздан, үшіншісі құрбыдан», – деген екен.Сол үшін алғашқы тәрбиені ата-анасы жақсы сіңірсе, бізге келген кезде ата-анасынан жырақта болған соң ұядағы тәрбиесі тез байқалып жатады, әрине «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді, ұстаздың да білімімен қатар әдебі мол болу маңызды. Сол үшін медресемізде жоғары курстың студенттері жаңа келген студенттерді туған сіңлісіндей қарсы алу шарасы бар, сол арқылы іштегі аура бір үлкен отбасыдай біте-қайнасып жатады. Қазіргі таңда шәкірттерімізге сабақтан тыс , тігін тігу, тәтті тағамдар пісіру, әртүрлі қолөнер үйрететін үйірмелеріміз белсенді жұмыс істеп келеді. Ол да қыз баланың тәрбиесіне көп пайдасын тигізуде.

— Ұлдарға медресе бойынша қызмет табу мүмкіндік көп, қыздарға ше?

— ҚМДБ жанынан «Әйел-қыздар секторы» ашылғалы қыздар тарапынан оқуға түсуші талапкерлердің саны күрт көбейді. Өйткені республикамыздың барлық өкілдіктер тарапынан « бізге әйелдер жамағатын оқытатын кадр тапшы»  деп ұсыныспен келіп жатқан шәкірт көп. Яғни сәйкесінші ұлдармен қатар ұстаздық қызметке қыз балалар сұранысқа көп ие. Медресе колледжді бітірген соң қалағандары «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ сияқты  басқа да жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырады. Кейін тұрмысқа шығып сол жерде мешітте ұстаз болып қызмет жасап жатқандар да аз емес.

— Оқу-ағарту мәселесі бойынша онлайн форматта оқытуды қаншалықты игердіңіздер? Діни әдебиеттердің электрондық нұсқалары жеткілікті ме?

— Елімізге келген індеттің себебінен 2020 жылдың 16 наурызынан бастап барлық колледждер секілді  біз де Edupage платформасы арқылы шәкірттерімізге қашықтықтан онлайн форматта оқытып келе жатырмыз. Әрине басында оңай болған жоқ, арнайы бағдарламашылар арқылы алдымен барлық ұстаздарды кейін   студенттерді үйреттік. Барлық сабақтар бойынша арнайы YouTube канал ашып, оған дәрістер салдық. Шәкірттерге қосымша WhatsApp, Zoom, Telegram секілді бейнебайланыс құралдарын кеңінен пайдаландық. Жоғары курстарға кейбір әдебиеттердің арабша нұсқаларын табу қиын болған жоқ, ал қазақ тілінде діни әдебиеттердің электронды нұсқаларының біразы сарапталып, дайындары пайдалануға берілуде. Қосымша діни әдебиеттердің электронды нұсқалары Muftyat.kz сайтынан да аламыз. Қазіргі таңда еліміздеге 9 медресе колледждер арнайы пәндер бойынша әрбір курсқа бірізділікті сақтай отырып, біртұтас бейне сабақтар түсіріп жатыр. Келер оқу жылана барлығы дайын болады. Сонымен қатар арнайы пәндер бойынша да оқулықтар жасалып жатыр.Осының бәріне ұйытқы болып отырған ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сүйерқұлұлының ұйымдастыруымен бірнеше офлайын және онлайн жиналыстар өтіп, нәтижелі жұмыстарға қол жеткізіп жатырмыз.

— Осы күнге дейін қанша түлек бітірді, олармен  байланыстарыңыз бар ма?

— Колледж мәртебесін алғаннан бастап,  яғни 2016 жылдан  бері 231 шәкірт бітіріп шықты. Олармен байланыс бар. Биыл арнайы WhatsApp арқылы «Түлектер» деген топ құрылып, Бердімұрат Бекболат ұстазымыз қадағалап отыр. Оларға арнайы жоспар құрып, жылына бір мәрте түлеп ұшқан орындарына шақыртып бас қосуды қарастырып жатырмыз. Аллаға шүкір түлектеріміз жан-жақта бас имамдықтан бастап, ұстаз- тәрбиеші болып дін саласында қарқынды қызмет жасап келе жатыр.    

 Медресенің болашақтағы жоспарымен бөлісіп отырсаңыз.

