Биылғы жылы шілде айының 9-11 (зүлхижжә айының 10-12) аралығында бүкіл әлем мұсылмандары Құрбан айт мерекесін тойлағалы отыр.

Құрбан айт – мұсылмандардың ең ұлық мерекесі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресі, 2-ші аятында: «Сен де Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!» - дейді. Ал хадис-шарипте: «Алланың алдындағы ең ұлы күн – құрбан айт күні, ал содан соң  одан кейін келетін күн» - делінген (Ахмад, Әбу Дәуіт).

Құрбан айт мейрамының алдындағы күн– «Арапа күні» деп аталады. Бұл күні қажылық сапарда жүрген мұсылмандар түстен кейін Арафат тауына барып, ертеңгі мерекелік күннің айт намазына дейін сонда болады. Ал қажылыққа бармаға кісілерге ауыз бекітіп, нәпіл намаздар оқумен өткізген игі амалдар қатарынан болмақ. Бұл күні ораза ұстап, Алладан жарылқау тілеудің маңыздылығы туралы хадис жинақтарында айтылады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дұғалардың ең қайырлысы – арапа күні жасалған дұға...» - деген (Термизи). Арапа күні таң намазынан бастап құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейін парыз намаздардан кейін тәкбір-тәшриқ дұғасын айту – уәжіп. Себебі Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 203-аятында: «Санаулы күндері Алланы зікір етіңдер» - деп бұйырған.Тәкбір-тәшриқ дұғасы: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә илә-ә-һә илләллаһу, уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лилләһил-хамд».

 

Құрбан айт намазы

Ханафи мазһабында айт намазына қатысу – уәжіп. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айт намаздарына қалдырмай қатысқандығы және үмметтерін осыған шақырғаны туралы риуаяттарда айтылады. Сондықтан бұл күні ғұсыл құйынып, балаларыңызды ертіп айт намазына барсаңыз мол сауапқа бөленеріңіз хақ.

Құрбан айт намазына ас ішпей бару – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) құрбан айт намазына барарда үйінен ас ішпей шығып, намаздан кейін ғана өзінің сойған құрбандық малдың етінен ауыз тиетіні туралы айтылған (Термизи, Ибн Мәжәһ және Ахмет). Мешітке барғанша: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә илә-ә-һә илләллаһу, уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лилләһил-хамд» деп тәкбір айтып, қайтарда басқа жолмен қайтқан адамның әрбір қадамына сауаптан жазылады.

Айт намазын күннің астыңғы шеті көкжиек сызығынан найза бойы көтерілгеннен бастап тас төбеге жеткенше шейін оқуға болады. Азан мен камат айтылмады. Екі рәкаттан тұрады. Бірінші рәкатта қырағаттан алдын, екінші рәкатта қырағаттан кейін үш тәкбір айтылады.

 

Құрбандық шалу

Құрбандық шалу – Ибраһим пайғамбардан (а.с.) қалған сүннет амал. Ибраһим (а.с.) бірталай жасқа жеткенше перзент сүймепті. Не нәрсе болсада Алланың қалауымен болатындығын білгендіктен, ол құлшылық жасаған сайын: «О, Аллам! Маған тақуа болар ұрпақ бер» деп дұға жасайды екен. Күндердің күні болғанда, тілегі қабыл болып, Алла Тағала оған Смайыл есімді ұл береді. Бала өсіп, әкесіне қолқанат болуға жарағанда Алла Тағала Ибраһимге (а.с.) үш күн қатарынан түсінде ұлын құрбандыққа шалуды бұйырып, ауыр сынаққа салады.

Бауыр еті баласын өлімге қию кімге оңай болсын?! Ибраһим (а.с.) сондада Алланың бұйрығын орындау үшін, отын әкелеміз дегенді сылтау етіп баласын құрбандық шалатын жерге ертіп апарады. Сол жерде оған Алладан құрбандық шалу туралы пәрмен келгенін айтқанда, Смайыл сөзге келместен мойынсұнып, құрбандық болуға дайын екендігін білдіреді.

Ибраһим (а.с.) пышағын өткір қылып қайрап, баласының тамағына тақап үш рет  тартады. Бірақ пышақ өтпей қояды. Не істерін білмей ойланып тұрғанда «Аллаһу әкбар» деген дауыс естіледі. Қараса, Жәбірейіл  періште (а.с.) аспаннан көк қошқар алып түсіп келеді екен. Сөйтіп Раббысының бұйрығына мойынсұнып, қиын сынақтан абыроймен өткен пендесіне  Алла разы болып, баласының орнына құрбандыққа шалатын қошқар түсірген.

