Христиандық діні (сөзбе сөз аудармасы «мәсіхтелгендер») – Ибраһимдік дін. Ибраһимдік діннің соңғысы Ислам діні. Христиан және ислам діндері ұқсас бір діни дәстүрі болған діндер саналады.

Христиан мен ислам діні де Ибраһим пайғамбардың дәстүріне сүйенеді.

Осы себепті, «Ибрани діндер» деп аталатын бұл діндер арасында кейбір ұқсастықтар сақталған. Монотеизм («бір құдайлық», грек тілінен аударғанда – бір және – құдай) - бір Құдайға шақыратын діни сенім мен оқыту жүйесі. Монотеистік діндердің негізінде «әлемнің жаратушысы мен барлық нәрсенің бастамасы болып бір абсолютті Құдай» принципі жатыр.[7]

Аты аңызға айналған Ибраһим пайғамбар монотеизмнің арғы атасы болып саналады. Ибраһим пайғамбар пұттарға табынудың бұрыстығын түсіндіріп, елін таухидке шақырды. Елі жұлдыздарға табынатын. Ибраһим (а.с.) небір қисынды дәлелдер келтіріп, пұттардың тәңір бола алмайтындығын түсіндірді. Бірде тіпті мынадай оқиға орын алды.

Бірде елдің алдында дінді насихаттап тұрғанда, түн болып, аспаннан жұлдыз көрінген-ді. Сол сәтте көктегі жұлдызды көрсетіп: «Осы ма менің Раббым? «Бәрімізді жаратты» деп жүргендерің мына жұлдыз ба?» деп елге сауал тастады. Насихатын атүсті тыңдап тұрған халық оның бұл сөзіне елең етіп, құлақ түре қалды. Олар «Менің Раббым мынау ма?» деген сөзді естігенде, Ибраһим (а.с.) халықтың сенімін қабылдады екен деп ойлап қалды. Әлгі жарқырап көрінген жұлдыздың жарығы бірте-бірте азайып көз алдарында ғайып бола бастаған кезде Ибраһим (а.с.) дауыстап: «Уа, халқым! мен сендерден: «Менің құдайым мынау ма?» – деп сұрадым. Сонда сендер: «Бәріміздің құдайымыз – осы!» – деп жамырасып едіңдер ғой. Ендеше, құдайларың қайда кетті? Неге ол түнде ғана көрініп, күндіз жоғалып кетеді? Көзден таса боп, жоғалатындар қайтіп құдай бола алмақ? Мен әсте көзден ғайып болатындарды жақсы көрмеймін» деп әңгімесінің астарын баяндайды.

 «Уа, халқым! Сендер өз-өздеріңді босқа алдамаңдар. Олардың бәрі құдай емес, олар күнде бір көрініп, бір жоғалу арқылы өздерінің әсте жоғалмайтын бір Жаратушысынан хабар беруде. Өйткені жоғалған нәрсенің қайта пайда болуы – оны қайта бар етіп жарыққа шығарған жалғыз Құдайдың бар екендігіне бұлтартпас дәлел.

Уа, халқым! Мен сендердің Раббыма серік қосқан барлық істеріңнен де, пұттарыңнан да, ойларыңнан да аулақпын. Мен әсте Раббыма ортақ қоспаймын деген еді. [Әнғам сүресі, 6/79]

Монотеизм әлемдегі барлық құбылыстың бірлігі идеясын көрсетеді. Құдай көзге көрінетін, материалды болмайды.

Монотеизм – тек бір Құдайға ғана яғни, Алла Тағаланың бар екендігіне негізделген сенім; осы доктринаға негізделген сенімнің діни жүйелері. Осы христиандық пен ислам діндері әлемдік діндерге жатады. 

Христиан дінінде Жаратушы түсінігі:

Христиан діні монотеистік дін деп есептелгенімен, абсолют құдайдың үш қырымен көрініс беруі арқылы ерекшеленеді. Қасиетті Үштік құдай догмат бойынша Құдай әке, Құдай ұл, киелі рух Құдайы бар. Осы үшеуі Қасиетті Үштікті құрайды деп біледі.

