Көптеген жастар үшін Жаратушыға деген сенім өмірдегі мәнді құндылық ретінде жақсылыққа деген үміт болып табылады. Демек, дін – адамның рухани қалыптасуы мен дамуында шешуші ықпал ететін факторлардың қатарынан орын алады.

Соңғы жылдары дәстүрлі қазақ мәдениетін терістеп, оны дінсіздік деп танитын топ жастар арасынан да көрініс таба бастады. Бұл айтылып жүрген пікірлердің ұшқары екенін және діни сауатсыздықтан пайда болғанын көзі ашық азаматтар бірден байқайды. Біздің ата-бабалармыздың ешқандай да діни фанатизмге жол бермегені және исламның ақ жолын ұстанғаны белгілі.

Жастар – біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, ұлттық-рухани құндылықтармен тәрбиелеу – бүгінгі аға буын алдындағы мызғымас міндеттердің бірі болып отыр. Өйткені, кез-келген ұлттың болашағы өз халқын сүйген, оның ата дәстүрін қадірлеген, өткен тарихын мақтан ете отырып одан тәлім ала білген текті ұрпақтың қолында.

Жастарымыздың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қандай діннің ғибадат үйіне бас сұқпаңыз ол жерден жастарды кездестіруіңіз ақиқат. Тіпті діни тақырыптардағы түрлі әлеуметтік желі парақшаларын үзбей бақылап, ондағы жылт еткен жаңалықты қалт жібермей қадағалап отырған да осы – жастар. Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша Дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, әлеуметтік парақшалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. Өкінішке орай осы бір әлеуметтік желілердегі жалған діни ақпараттардан опық жеп жатқанымыз да баршылық.

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың, топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады.

Жас ұрпақты деструктивті діни ағымдардан сақтандырудың маңызына келетін болсақ, ең бірінші оларға қауіп-қатерлердің қайдан және неден келетінін түсіндіру қажет. Жастар деструктивті діни ағымның сана мен саулыққа кері әсер ететінін саналы түрде ұғынулары тиіс. Осындай дін атын жамылған ағымдарға қарсы жастар бойындағы иммунинет – ол діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ғасырлардан жеткен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі жастардың адастырмас темірқазығы болмақ. Осындай құндылықтар ғана жастарды, жасөспірімдерді теріс діни идеологиялардың құрсауынан құтқарады.

Дін саласында арнайы діни білімнің болмауы, шала сауаттылық та деструктивті діни ағымның құрсауына, торына түсуге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Жат ағымдармен күресте тек күш қолдану тәсілі тиімді нәтиже бере бермейді, сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізу ләзім. Яғни, діни сауаттылық қажет-ақ. Идеологияға қарсы идеология қою арқылы ағартушылық жолмен күресу қажет. Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың білім көкжиегін кеңейту керек. Адамгершілік тәрбиеде діни құндылықтарды пайдалану, сондай-ақ дін мен мектептерді байланыстыру — бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — демекші, ауызбіршілік пен ынтымақта, қоғам мен дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуде күш біріктіруі арқылы жастарды сақтай аламыз.  Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

Сыгаев А.С.
Кеген аудандық
«Әулие Абыз-Әлмерек баба»
мешітінің Бас имамы.