  Раббысының бұйрығын орындап, ризашылығына бөленген пенденің ахиретте жүзі жарқын болатындығы хақ. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл туралы былай деген: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да абзал басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».1

 

_________________

1.Тирмизи, Адахи,1.

 

Құрбандық шалудың үкімі

 Ханафи мәзһабында құрбан айт кезінде құрбандық шалу – уәжіп амал. Себебі қасиетті Құранда Алла Тағала: «Сен де Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!»  («Кәусар» сүресі, 2-ші аят) және «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарын белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық қылсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер» («Хаж» сүресі, 27-28-аяттар)- деп бұйырған.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» - деген.2

 

________________________

2.Ибн Мажә, Адахи, 2; Мүснад, 2/32.

 

 

Құрбандық шалу кімге уәжіп?

 Құрбандық шалу адамға уәжіп болуы үшін мына төрт шарт ескеріледі:

  • Мұсылман болуы;
  • Ақыл-есі бүтін болуы һәм балиғат жасына жетуі;
  • Құрбан айт кезінде жолаушы болмауы;
  • Өзінің қажеттерінен артық нисапқа3 толатын қаржыға ие болуы.

Бір отбасыдан бір құрбандық шалынса жеткілікті. Әбу Айюб әл-Ансаридің (р.а.) былай дегені келтіріледі: «Алланың елшісінің (с.а.у.) кезінде ер адам өзі үшін және отбасы мүшелері үшін бір қой құрбандық шалатын» (Тирмизи, Ибн Мажә).

 

Құрбандық шалудың пайдасы

Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 37-ші аятында: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» - деген.

______________

3.Нисап мөлшері – 85 гр. алтын немесе соның құнына тең ақша.

Демек, біздің шалған құрбандығымызға Алла Тағала мұқтаж емес. Бірақ біздің бұйрыққа мойынсұнып, әмірін құлдық ұрып орындауымыз Оның ризашылығына себепші болмақ.

 

Құрбандық шалғанда қандай дұға айту керек?

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай деген: «Оларды тұрғызып қойып, үстінен Алланың атын айтыңдар» («Хаж» сүресі, 36-аят).

Құрбан шаларда: «Бисми-Лләһ, уа-Ллаһу әкбар. Аллаһумма такаббәл-минни» - деп айту қажет (Муслим).

Егер құрбандық мал өзге біреудің атынан шалынатын болса: «Бисмилләһ, уа Алла, мұны пәленнің атынан қабыл ет», - деп бауыздау шарт болады.

 

 

Құрбандыққа қанша жастағы мал шалынады?

 

Түйе бес жасқа, сиыр екі жасқа, уақ мал бір жасқа толғанда (қой ірі болса, бір жасқа толмасада) құрбандыққа жарамды болмақ. Уақ малды бір адамның атынан шалынады. Түйе мен сиырды жеті адам бірігіп шалса болады.

Жәбирден жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Тиісті жасына толмаған малды құрбанға шалмаңдар. Егер бұл сендер үшін ауыр болса, онда алты ай толған қойды шалуларыңа болады» - дегені риуаят етіледі. (Муслим)

 

 

Малды құрбандық шалуға жарамсыз ететін себептер 

  • Екі немесе бір көзінің соқыр болуы;
  • Сойылатын жерге өз аяғымен жете алмайтын әлсіз, көтерем болуы;
  • Құлағы немесе құйрығы жоқ яки басым бөлігі кесілген болуы;
  • Емшектерінің басының жұлынып қалуы;
  • Тістерінің көбі түсіп қалуы;
  • Мүйізі түбінен сынған болса;
  • Үнемі лас нәрсемен тамақтанған мал болуы.

Бойынан осы кемшіліктер табылған малдар құрбандық шалуға жарамсыз. Бірақ Алла ризалығы үшін құрбандық шалуды ниет қылған кедей кісінің сатып алған малында осындай кінәраттар табылып жатсада жарамды болмақ. Өйткені оның құрбандығы – нәпіл құрбандық. 

Сондай-ақ, бір аяғы ақсақ болса да, жүре алатын, мүйізінің кішкене бөлігі сынық (немесе туғаннан тоқал), бірнеше тісі жоқ, құйрығының немесе құлағының кішкене бөлігі кетілген, құлағы тесілген (сырға салынған) және пішілген малды құрбандыққа шалуға болады.

 

 

Құрбандық шалу уақыты

 Айт намазы біткеннен бастап, айттың үшінші күні ақшам намазына дейін құрбан шалуға болады.