Қасиетті үштік - Құдай үш бейнеде (ипостасияда) деген сенімге негізделген христиан догматы.

Христиан үштік сенімі Әкеден, баладан және қасиетті рухтан тұрады. Христиандарда құдай әке мәңгілік, жаратушы, мейірбан және кешірімді. Құдай әке – тумаған да, туылмаған да. Ол көзге көрінетін, көрінбейтін әлемді жоқтан жаратып, Адам мен Еваны жаратты.

Үштік сенімдегі екінші формасы Бала- әкенің адам денесіне енген сөздері. Осы себебті христиандықта Иса пайғамбар құдайдың жалғыз ұлы. Қазіргі таңда христиандардың көп бөлімі құдай сөзінің немесе құдайдың өзінің ет пен сүйектен жаралып, адам бейнесіне енгендігіне сенеді. Бұл сенімде құдай әкенің адамзатқа деген сүйспеншілігі мен қамқорлығы себебті, Иса мәсіх формасында адамдар арасында өмір сүреді. Құдай әке балаға соттау және өмір беру құдірет күшін берген.

Үштік сенімнің үшінші формасы – қасиетті рух. 381 жылы өткен I Константинопольдық Ғаламдық Собор христиандық никей-Царьград сенім символын бекітті. 381 жылдан қазіргі уақытқа дейін Рим католик шіркеуі, православ шіркеулері, Ежелгі Шығыс шіркеулері, көптеген протестанттық шіркеулер Үштік Құдай туралы сенім-рәмізін ұстанады.

Осылайша қасиетті рухтың да әке мен балаға ұқсас құдай формасында екендігі қабылданды. Ол жаратылмаған құбылыс ретінде, адам рухында, жаратылыста өмір сүретін құдайдың өзі. Құдай әке барлық істерін осы қасиетті рух арқылы істейді және өз құдіртін қасиетті рух арқылы көрсетеді. [4,112-б]

Христиандардың  түсінігі бойынша, Құдайдың ұлы Иса мәсіх те құдіреті жағынан Құдай әкеден еш кем емес.

Христиандық догмалар жер бетіндегі барлық адамдар білуі керек үш негізігі қағидалары:

1) Жоғарғы Үш тұлғаның болуы;

2) Құдай ұлының адамзаттың өкілі ретінде құрбандығы;

3) Адамзатты күнәдан құтқару.

Үштік іліміне сенетіндер Құдай үш тұлғадан  - Әке, Ұл және Киелі рухтан – тұрады деп үйретеді. Олардың айтуынша, осы үш тұлға барлық  жағынан бір-біріне тең, үшеуіде құдіретті әрі ешқайсысының бастамасы жоқ. Сондықтан осы ілімге сәйкес, Әке де, Ұл да, Киелі рух та- Құдай, сөйте тұра құдай жалғыз. Үштікке сенетіндердің көбісі өз ілімдерін түсіндіріп бере алмайтындарын мойындайды. Сонымен қатар кейбіреулер Ұл мен Әке бір Құдайды құрайды деген тұжырым жасайды.

320 жылдары шамасында Мысыр, Сирия және Кіші Азия шіркеулерінде Христиандық ілімнің Құдай туралы догматикасына қатысты елеулі пікір сайыс жүріп жатты. Теңізшілер мен саяхатшылар тек Әке ғана шынайы, танып білуге болмайтын және жалғыз Құдай екенін, ал Ұл о бастан бар болмаған және мәңгілік емес деп есептеді. Туындаған даудың себепкері Александриялық епископ Арий (Ариус) болатын. Жергілікті епископ Александрдың Арий көтерген мәселелерге назар аудармауы, тіпті мұны теріске шығаруы оған оңайға тимеді: қалайша Иса Әкесі секілді Құдай бола алады? Арий Мессияның құдайлығын жоққа шығармады. Расында да, оны «құдіретті Құдай» және «толық Құдай деді» Бірақ ол Мессияны табиғатына қарап Құдай деп атауды «Құдайға тіл тигізу» деп түсінеді, өйткені Иса әкесінің өзінен ұлы екенін нақты айтқан.   [5,117-б]

