Қәзіргі жаханданған заманда әр адам өз орнын тауып, өмірге келгендегі мақсатын түсіне білгені абзал.Саналы адамзат өмірден өткенде артынан жақсы із қалдыруды көздейді.

Жақсы із дегеніміз - ата-анасының артынан дұға жасап, истиғфар (кешірім) тілеп, құран бағыштайтын ұрпақ. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде:

اعْلَمُواْ أَنَّمَا أَمْوَالُكُمْ وَأَوْلاَدُكُمْ فِتْنَةٌ وَأَنَّ اللّهَ عِندَهُ أَجْرٌ عَظِيمٌ​

«Біліңдер! Шындығында мал-мүліктерің және балаларың сынақ, ал Алланың алдында - үлкен сый" деген. ( әнфал, 28). 

عن أبي هريرة رضي اللله عن النبي صل الله عليه و سلم قال"  ان العبد لترفع له الدرجة، فيقول أي رب أنى لي هذا؟ فيقول: باستمرار ولدك لك من بعدك"

«Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:  «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа Раббым! Бұл маған қайдан келді?» - деді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен», - деді»

Соңыңнан ерген ұрпақты аса зор сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, мейірімге бөлеу әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыда бір пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткен үлгісінен артық үлгі таппасымыз анық.

Бала тәрбиелеуде қандай ұстанымға тоқтаған дұрыс? Осы бағытты мына төмендегі бес негізге  топтастырып қарап көрсек.

  • Отбасында, балаға тәрбие беруде ата-ананың ролі ерекше. Баланың тұлғалық жағынан қалыптасуы отбасынан бастау алады. Сол себепті ең алдымен ата-ана өзінің жүріс – тұрысына, әдебіне мән беруі қажет.
  • Балаға тәрбие беруде басты қажет қасиеттің бірі – мейірімділік. Оған жекіп, жаман сөздер айтып немесе қатты дауыс көтеріп, жазалауға болмайды. Мұндай жағымсыз әрекеттер, жаман энергия баланың өзін қалыптастыруына, жүйке жүйесіне, ата-анаға деген қарым-қатынасына әсер етері хақ.
  • Бала айтқанды емес көргенін істейді. Осы себепті балаға дұрыс үлгі көрсете білу керек. Баланы емес өзіңді тәрбиеле, себебі бала сенен қайталайды деген сөздер бүгінде көптеп айтылады. Мұның астарында балаға мінез-құлқымызбен, іс-әрекетімізбен, айналаға деген көзқарасымызбен оң тәрбие беруіміз керек ұстаным жатыр.
  • Жақсы білім беру. Жалпы бала тәрбиесінде ислам дінінің қайнар бұлағы – Құран мен Пайғамдардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне сүйену. Баланың білімді, саналы болып өсуі үшін жағдай жасап, оның діни сауаттылығының болуына мән берген жөн. Ислам дінімен сусындап өскен бала иманды ұрпақ болары сөзсіз.
  • Баланы үлде мен бүлдеге, мақтансүйгіш, мамыражай тұрмысқа үйретпеу керек. Өйткені шектен тыс рахатшылдықтың ортада өсу ұрпақтың әлжуас, аурушаң немесе кердең болып шығуына апарып соқтырады.

 إياكم و التنعم فإن عباد لله ليسوا بالمتنعمين"

Хадисте былай делінеді: «Жырғалшылдықтан сақ болыңдар! Расында Алланың пенделері жырғалшыл емес».

Абай Құнанбайұлы айтқандай:

Тамағы тоқтық
Жұмысы жоқтың
Аздырар адам баласын!
  التعليم في الصغر كالنقش  على الحجر و التعليم في الكبر كالنقش على البحر.

«Жас кезде оқыған тасқа басқан таңбадай.
Үлкейгенде оқыған теңізге салған таңбадай».

Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде Алла Тағала:

رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاَةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاء

«Раббым!Мені және менің ұрпақтарымды намаз оқитындардың қатарынан қыл! Раббымыз! Менің дұғамды қабыл ете көр!» деген. (Ибраһим, 40)

عن ابي هريرة رضى الله عنه أن رسول الله صل الله عليه و سلم قال: " اذا مات الانسان انقطع عمله الا من ثلاث : صدقة جارية أو علم ينتفع به أو ولد صالح يدعو له"

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілгенн хадисте Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Адам қайтыс болған кезде оның үш нәрсесінен тоқтаусыз сауап барады. Олар садақасы (мысалы, мектеп, көпір, құқық, мешіт, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білім) және  артынан дұға ететін игі жақсы баласы.  Басқа барлық амалы тоқтайды», - деген.

Сондай-ақ,  Ислам діні баланы иманды болумен қатар Отанын қорғай алатын азамат етіп баулуға бұйырады.

Бүгінгі заманда балаға Ислам дінінің қадір-қасиетін ұқтырып, өмірге келуінің мәнін айтып, иманды ұрпақ етіп тәрбиелеуге аса мән беру керек. Ол үшін бала өмірінде ең маңызды, бірінші тұлға – ол ата-ана екенін ұмытпайық. Болашақ  ұрпағымыз иманды, салиқалы болуды нәсіп етсін.

Ғайбулла Қарынбаев,
Талғар ауданы, Кеңдала ауылдық
мешітінің имамы