Ислам діні көркем мінездің, сүйіспеншіліктің, мейірімділіктің діні. Оның адам баласы үшін беретін құндылықтары өте көп. Соның бірі ұрпақтарымызға көркем мінезділік пен дұрыс тәрбие беру. Артымызда дінімізді көркем түрде насихаттап, қоғамға пайда әкелетін мәдениетті, салихалы ұрпақ қалдыру. Исламда ата – ана үшін маңызды болған міндеттердің бірі ол- бала тәрбиесі.

Алла Тағала Құран кәрімде бірнеше аяттарда бала тәрбиесі және оны қалай атқару жөнінде айтқан. Алла Тағала Құран кәрімде:

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған жәһәннамнан қорғаңдар (Тахрим сүресі, 6-аят) »- дейді.

Бұл жерде жәһәннам құтқару тек дұрыс Ислами тәрбие беру арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман адам үшін балаларына дұрыс Ислами тәрбие беруге, оларды қоғамдағы түрлі жаманшылықтардан қорғауға жәрдемдесетін қаншама хадистері бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сендердің әрқайсысың бақташысыңдар. Және баққан нәрселеріңнен сұраласыңдар»-деп, ата-ана үшін балаларын тәрбиелеу, оларға Аллаға бойұсынып, Алланы және Оның Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көруді, Жәннәтқа ұмтылып, Жәһәннамнан қорқуды үйрету Алла Тағаланың алдындағы парызы екенін айтқан.

Ислами тәрбие мынадай жолдармен жүзеге асырылуы тиіс:

  1. Дұрыс сенім.

Балаға Ислами тәрбие беру ең алдымен дұрыс сенімді қалыптастырудан басталуы керек. Яғни балаға Алланың барлығын, жалғыз екендігін, оның сипаттарын, Таухид сөзін (лә иләәһә илләЛлаһ) және оның мағынасын үйрету керек. Исламның парыздарын, рүкіндерін үйрету керек. Сауап пен күнәнің не екендігін, Жәннәт пен Жәһәннәмның не екендігін түсіндіру керек. Баланың ақыл – ойын ластайтын жалған сенімдерден сақтандыру керек.

  1. Құлшылық жасауға үйрету.

Балаларға жастайынан намаз оқуды, ораза тұтуды, Құран оқуды үйрету.  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Балаларыңа жеті жасында намаз оқуды бұйырыңдар» - деген.

  1. Көркем мінезділікке тәрбиелеу.

Баланың мінез-құлқын Ислами тұрғыда қалыптастыру. Өзгелердің хұқықтарына құрметпен қарауды, ата-анасымен, ағайын-туыстарымен, бауырларымен, көршілерімен, достарымен жақсы мәміледе болуды үйрету. Әділ болуға, шыншыл болуға, жомарттыққа баулу.

  1. Спортқа баулу.

Баланы түрлі спорттық ойындарға қатыстыру. Оның денесі шымыр, қуатты болып өсуіне, денсаулығына көңіл бөлу. Сол арқылы оны пайдасыз нәрселермен шұғылданудан сақтандыру.

  1. Психологиялық тәрбие.

Балаңыздың өзіңізбен ашық сөйлесе алуына мүмкіншілік жасау. Оны тыңдау. Онымен ой-пікірлеріңді бөлісу. Ақылдасу.

  1. Баланың денсаулығына көңіл бөлу.

Денсаулығына зиян келтіретін істерден тыю. Балаға адал ас ішкізу. Харам ас ішіп-жеуден, ден саулығына зиян беретін нәрселерді ішіп-жеуден тыю. Тамақ ішерде «бисмилләһ» айтуды, тамақты оң қолымен жеуді, тамақтан кейін Аллаға мадақ айтуды , үйрету. Ұйықтаған уақытта да ұйқының шарғи әдептерін сақтауды үйрету.