Епископ Александрға жазған хатында былай дейді: «Құдай – «жалғыз, туылмаған, мәңгі және түпсіз, жалғыз, шынайы, өлмейді, дана, рахымды және аса құдіретті».  [5,118б]

Арий Киелі кітапты өте жетік білді және Мессия- Сөздің табиғаты тек біз сияқты бола алатынын дәлелдейтін тұтас ауқымды мәтіндермен қаруланды. «Әңгімелер кітабындағы» үзінді өте маңызды. Яғни Құдай даналықты ең бастапқыда жаратқан. Онда Даналық жаратылыс қаруы ретінде айтылған, бұл ой Иоанн Інжілінің алғашқы шумақтарында қайталанып қолданылады. Алғашқыда Сөз Құдайда болған:

«Барлығы Содан бастау алды,

Онсыз бірде-бір нәрсе жаратылмас еді» [5,118-119 б.]

Киелі Рух концепсиясы көпшілік үшін түсініксіз болып қалды. Бұл не, «Құдай» сөзінің синонимы ма, әлде одан да жоғары ма? «Біреулер Оны (Киелі Рухты) әрекет деп ойлайды, екінші біреулер тірі жаратылыс десе, үшіншілері Құдай дейді, қалғандары Оның кім және қандай екеніне сенімді емес» - деді Григори Назианзин. [5,124 б]

Апостол Павел Киелі Рухты жаңартушы, жаратушы және нұрландырушы деп сипаттаған. Афанасийдің «Адам Құдайға жақындай алады» дегенге қатфсты көзқарастары соншалықты сенімді болмады. Ол адам бойынан туа біткен пәнилікті көрді. Біз жоқтан пайда болдық, сол жоққа жасаған күнәларымыз үшін қайтып барамыз. Сол себептен жаратылған әлемге қарап тұрған Құдай:

«... барлық жаратылғандардың қалауларына сәйкес бір мезетте өзгеретінін және өлімге қиылатындықтарын көрді. Бұған кедергі болу үшін және әлемнің жоққа айналуын болдырмас үшін Ол барлық болмысты Өзінің мәңгі Логосы арқылы жаратты, яғни оларға болмыс дарытты». [5,120-б]

Ислам дінінде Жаратушы түсінігі:

Илсам діні жалғыз құдайға сенуді (таухид) басты мақсат етеді. Жаратылысқа теңелмейтін Алла Тағала жаратылғандардың себепшісі әрі жаратушысы. Оның ешбір теңдесі жоқ. Ол ешнәрсеге ұқсамайды. Алла Тағаладан өзге барлық нәрсенің, күллі жаратылыстың бастауы және соңы бар. Ұлы Жаратушыдан басқаның бәрі кейіннен пайда болған. Исламда «Алла» сөзі – қайталанбас ұғым. «Алла» күллі жаратылысты жоқтан жаратқан Ұлы Жаратушының есімі. «Алла» сөзі жеке бір есім болып, ешқандай тілге аударылмайды.[4,113-б]

Ислам дінінің сенім негіздері Құран мен пайғамбар хадистеріне негізделіп түсіндіріледі. Иман – сенім, мұсылман дінінің құрамдас бөлігі. Иман ұғымы – исламдағы ең қасиетті нанымдардың бірі. Мұсылмандар үшін иман – Алланың бар әрі жалғыз-даралығына, серігі мен ұқсастығының болмағандығына, барлық нәрсе Оның қалауы мен жаратуының нәтижесінде болатындығына жүрекпен сеніп, оны тілмен айту.

