Иә, Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әл – Ғимран» сүресінің 159-шы аятының мағынасында: «Егер бір іске бел байласаң, алдымен адамдармен кеңес, одан кейін шешім шығарып, Аллаға тәуекел ет.

Сөзсіз Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» -, деп өзіне бой ұсынған құлдарын сүйіншілесе, «Талақ» сүресінің 3-ші аятының мағынасында: «Ал, кім Аллаға тәуекел етсе, сонда ол оған жетіп асады» -, деп Алла Тағала әр істе өзіне тәуекел етудің маңыздылығын атап көрсеткен. Сондықтан да болар, Құранда тәуекел ұғымы жайлы 79 рет қайталанып келеді. Жалпы тәуекел сөзінің тілдік мағынасы «сенім арту, істі басқаға тапсыру» дегенге саяды. Ал, шариғаттағы мағынасына келер болсақ,  тәуекел ету – шынайы түрде Аллаға сеніп, батыл кірісу. Яғни, Аллаға тәуекел етуіміз Жаратушыға деген иманмен тығыз байланысты. Пенденің барлық істе Аллаға тәуекел етуі егіншінің әрекетіндей: егінші ерте көктемде жерді өңдеп, өнімін егіп, оны баптап болған соң, нәтижесін күтіп, берекесін Алладан сұрайды. Құлшылықта болсын, тіршілікте болсын пенденің жүректегі иманының амалына ұласып жатуы – тәуекелдің ең кәміл көрінісі. Ал, керісінше еш әрекет етпестен «Аллаға тапсыра салуды» не «тағдырға  итере салуды» дініміз құптамайды.

Осы тұрғыда Пайғамбардың (с.ғ.с) Омардан (р.а) жеткен хадисінде:  «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді таңертең ұясынан аш кетіп, кешке қарындары тойып қайтатын құстарды қалай ризықтандырса, сендерді де солай ризықтандырар еді» -, деп құстың өзі дұрыс тәуекелдің арқасында ерекше нығметке бөленіп  жатқандығын айтып, үмбетін де жетістікке жету жолында қолдан келгеннің бәрін істеп, нәтижесін Аллаға тапсыруға шақырады. Тәуекелдің шариғаттағы төменгі шегі сақтық болса, жоғарғы шегі батылдық. Бірақ,  пенде, сақтық істеймін деп, күмәнға, қорқақтыққа бойалдыруына да, тәуекел еттім деп, көзсіз батырлыққа ұрынуына да болмайды.

Тәуекел әркез ақылға негізделуі тиіс. Әсілі, адам тәуекелге қадам жасамаса, қорқақ, ақылға сыйымсыз батыл әрекет етсе, оспадар болып көрініуі мүмкін. Ал, қорқақтық та, оспадарлық та мұсылманға жат қылықтар. Сондықтан, адам қорқақтық емес, байыпытылық танытып, оспадарлық емес, батыл да орынды әрекет етсе, шариғат құптаған тәуекел иесі бола алады. «Түйемді байлайын ба, жоқ Аллаға тәуекел етейін бе?» -, деп сұраған кісіге Пайғамбар (с.ғ.с) : «Әуелі түйеңді байла, содан кейін барып Аллаға тәуекел ет» -, деуі осыдан болса керек. Сондай-ақ, шайтан лағынет Исаны (ғ.с) тура жолдан тайдыру үшін: «Ғибадатхананың төбесінен секір. Құдай сені қорғайды ғой» -, деп көзсіз тәуекелге итермелегенде, Иса (ғ.с) : «Мен Құдайға сенемін, бірақ сынамаймын» -, деп ұтымды жауап беріп, оның бетін қайтарып тастады. Омардың (р.а) халифалығы кезіндегі мына бір оқиға да тәуекел етудің қандай болатындығының жарқын мысалындай. Халифа Омар (р.а) мемлекет басшысы ретінде Шам аймағына іс сапарға шығады. Осы кезде бұл аймақта 25-30 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған оба тарап жатқан еді. Халифа сахабаларымен кеңесе отырып, кері қайтуға шешім қабылдайды. Мұны естіген Шам қолбасшысы Әбу Убайда (р.а) : «Алланың тағдырынан қашып барасыз ба» -, дейді. Сонда Халифа: «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына бара жатырмын. Егер де сенің түйелерің болса, ал алдыңнан бір жағының шөбі шүйгін, екінші жағы сортаң жайылым кезіксе, түйелеріңді қалауыңмен шөбі шүйгін жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен, сортаң жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба?» -, деп жауап беруі, мұсылманның Аллаға тәуекелі Алланың шариғатына сай шешім қабылдауымен болатындығын көрсетті. Тіпті осы оқиғалар қазіргі пандемия уақытындағы сақтық шараларын сақтауда біздің Аллаға тәуекел етуіміз қаншалықты деңгейде болуы керек екендігіне ғибрат болатындай. Аллаға деген тәуекел пендені әрдайым жеңіске, ал күмән шиеленіске бастамақ. Халық арасында «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесіңде кетесің, күмәннің түбі – түңғиық, батасың да кетесің» деген нақылдың кеңінен таралып кетуі де осының айғағындай. Осы орайда Абай атамыздың:

Сенбе жұртқа тұрсада қанша мақтап,
Әуре етеді ішінде қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап, - деген өлең жолдары да Аллаға тәуекел еткен пенденің ұстанатын ұстанымдарын нақтылап тұрғандай.

Жаратушы Ұлы Раббымыз жоғарыда айтып өткеніміздей Қасиетті Құранның бірнеше жерінде құлдарын тәуекел етуге шақыра отырып, шынайы түрде, күшінің жеткенінше еңбектенулерін сұраған және нәтижесі қандай болғанына қарамай, осы талпыныстарының қарымсыз қалмайтынын білдіріп, оларды жалқаулықтан және үмітсіздіктен шектеуді мақсат еткен. Сонымен қатар, Алла Тағала Пайғамбарға (с.ғ.с) қиналған уақытында: «Маған Алла жетіп асады, Одан басқа Тәңір жоқ, Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ Ол, Ұлы Ғаршының Раббы» («Тәубе», 129)  -, деп айт деуі баршамызға көрсетілген нұсқа жол емес пе?!

Олай болатын болса, Әнастан (р.а) жеткен Алла Елшісінің (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кім үйінен шығарда: «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім. Алланың күш-қуатына жететін ешқандай күш-қуат жоқ» -, десе оған: «Сен тура жолдасың, екі дүниенің жамандығынан құтқарылдың және қорғауға алындың» -, делінеді де шайтан одан алыстайды» -, деп келтірілгеніндей Алла Тағала баршамызды Алланың тура жолында болған, Аллаға дұрыс тәуекел еткен, екі дүниенің жамандығынан құтқарылған және қорғауға алынған, істері жеңілдетілген құлдарының қатарында болуымызды нәсіп етсін! Әмин!

 

 

Іле ауданы, Ынтымақ ауылы

«Биләл ибн Раббах» мешітінің бас имамы

Қаби Ринат