 

 

 

 

Құрбандық шалу әдебі

 Құрбандық шаларда:

  • Малды сойылатын жерге ұрмай-соқпау апару керек;
  • Малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды;
  • Өтпес пышақпен бауыздап малды қинамас үшін, оны алдын ала қайрап алу керек;
  • Құрбандық малының жүзін құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады;
  • Бір малды екінші малдың көзінше бауыздауға тиым салынады;
  • Екі тамырдың кесілуін қадағалаған жөн;
  • Құрбандық малдың бас-сирағын, терісі мен етін сатуға болмайды. Терісі қасапшыға да қол ақысы ретінде берілмейді. Терісі, басы мен сирағы, ішек-қарыны садақаға беріледі.

 

Ибн Аббас былай деген: «Бірде Алла елшісі (с.а.у.) өтіп бара жатып, өзіне қарап жатқан қойдың тұмсығына аяғын қойып, пышағын қайрап тұрған адамды көргенде, оған: «Сен неге оның жамбасын жерге тигізбей тұрып пышағыңды қайрап алмадың? Оны екі рет өлтірмекшісің бе?!» - деді. (Табарани)

 

Құрбандық малын әркім өзі шала ма?

Құрбандық малын әркім өзі шалғаны абзал. Әнас ибн Малик: «Алла елшісі (с.а.у.) мерекелік құрбан шалуды өзі жасайтын» - дейді. (Ахмад)

Мал бауыздай алмайтын кісі, мал союды білетін мұсылман шалдырса болады. Келесі бір хадисте Алла елшісінің (с.а.у.) Айша анамызға (р.а.): «Шалған құрбандығыңның қасында тұр» - дегені риуаят етілген. Демек, құрбан шалу кезінде қасында тұрған абзал.

 

Құрбандыққа шалынған малдың еті қалай үлестіріледі?

Қасиетті Құранда: «Сонда қашан олардың жамбастары жерге тисе (жаны шықса) жеңдер де, мұқтажға да, мұқтаж емеске де жегізіңдер» («әл-Хаж» сүресі, 36-аят).

Ибн Аббастан риуяат етілген хадисте құрбандық етіне қатысты ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Еттің үштен бір бөлігін өзіңе қалдыру керек,  (тағы) үштен бір бөлігін қонақтарға жегізу керек, келесі үштен бір бөлігін мұқтаждарға тарату керек» - дегені келтіріледі.

Яғни, құрбандық малдың етін үшке бөлген жөн.  Бірінші бөлігін өзіңізге алып қаласыз, екіншісін асып, ағайын-туыс пен көршілеріңізді дәмге шақырасыз, ал үшінші бөлігі жоқ-жітік, мұқтаж жандарға таратылады.

 

Қайтыс болған кісінің атынан құрбандық шалына ма?

Әбу Даудтың «Сунан» атты кітабының «Қайтыс болған кісінің атынан құрбандық шалу» аталатын тарауында былай делінген:

«Хазреті Әли (р.а.) біреуін өзі үшін, екіншісін Пайғамбарымыз (с.а.у.) үшін шалатын. Себебін сұрағандарға ол: «Алланың елшісі кеудемде жаным бар кезде өзі үшін құрбандық шалуымды тапсырып кетті» деген екен».

Демек, дінімізде сауабы қайтыс болған кісіге тисін деген ниетпен құрбан шалуға рұқсат етілген. Бірақ құрбандық шалу уәжіп болған адам алдымен өз атынан құрбандық шалады.

Егер опат болған кісі өз атынан құрбандық шалуды өсиет еткен болса, құрбандық малы айт күндері ғана шалынып, еті түгелдей таратылады.

Егер де дүниеден өткен жақын-жуығыңызға сауабы тисін деген ниетпен құрбандық шалу ниетіңіз болса, оны құрбан айт кезінде де, басқа уақытта да жасауға болады. Мұндай жағдайда құрбандық малдың етін таратуға да, өз отбасыңызға қалдыруға да рұқсат.

 

Әйел адам құрбан шала ма?

Ислам дінінде әйел адамға меншік иесі болу құқы берілгендіктен, байлығы нисап мөлшерінен асса, құрбандық шалуға міндетті болады.

  

Құрбан шалушыға құрбандық малдың етінен жеуге рұқсат па?

 Табараниден келген хадисте ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Әрбір адам өз құрбандығының етінен дәм татсын» - дегені риуаят етілген. Ал Бурайданың: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) ораза айт намазына тамақ ішпей шықпатын, ал құрбан айт намазы алдында одан қайтып келгенше тамақ жемейтін» - дегені риуаят етілген.

Сондықтан құрбан шалушы адамның сол күні өзі құрбандыққа шалған малдың етінен дәм татқаннан бұрын еш нәрсе жемегені жөн.

 

Қалжан ИСЛАМХАНОВ,
Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің бас имамы.