Сондай-ақ, пайғамбардан иманның не екендігі сұралғанда Иман- Аллаға, Оның періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену деп жауап берген болатын. [4,113-б]

Ислам дінінде адам Құдайдың құлы, ең алғашқы пайғамбар Адам (а.с.), ал соңғы пайғамбар әзіреті Мұхаммед (с.а.с.) болып есептеледі.

Алла Тағаланың жіберген кітаптары мен пайғамбарлары арқылы да Өзін танытқан. Мұсылман баласы Аллаға иман еткен кезде, Оның затына тән сипаттарына сеніп және де нұқсан сипаттардан пәк екендігін де білуі тиіс. Алла Тағаланың бүкіл сипаттарының басы мен соңы жоқ және өзге жаратылыстардың ешбірінің сипатына ұқсамайды. [3,125-б].

 

Алла Тағаланың зати және субути сипаттары

1. Зати сипаттары (Аллаға тән сипаттар)
Зати сипаттары деп – Алланың затымен бірге болып, одан бөле – жарып қаралмайтын сипаттарын айтады.
Алланың ұлылығын, кәмілдігін, бүкіл нұқсан сипаттардан пәк екендігін білдіреді. Төмендегі алты сипатты зати сипаттар қатарына қосамыз:

2. Уужуд (Бар болу)
«Уужуд» сөзі «бар болу» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Алла Тағала бар және сол бар болуы да өздігінен әрі Ол бар болуында ешбір нәрсеге мұқтаж емес. Бар болмау ұғымы – Алла Тағала үшін мүмкін емес түснік. Уужуд (Бар болу) Алланың бүкіл сипаттарының негізі болып табылады.

3. Қидам (Әуелден бар)
«Қидам» деген «бастауы жоқ» деген мағынаны білдіреді. Яғни Жаратушы белгілі бір уақытта пайда болмаған, Ол әу бастан бар.
«Ол Алла әуелгі әрі соңғы, Ол ашық (дәлелдермен білінеді), әрі ақыл жетпес құпия» («Хадид» сүресі, 3-аят).

4. Бәқа (Мәңгілік)
«Бәқа» сөзі «соңы жоқ», яғни «мәңгілік» деген ұғымды білдіреді. Алла Тағала - мәңгілік иесі. Алланың сипаты үшін ақырғы деген түсінік жоқ.Тек Алла ғана әуелден бар және мәңгі.

5. Уахданият (Алланың бір екендігі)
Уахданият дегеніміз – Алла Тағаланың затында, сипаттарында және істерінде жалғыз екендігін, серігі мен ұқсасы жоқ екендігін білдіреді.

6. әл-Мухалафату лил-хауадис (Жаратылғандарға ұқсамау)
Кейіннен пайда болғандарға еш ұқсамау. Бұл сипат – Алла Тағаланың кейіннен жаратылғандардың ешқайсысына ұқсамайтындығын немесе ешбір нәрсенің Оған ұқсамайтындығын білдіретін сипат.

7. Қиям би нәфсиһи (Өздігінен бар болу, мұқтаж емес)
Қиям би нәфсиһи дегнніміз – бар болуы өздігінен, яғни бар болу үшін еш нәрсеге ( уақытқа, себепке, жаратушыға, мекенге т.б.) мұқтаж болмау.
«Айт: Алла біреу, Ол Алла – самад (еш нәрсеге мұқтаж емес)» («Ықылас сүресі, «1,2-аяттар)

8. Субуту сипаттары (тұрақты сипаттар)
Субути сипаттары Алланың зати болмысы болмағанымен, затымен, болмысымен бірге болатын сипаттар.

9. Хаят (Тірі болу)
Алла тірі әрі тіршілік иесі және Оның бұл сипаты өз болмысымен тұрақты. Ол әуелден тірі, өмір иесі және мәңгілік тірі қалпында болады. «Мәңгілік өлмейтін тірі – Аллаға тәуекел ет» («Фурхан» сүресі, 58-аят).