 Жыл өткен сайын медресемізге түсуші талапкерлердің саны артып келе жатыр, бұл әрине қуантарлық жайт. Сол үшін биыл сыйымдылығы 300 студентке арналған типтік үлгіде оқу ғимаратын салу жоспарда тұр. Аллаға шүкір қазығы қағылып, жұмыстар басталып кетті. Ол жерлерде арнайы асханасы мен қатар спортзалы болады.Сондай-ақ, медресе жанынан қосымша ұлттық қолөнер үйірмелерін, кәсіп үйрететін курстар ашу жоспарлары бар. Сұранысқа сай «Исламтану» мамандығынан басқа «Теология» және «Хадистану» мамандықтарын ашуды да ойластырып жатырмыз.  

 Дін саласы сауапты да, жауапты сала екендігін біреу түсінсе,біреуі түсінбейді. Дін мамандары 365 күн, 24 сағат қызметте жүреді. Отбасыңызға қаншалықты уақыт бөле аласыз?

— Оқу бітірген уақыттан бері білім беру саласында қызмет жасап келе жатырмыз. Әрине істің жауапкершілігіне қарай, уақытыңды да соған жүйелесің. Отбасыңда береке болмаса жұмысыңда да береке болмайтынын жақсы білу керек. Көп жағдайда жұрттың баласын тәрбиелеп жүргенде өз балаларыңның тәлім-тәрбиесі ысырылып қалып жатады. Ол әрине дұрыс емес. Қазір қырықтың қырына шыққанда отбасыңа да  оң қырынан қарап, барынша уақыт табуға тырысады екенсіз. Шүкір, дәл қазіргі жағдайда үйден шықпай бала-шағаға аса көңіл бөліп алуға зор мүмкін болып тұр.

— Дін мамандарын дайындаудағы  ең басты қиындық не де?

— Дін мамандарын дайындау аса жауапты іс. Өйткені, дін маманы адамның сыртқы келбеті мен жүріс-тұрысын ғана емес, сонымен қатар ішкі жан-дүниесін емдейтін жанашыр жан. Ендеше, ондай маманды дайындау да оңай шаруа емес. Сәйкесінше қиындықтары да бар, кейбірін тілге тиек етер болсақ біріншіден, шәкірттің бойынан өзін діни маман ретінде көре алатынына көз жеткізіп оқуға қабылдау аса қиын іс; екіншіден, білімімен қоса ішкі-сыртқы тәрбиесіненің дұрыс болуына көңіл бөлу, үшіншіден, кадр тапшылығы яғни ұлдар мен қыздарды оқыту үшін де білікті кадрлар қажет. Мықты кадр тарту үшін де оның айлық жалақысын да жақсы жасау керек деген тәрізді қиыншылықтар кездеседі әрине ол уақыт көрсеткіші. Еліміздің әрбір түкпірінде бес уақыт намазға шақыратын Алланың үйі мешіттер көптеп бой көтеріп келе жатыр. Осы мешіттерімізге барып қызмет жасайтын білікті мамандар дайындау күн тәртібіндегі ең өзекті жайт.

— Құпия болмаса,өзіңіз жайлы өзгеден емес, өзіңізден білсек. Отбасында қанша жансыздар? (Бала-шаға,жұбайыңыз қандай мамандық иесі?)

— Алланың берген төрт қыз бір ұлым бар. Жолдасым «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығының бакалаврын бітіріп, магистратурасын оқып тәмамдады. Қазір Райымбек ауылында ұстаздық қызмет жасайды. 

— Жұмыстан тыс уақытта  немен шұғылданғанды ұнатасыз? (хобби,қызушылық)

— Жалпы бос уақытта қалың көпшілік секілді кітап оқығанды ұнатамыз. Бала күнімізден атқа отырып Арқаның кең жерінде саятшылыққа қызығатынбыз. Уақыт тапқанда даланың аңдары мен ұшқан құстарын көріп тамашалғанды қызық көремін. Жас ұлғайған сайын қызығушылықтар да өзгеріп тұратын тәрізді көрінеді. 

— Абзал мырза сүбелі де,салмақты сұхбатыңызға үлкен рақмет! Алла ісіңізге береке, отбасыңызға амандық берсін!

Сұхбаттасқан: Алматы облыстық  «islamkaz.kz» сайтының сарапшысы

Төрежанов  Нұрдәулет Тоқанұлы

+7 707 532 75 34


 

BLOG COMMENTS POWERED BY DISQUS