Қазіргі күні қай мешітке ауызашарға бара қалсаң да, ораза ұстап ауыз ашу келген мектеп жасындағы балаларды көп көресің. Тіпті, олардың арасында бастауыш сыныптарда оқитын 7-8 жастағы балалардың кезігетіндігі де бар.

Асыл дінімізде жасы келген қарттар мен науқас адамдарға, емізулі баласы бар яки аяғы ауыр әйелдерге, сапарда жүрген жолаушыға қиындық тудырып, денсаулығына зиянын тигізбес үшін ораза ұстамауға рұқсат етілген. Осы жерде «Әлі бұғанасы қатаймаған жас балалардың отыз күн ораза ұстағаны дұрыс па?» - деген сұрақ өз-өзінен туындап тұр.
Негізінде, ораза парыз болуы үшін балиғат жасына, яғни қыз балалар 9-ға, ер балалар 12-ге толуы керек. Бірақ балиғат жасына жетпеген балалардың ораза ұстауға үйренуі дінімізде құпталған амалдардың қатарына жатады. Белгілі дін маманы Қайрат Жолдыбайұлы: «Баланың денсаулығына зиян келтірмейтіндей түрде балаларды да бірте-бірте оразаға үйреткен жақсы», – дейді. Ал енді бұған дәрігер мамандар не қосар екен?

Әнуарбек Әбішев, дәрігер-остеопат:

–  Оразаның балиғат жасқа жеткендерге, яғни 12 жастан бастап парыз болуы бекерден-бекер емес. Баланың организмі бір мүшелге жеткенде ғана толық жетіліп болады. Ал енді жетіліп келе жатқан ағзаны күнделікті, белгіленген уақытта беріліп тұратын қорегі мен дәрумендерінен ажыратса, оның өсіп-жетілуіне кері әсер ететіндігі өзінен-өзі түсінікті нәрсе. Мысалға, бақшадағы әлі піспеген қауынды аптап ыстықта суарып тұрмасаңыз, уақытына жетпей пәлегі қурап, көктей солады. Яғни, бұл балиғат жасына жетпеген балаға қарны ашқан кезде тамақ бермесеңіз, оның өсіп-жетілуіне кері әсерін тигізеді деген сөз. Сондықтан, балалардың балиғат жасынан бастап ораза ұстағаны дұрыс.

Сөзіміздің соңында, рамазан айында ауыз бекіткен оқушы балалардың ата-аналарына ораза ұстаудың өзіндік әдебі болатындығын ескерткіміз келеді. Мысалға, таң атпай сәресі ішуге тұрған оқушы баланың шала ұйқы күйде сабақ үстінде қалғып-мүлгіп отыруы, «мен оразамын» деп мұғалімнің талабын орындаудан бас тартуы, үй тапсырмасын орындаудың орнына ауызашарға дейін қалың ұйқыға кетуі оның оқу үлгірімінің нашарлауына себепші болуымен қатар тәртібінің де төмендеуіне әкелетіндігі шындық. Сондықтан, балаларыңызға ораза ұстауға рұқсат берген болсаңыздар, олардың ораза әдебінен аспауын қадағалап отыру сіздердің мойындарыңызда болмақ.

Алла Тағала Рамазан айында ауыз бекіткен барша мұсылманның дұға-тілегін қабыл етіп, Қиямет күні ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сапында тұратын салихалы ұрпақ тәрбиелеуін нәсіп етсін!

Қалжан Исламханов,
Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің Бас имамы