10. Илм (Білу)
Білу сипаты – Алла Тағаланың барша құбылыс пен табиғатты білетіндігін, бүкіл ғылымның Иесі екендігін білдіреді.Алла өткен-кеткен, болғанды, болатынды, жарияны, жасырынды, бүтінді, бөлшекті, мысқылдай сыбырды т.б. болатын һәм болуы мүмкін әрекеттер мен құбылыстарды біледі.

11. Сәмғ (Есту)
Алла Тағаланың субути сипаттарының бірі – самғ , яғни есту сипаты.Алла Тағала қандай да бір дыбыс болмасын, барлығын естиді.
«Ол – бәрін естуші, шексіз ілім Иесі» («Бақара» сүресі, 137-аят)

12. Басар (Көру)
Алла тіршілік атаулының бәрін, бүкіл ғаламшарды (ғаламшарлар мен жұлдыздар т.б. адам баласы үшін беймәлім болған әлемдерді) түгел көреді.
«Күдіксіз, Алла толық естуші, тым қырағы», - дейді. («Ғафыр» сүресі, 20-аят.)

13. Ирадә (Қалауы болу)
Алла бір нәрсенің қашан, қайда, қай уақытта болатындығын Өз қалауы бойынша жасайды. Алланың қалағаны болып, қаламағаны болмайды және ешбір күш те, құдірет те бұл істе шарасыз, яғни еш нәрсе Оның қалауындағы нәрсеге әсер ете алмайды.
«Шын мәнінде, Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу, сонда ол бола қалады» («Иәсин» сүресі, 82-аят.) 

14. Құдірет ( Күші болу)
Алланың құдірет сипаты оның шексіз күш пен құдірет иесі екендігін білдіреді. Алла Тағаланың күш-құдіреті жетпейтін ештеңе жоқ.
«Көктердегі және жердегі нәрселер Алланы осалдата алмайды. Шексіз, Ол – толық білуші, аса күшті» («Фатыр» сүресі, 44-аят.)

15. Кәләм (Сөйлеу құдіреті болу)
Алла Тағала сөз иесі болғандықтан, «сөйлейді». Әрине, Ол дыбысқа, әріптерге және әріптерден құралған сөздер мен сқйлемдерді құрастыруға мұқтаж емес. Сондықтан, Оның сөйлеуі біздің ұғымымыздағы сөйлеуге мүлдем ұқсамайды.
«Алла Тағала Мұсамен тілдесті» (Ниса сүресі, 164-аят.)

16. Тәкуин (Жоқтан бар етуі)
Тәкуин – жоқтан бар ету деген мағынаны білдіреді. Шексіз құдірет иесі – Алла Тағала тәкуин сипатымен қалаған нәрсесін жаратады, жоқтан бар етеді.
«Ол жердегі (яғни, жердің асты – үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты», («Бақара» сүресі, 29-аят.)

Қорыта айтқанда, еліміздегі ислам және христиан дініндегі Жаратушы түсінігін дұрыс түсіне білу әр адам баласына міндетті деп ойлайм. Қоғам бар жерде мемлекет пен дін болатынын баршамызға мәлім ал сол дінді дұрыс түсініп оны дәріптеу керекпіз.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1) Есім Ғ.; Әбуов А.П., Бегалинова К.К.; Смағұлов Е.М.; Жолдыбайұлы Қ. «Дінтану негіздері» Алматы, Білім 211
2) Байтенова Н.Ж.., Құлсариева А.Т., Құрманғалиева А.Д., Рысбекова Ш.С., Бейсенов Б.Қ., Борбасова Қ.М., Затов Қ.А., Демеуова А.А., Абжалов С.У., Дінтану негіздері.- Алматы, 2015
3) Ержан Қ. Ислам ақидасы. -Алматы: «Самға» баспасы, 2018 ж.
4) Ержан Қ., Махмет М. Салыстырмалы діндер тарихы.-Алматы 2017 ж.
5) Армстронг К. Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны.-Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қоры, 2018 ж.
6) Құран Кәрім
7) ikaz.kz