Адамзат тарихында қабір ұғымы Адам атаның екі ұлы Абыл мен Қабылдың оқиғасынан бастау алады. Араларында болған келеңсіз жағдайдан соң бір бауыр екіншісіне қол жұмсап, өлімге қияды.

Міне осыдан бастап қайтыс болған адамға қатысты жерлеу ғұрыптары қалыптаса бастайды.

Дінімізде қайтыс болған адамның бейітіне барып оны зиярат етудің негізгі екі себебі бар. Біріншісі: сол қайтыс болған адамға дұға жасау, жаны жай тапсын деп Алладан кешірім тілеу. Екіншісі: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай адамның өлімнен ғибрат алуы, бұл дүниенің мәңгі еместігі және алда шынайы өмір күтіп тұрғандығын еске түсіруі.

Өлімді еске алу, мәңгілік өмірді ұмытпау және өзіне ғибрат алу үшін қабірлерді зиярат ету – асыл дінімізде мұстахаб, қайырлы саналатын іс. Тіпті ғибадат үшін салихтардың қабірін зиярат ету сауап саналады.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алғашында қабірлерді зиярат етуге тыйым салғанымен, кейін рұқсат берді. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерді қабірді зиярат етуден тыйған едім, бұдан былай қабірлерді зиярат етіңдер! Расында қабірлерді зиярат ету сендерді бұл дүниеге алданудан тосып, шынайы өмірді естеріңе түсіреді» - деген.   Муслим 2/672.

Тағы бір хадисте бір күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) анасының қабірін зиярат етеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде ешқашан сол күнгідей жыламаған болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) анасының қабірін зиярат еткен күні: «Раббым анам үшін кешірім сұрауға рұқсат етпеді, бірақ оның қабірін зиярат етуге рұқсат етті » – дейді .

Ибн Әбу Муләйка: «Бірде Айша анамыз зираттан қайтып келе жатқан еді. Мен одан: «Уа, мүміндердің анасы! Қайдан келе жатырсыз?» деп сұрадым. Ол: «Мен інім Абдуррахманды зиярат етіп, қабірінен қайтып келемін» - деді. Мен: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қабірлерді зиярат етуге тыйым салмап педі?» - деп сұрадым. Ол: «Иә, басында тыйым салды, бірақ кейін рұқсат берді» - деп жауап берді. 

Айта кетерлік, жоғарыда келтірілген оқиғадан әйелдер бейіттерді емін-еркін зиярат ете алады деген тұжырым жасау дұрыс болмас. Себебі әйел адамдар қабір басына келгенде көңілдері босап, өз-өздеріне ерік беріп қоятыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, олардың қабірлерді зиярат етуден алатын насихатынан қарағанда алатын зияндары әлдеқайда көп. Яғни, сауаптан қарағанда күнәға ие болып қалуы әбден мүмкін.Қабірлерді зиярат ету – сүннет амал. Сүннет амалды орындау үшін адам күнә жасауға жол бермеуі керек. 

Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қабірлерді зиярат етіңдер. Расында, қабірлерді зиярат ету арқылы мәңгілік өмірді еске аласыңдар. Қайтыс болғандарды жуыңдар. Расында, адамға жансыз денені жуу – анық насихат. Қайтыс болғандардың артынан намаз оқыңдар. Бәлкім сол арқылы қайғы мұң сезінесіңдер. Расында бұл дүниеде жүріп, арғы дүниесі жайлы қам жеп қайғырған адам Ақыретте Алланың көлеңкесінде, қорғауында болады».

Ибн Муләйка риуаят етеді: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өлгендеріңді зиярат етіңдер, оларға дұға жасаңдар. Мұнда сендер алуға тиіс үлкен насихат бар» - деген.

Жағфар бин Мұхаммедтен жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатима немере ағасы Хамзаның (Алла оларға разы болсын) бейітін ара-тұра зиярат етіп тұратыны жайлы айтылады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кім жұма күні ата-анасының немесе олардың біреуінің қабірін зиярат етсе, оның күнәлары кешіріледі, өзі де жақсы адамдардың қатарына қосылады» - деген.

Ибн Сирин Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді:  «Шынында, егер қайсыбір ата-анасы перзентіне ренжіген, разы болмаған хәлде өмірден өтсе, сондай-ақ баласы ата-анасы қайтыс болғаннан кейін олардың қабірлеріне келіп Аллаға жалбарынса, олар үшін дұға қылып ізгі амал жасаса, Алла Тағала оны жақсылардың және ата-анасына бағынғандардың қатарына қосады» - деген.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Кімде-кім менің қабірімді зиярат етсе, қиямет күні мен оған шапағат етуге міндеттімін» - деген.

