Жалпы адамзат баласы үшін ненің ақ, ненің қара екені айдан анық болған нәрсе еді. Бірақ та қазіргі таңда адам баласы біле тұра шалыс басып, қателікке бой алдыруын тоқтатпауда.

Былайша айтқанда күнәға белшесінен батуда десек те қателеспеген болармыз. Керісінше жақсылыққа жетелейтін амалдарды біле тұра оны істеуде түрлі сылтау іздеп, істемеудің амалын табуға тырысады. Құранда баян етілген Мұсаның (а.с.) қауымына еліктеп жатқан сынды.

Жалпы қарап тұрсаңыз Алланың жаратқан пенделері жақсылықта жарысып, сауап жинауға тырысып жатса, екіншісі жамандыққа үйір болып, күнә арқалауда алдына жан салмай, тіпті, оны жария етіп мақтанышпен басқаларға да түрлі жамай ой тастап отыратындары да баршылық.

Осындай оқиғалардан кейін заманның ағысымен жүрген көптеген жастар күнә іс дегеннің не екеніне мән де бере бермейді емес пе? Оның да себебі жетерлік, бұлардың көбісі діннен алшақтау отбасыдан болғандықтан, күнәлі іс деп тек олар: кісі өлтіру, ұрлау, шошқа етін жеу секілді бірлі-жарымды әрекеттерді ғана ойлайды. Нәтижесінде қателіктер мен түрлі үлкен күнәларға баратындықтары анық. Күнә мен сауаптың парқына бармаған жастардан не үміт, не хайыр болар.

Күнә – адам табиғатын өзгертіп жіберері ақиқат. Алланың тап-таза парақтай пәк етіп жаратқан рухы мен жүрегінің тұнығы күнәлар арқылы лайланып, соңында бұзылады, бүлінеді. Күнәны көп жасау арқылы адам өзінің таза, пәк табиғатын сақтай алмай қалады. Ал, енді мұсылман адамның міндеті сол – күнә мен қателі істерге бой алдырмай, жамандыққа аяқ баспау.

Адамзат баласы үшін нәпсісін жеңген күйде, шайтанға ермеген күйде, күнәдан тыйылған күйде өмір сүру оңайға соқпас.

Пайғамбарымыз (с.а.у) бір соғыстан өздерінен бірнеше есе көп жауды әрең жеңіп келе жатқанда, сахабаларына ең үлкен соғыстың бұл емес, ең үлкен соғыс нәпсімен екенін айтқан екен.

Ата-бабаларымыз: «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп бекер айтпаған. Күнәмен басталған істің соңы адамзат баласына жақсылық әкелмейтіні айдан анық!

Күнә мен сауап жайында Ибн Аббас (р.а.) былай деген:

«Сауапты іс адамның жүзіне сәуле, жүрегіне нұр, ризығына кеңшілік, денесіне күш-қуат береді және адамдар көңілінде оған деген ықыласты оятады. Ал, күнә адам жүзін түнертіп, жүрегін қарайтып, ризығын кемітіп, денесіне дерт береді және адамдар көңілінде оған деген ашуды пайда етеді».

Демек, күнә жеңіл әрі әдемі көрінгенімен оның ләззаты ұзаққа созылмайды, соңында опық жейді.

Шариғатымызда адамның жеті мүшесі арқылы күнә істейді екен. Олар: көз, құлақ, тіл, қолдары, аяқтары, қарын және жыныс мүшелер. Сондықтан осы аталған мүшелерімізге қызды қырық үйден тыйған сынды ие болып, тыя білсек, ақырымыздың соңы жақсы болары сөзсіз.

Қазіргі жастарымызға күнә дегенді заманауи тілмен түсіндіру мақсатында мынандай мысалдарды келтірсек болады. Мысалы, күнә ол – қылмыс. Қылмыс істеген адамның жауапқа тартылары айдан анық. Күнәні қылмысқа теңеуіміздің себебі қазіргі жастар оған мән де бермейді. Күнәға немқұрайдылық танытып, болмашы іс секілді қарап, ойланбастан істей береді. Сол жамандықтан тыю мақсатында оларды да кейде отбасылық жағдайда ата-ананың тәрбиелеу мақсатында жазалап қою артық етпейді. Себебі, әкенің қаттылығы мен шешенің мейірімі азайған заманда отбасылық тәрбие ауадай қажет.

Ал енді сауапты істің түрлеріне келер болсақ, сауабы мол және ол ақырет күніне дейін үздіксіз барып тұратын ізгі амал бар. Ол жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына бір хадисінде:

– Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады, - дейді. Қасындағы сахабалар таңырқап:

– Уа, Аланың елшісі! Ажалдың өзі тоқтата алмайтын ол не қылған үш амал? — деп сұрайды.  Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):

– Біріншісі, жария садақасы; екіншісі, тастап кеткен пайдалы білімі; үшіншісі, өзіне дұға етіп отыратын тұяқ қалдырып кетсін», - баяндаған.

Хадисте айтылып отырған «жария садақа» – адамдар күнделікті өмірлерінде көпшіліктің пайдаланатын көпір салу, жол салу, мешітпен бірге құдық қазу, су құбырын жүргізу, қайырымдылық мақсатта емхана, асхана, мектептер салу сынды хайырлы істер. Адамдар бұлардан пайдаланған сайын сауабы солардың салған, салынуына себепші, демеушілік қылған азаматтарға, иелеріне, құрылысшыларына, жалпы соған себепші болған кісілерге сауабы үздіксіз барып отырады. Бұлардың сауабы мен шарапаты бұл дүниеде һәм ақыретте пайда береді. Бұл жайында Пайғамбардың (с.а.у.):

«Жақсылық жасауға себепші болған адам, сол ізгі амалды жасаушымен тең» деген.

Сол сияқты шариғатымызда қандай да бір іске себепші болсаңыз, сол іс сіздің артыңыздан не күнәсі не сауабы барып тұрады. Сол іске себепші болғандығыңыздан істі істеген барлық адамдардың күнәсі немесе сауабы да сізге жазылып отырады. 

Қазіргі таңда жастарымыздың арасында батысқа еліктеген кейбір қаракөз іні-қарындастарымыз түрлі-түрлі күнәлі істі жасап алып, бедірейіп, түк болмағандай отыра беретін безбүйректер де көбейіп келеді. Мұның алдын алмасақ, ертеңіміз бен болашағымыз бұлыңғыр болып, жақсылыққа жете алмасымыз анық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады демекші, сол түйінді Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.): 

«Барлық адам қателеседі, бірақ қателесушілердің арасындағы ең жақсысы өз қателігін мойындап тәубеге келгені» деген хадисімен тәмамдауды жөн көрдім.

 «Қаскелең қалалық» мешітінің бас имамы, «Әбу Ханифа» медресе-колледжінің ұстазы Нұрбосынов Ғани Бейсенұлы