«Жақсылықа шақырып, жамандықтан тыю» мұсылмандықтың бір парызы. Алла тағаланың адамзат баласы үшін пайғамбарлар жіберуінің себебіде осы.

Алла тағала Құран Кәрімде: "Сендер, адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ, Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар. Ал, кітап иелері иман келтірсе еді, әлбетте, олар үшін жақсы болар еді. Олардың ішінде иман келтіргендер де бар. Олардың көбірегі бұзақылар" ("Имран" сүресі, 110-аят),– деп Алла тағала рахымына лайық болған құлдары туралы атап көрсеткен.

Бұл аятта жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың парыз екенін көрсетуде.

Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен жек көрсін. Бұл – иманның ең әлсізі» дейді. Яғни дұғамызға қосып ия Алла пәленше кісіге өзің тура жол көрсете көр деп сырттай дұға жасауымыз керек.

Ал, келесі бір хадисте: Пайғамбарымыз с.ғ.с. «Жанымды уысында ұстаған Аллаға ант етейін! Адамдарға жақсылықты жайып, жамандықтан тыясыңдар, олай етпеген жағдайда Алла Тағаланың жіберетін азабы тым жақын. Одан соң қаншама жалынып-жалбарынсаңдар да дұғаларың қабыл болмайды!».  дейді.

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: 

«Кімде-кім жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса сол адам жер бетіндегі Алланың, Кітабының және Расулының халифасы», – деп Алланың өзінің жер бетіндегі халифасы етіп жаратқан адамның осы ұлық дәрежеге лайық болу міндетін айтады. Бұл – біздің Алланың разылығына бөленуімізге септігін тигізетін аса маңызды себептердің бірі.

Тағы мына бір хадисті де келтіруге болады:

«Пайғамбарымыз құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам кіріп, Одан:

  • «Адамдардың ең жақсысы кім?» - деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз:
  • «Ол жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған, әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Алладан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі» - деп жауап берген.

Расында да Алла елшісі өмірінің соңғы деміне дейін адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюмен болды. Қай жерде көпшілік жиналса, сол жерге барып адамдарды хақ жолға шақыратын.

Жақсылық – адамзат баласының өмір бойы ұмтылатын асылы, құндылығы іспеттес. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан аулақ болу – мұсылманның басты міндеттері.

 Аллаһ Тағала Қәһф сүресінің 30-аятында: 

«Иман келтіріп, дұрыс іс істегендердің және жақсы амал істеген кісінің еңбегін жоймаймыз» дейді.  

Жақсылық жасаған адамның ырысы, берекесі молая түсетінін осы аяттар дәлелдей түседі.

Имандылыққа шақыру қызметіне кірісер кісі ел арасында, білімі, көркем мінез-құлықпен, ізгі амалдары арқылы танылуы ләзім. Өйткені сауатсыз кісі міндетті түрде қателіктерге бой алдырады.

Алла Тағала Құран Кәрімде исламға насихат етудің әдісін былай деп баяндайды.

«(Уа, Мұхаммед! Адамдарды) Раббыңның жолына даналық пен көркем үгіт арқылы шақыр! Әрі олармен ең көркем түрде күрес» (Нахыл сүресі, 125-аят).

Әбу Әл-Ләйс (р.а.) жалпы адам баласы жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін төмендегі шарттарды атап көрсеткен:

«Жақсылыққа үндеу 5 нәрсені қажет етеді:

  1. Білім. Өйткені надан адам жақсылыққа көркем түрде шақыра алмайды.
  2. Разылық. Бір Алланың разылығын көздеу және діннің абыройын көтеруді мақсат ету.
  3. Жұмсақтық. Жақсылыққа шақырып насиxат жасағанда жанашырлық пен жұмсақтық таныту. Дөрекі қатігез болмау. Алла тағала Мұса ғ.с. мен оның бауыры Һарун екеуіне Перғауынға барып насиxат айтуды әмір еткенде, онымен (Перғауынмен) жұмсақ сөз сөйлеуді бұйырған еді («Таһа» сүресі, 33-аят).
  4. Сабыр. Сабырлы әрі жуас болу керек. Алла тағала Құран Кәрімде Лұқман Хаким оқиғасында әкесі баласына: «Әй ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден», деген еді.
  5. Лайықтық. Сөзің мен ісің сәйкес болып, насиxат етіп айтып жатқан ісіңді өзің де істеуін қажет.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Мұсылман – мұсылманның бауыры, өзіне жақсы көрген нәрсені мұсылман бауырына қаламайынша толық иман келтірген болып саналмайды» деген.

Өкінішке орай бұл хадистерді жақсы білсек те, оған амал жасап жатқан мұсылмандардың жағдайы баршамызға белгілі болып тұр.

Біз қанша уағыз айтып адамдарды жақсылыққа шақырсақ та, олар Аллаға бойұсынып, жамандықтан тыйылмайды. Соған қарамастан біздің міндет -жақсылыққа шақыру, ал жүрекке әмір жүргізу Алланың қолындағы іс болып табылады. Бір адамға болса да жамандықтан аулақ болу жолдарын түсіндіре алсақ, мақсатымыздың орындалғаны.

Бұрынғы өткен данышпандар балаларына мынадай өсиет айтатын: «Араларыңда кімде-кім адамдарға жақсылық жасау және жамандықтан бас тарту керектігін айтпақшы болса, алдымен өз нәпсісін сабырмен қаруландырып алсын. Және бұл әрекеттерінің сауабын Алладан күтсін. Кімге Алла беретін сауап нәсіп болса, онда ол адам басқалардың тарапынан болатын теріс жауаптардың ащылығын сезбейтін болады» деген екен.

Бірақ та адамдар жамандықтан тыйғанда тек қана сөзбен айтып түсіндіру ғана емес, іс-әрекетпен де түсіндіруге немесе қоғамға үлгі болу  мақсатын ұстану керек. Өйткені мұсылманның шынайы сипатын көргенде, басқа пенделер қызыға да, қызғана да қарауы керек. 

Сондықтан да барша мұсылман бауырларды жақсылық жасауға, жас ұрпақтың бойына  жақсылықтың дәнін егуге,  жақсы сөз айтып, жақсы іс жасауға шақырамыз. Жақсылық – адам өмірінің мызғымас темірқазығы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады демекші, сол түйінді Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.): 

«Барлық адам қателеседі, бірақ қателесушілердің арасындағы ең жақсысы өз қателігін мойындап тәубеге келгені» деген хадисімен тәмамдауды жөн көрдім.

 

 

Алматы обл, Қарасай ауданы, Алмалыбақ мешітінің наиб имамы                                      Мусаев Қуандық Берікұлы