Алла елшісі:  «Кімде-кім Мадинаға Алла разылығы үшін мені зиярат етсе, қиямет күні мен оған шапағатшы әрі куәгер боламын» - деген.

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта, бір күні Алла Елшісі қайтыс болғандарға дұға жасау үшін Бақи зиратына барады. Сонда Айша анамыз Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) зиратқа не үшін барғанын сұрағанда Алла Елшісі:  «Расында мен оларға дұға жасауға бұйырылдым» - дейді.  Ахмад 6/252.

Хатим әл-Асам: «Қабірлердің жанынан өткенде өз өмірі жайлы ойланбай және марқұмдарға дұға жасамай бейжай өткен адам өзіне де, марқұмдарға да сатқындық жасады» - деп айтқан.  «Сакаратул-маут» 13.

 

Зиратқа кіре берісте немесе зираттың жанынан өткенде жасалатын дұға жайлы

Жоғарыда айтылған хадистер қабірге барудағы негізгі мақсаттарды анықтап кеткендей. Қабірді өлімді еске алу немесе қайтыс болған мұсылмандарға дұға жасау үшін бару құпталған амал.

Мұсылман зиратқа кірерде шынайы өмірді еске алып, өлімге дайындалып және марқұмдардың жағдайлары туралы ойланып кіруі керек. Зиратқа кірерде хадисте келген дұға-сәлемдерді айтып кіргені мақұл. Сырттан қарағанда қабірдегілердің барлығы бірдей секілді көрінуі мүмкін. Алайда сол марқұмдардың бірі қабірдегі жәннат нығметтеріне бөленіп жатса, енді бірі бұл дүниеде істеген істеріне өкініп, сол істері үшін есеп беруде. Иа, Алла! Өзің бізді қабір азабынан сақтағайсың және қабірде жәннат нығметтеріне бөленуімізді нәсіп қылғайсың.

Зиратқа кіре берісте немесе зираттың жанынан өткенде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен сәлем түрін айту сүннет амал болып есептеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бейіт басынан өткенде осы дұғаны айтып сәлемдесетін болған:
«Уа, қабір иелері мүмін мұсылмандар сендерге Алланың бейбітшілігі болсын! Расында, Алла қалаған күні біз сендердің арттарыңнан еріп барамыз, Алла Тағала бізден бұрын өткендер мен кейінгілерді өз рақымына алсын, Алладан бізге және сендерге амандық сұраймыз».  Муслим 2/671, Ибн Мәжә 1/494.

السَّلاَمُ عَلَيْكُمْ أَهْلَ الدِّيَارِ، مِنَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُسْلِمِينَ، وَإِنَّا إِنْ شَاءَ اللهُ بِكُمْ لاَحِقُونَ، وَ يَرْحَمُ اللهُ الْمُسْتَقْدِمِينَ مَنَّا وَالْمُسْتَأْخِرِينَ، أَسْأَلُ اللهَ لَنَا وَلَكُمُ الْعَافِيَةَ

Ассаламу алейкум әһләд-диәри минәл-му'мининә уәл-муслимин, уа инна ин шаа Аллаху бикум ләхиқун, уа иархаму Ллахул-мустақдимина минна уал-муста'хирин, әс'әлу-Ллаха уа лаку-мул-а'фия.

Бұл сәлемдесуді айту кезінде қолды көтеру міндет емес, жүзді қабірге қарай бұру жеткілікті. Қайтыс болғандарға басқа да дұғалар жасағанда қолды көтеріп дұға жасауға болады, өйткені Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі солай жасаған. Айшадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: «Бақи зиратында жатқан марқұмдарға дұға жасағанда Пайғамбарымыз (Алла оған разы болсын) қолдарын көтерген».  Мәлік 1/239, Ахмад 6/92.

Қайтыс болғандар үшін құлшылықтан соң дұға жасауға келетін болсақ, құлшылық Қағба тарапқа қарай жасалу керек. Күнделікті бес уақыт парыз намаздардан соң да қайтыс болғандар үшін дұға жасауға болады. Бірақ құлшылық қабірге қарай жасалмауы керек, себебі Алла елшісі қабірге қарай құлшылық жасаудан тыйған.

 

Аманкулов Босымхан,
Қарасай ауданы, Абай ауылы,
«Шабдарұлы Смағұл – Сәрсенбайұлы Еркінбай» мешітінің имамы

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Муслим
  2. Ибн Мәжә
  3. Ахмад ибн Ханбал, «Муснад»
  4. Мәлік
  5. Сакаратул-маут
  6. Ғазали, «Ихия улум әддин»