Бұдан басқа ата-ана үшін балаға жанама түрде әсер ететін тәрбие түрлерін орындау міндетті. Олар:

  • Алла Тағаладан балалары үшін дүниеге келместен бұрын да, кейін де дұға тілеу. Олардың тура жолда болуын, салих ұрпақтардан болуын сұрау.
  • Оларға жақсы, мағыналы есім беру.
  • Балалармен қарым-қатынаста олардың арасында әділдік қылу. Бұл олардың арасында бір-біріне деген жек көрушілік, көреалмаушылық болмауы үшін.
  • Балаларына жұмсақ, мейірімді болу. Кейбір жағдайларда тәрбие үшін қаттылық танытуға болады. Бірақ дөрекілік таныту дүрыс емес.
  • Әкесі баласын үнемі дұрыстыққа бағыттап, қателік жасаудан сақтандырып отыру керек. Оған көркем насихат айтып, жанына жақсы достар таңдауға, жаман достардан бойын аулақ салуға ықпал етуі керек.
  • Баланың атқарған жақсы істерін мақтап, қолдау білдіріп, жасаған жаман істеріне жаза беру керек. Бірақ жаза беру ұрып-соғумен емес, бәлкім, ұрысу, қатқыл көзбен қарау арқылы болуы керек.

       Ата-ана бала тәрбиесін өздерінен басағаны дұрыс. Яғни Алла Тағаланың қасиетті дінін дұрыс ұстанып, балаларына үлгі бола білулері керек. Балалар көп жағдайда ата-анасының айтқан сөзінен бұрын олардың істеген істерін тез қабылдайды.

       Бала тәрбиесіндегі тағы бір маңызды мәселе ол – ата-ана баласынан шамасы жетпейтін нәрсені талап етпеуі керек. Олай болмаған жағдайда бұл бала тәрбиесіне кері әсерін беруі мүмкін.

Енді қыз баланың тәрбиесіне жеке тоқталайық.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз балаларға ерекше жұмсақтықпен, мейіріммен қараған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелер үшін ең үздік үлгі. Ол  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз балалары дүниеге келгенде ерекше қуанған. Қыз баланың тәрбиесіне келген кезде мына мәселелерді есте ұстау керек:

  • Олардың денелей және рухани қажеттіліктерін өтеу.
  • Оларға Ислам дінінің негіздерін үйрету. Құран оқуды үйрету. Инабатты болуды, ұятты болуды үйрету.
  • Алла Тағаланың және Оның Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдағы хақыларын үйрету.
  • Қыз баланы шариғатқа сәйкес әурат жерлерін жауып тұратын киім киюге дағдыландыру.
  • Қыз баланы салихалы ана болуға, инабатты жар болуға дайындау. Балиғат жасына жетпестен бұрын шариғатқа сәйкес киінуге дағдыландып, егер кисе оған мақтау айтып, ынталандырып отыру керек. Және де бөтен ер адамдармен араласудан сақтандыру керек.

            Жасөспірім балалардың тәрбиесіне келетін болсақ, ол да белгілі бір жолдармен, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Мысалы:

  • Жасөспірімдерге ақыл-кеңес берген кезде қарапайымдылық таныту керек. Сонымен қатар олардың көңілдеріне тимейтіндей, намысына тимейтіндей тәсілдерді пайдалану керек.
  • Сезімдер мен ақылды қозғайтын әңгімелерді араластырып айту керек. Өйткені жасөспірімдер сізді сүйіспеншілік пен ризашылық арқылы тыңдай алады. Жасөспірімдер өздерінің ашық ойларымен, жігерлілігімен, белсенділігімен ерекшеленеді. Өздерімен әңгімелескенді, бір нірсені талқылағанды жақсы көреді.
  • Жасөспірім балаға үйретуге тиісті болған мәселелердің бірі – оның балиғат жасына жету процесі. Сол кездегі оның организімінде болатын өзгерістер айтылуы тиіс. Оған алдын ала дайындау керек.
  • Балаларды ойлануға, талдауға, шешім қабылдауға үйрету.
  • Балаларды ауырған уақытында, қиналған уақытында Алла Тағаладан жәрдем тілеуге үйрету. Өйткені олар мұндай уақытта рухани әлсіз, сынғыш болады. Өздерін қолдайтын, бағыт-бағдар беретін біреуге зәру болады.
  • Бала жалығып кетпеуі үшін қолданылатын тәрбие әдістерін жаңартып және әртараптандырып отыру.

      Баланың үйде болсын, көшеде болсын, мектепте болсын дінді құрметтейтін, Ислам шариғатын бағалайтын ортада болуына жағдай жасау керек. Айналасында дұрыстыққа шақыратын достарының болуын, бұзықтыққа шақыратын достары болмауына ықпал ету керек. Ол үшін балаға жақсы жолдастың пайдасы мен жаман жолдастың зияны туралы насихат айтып отыру керек.

       Балаларды теледидардан немесе телефон арқылы пайдасыз, зиянды нәрселерді көруден шектеу керек. Ол үшін олардың орнын пайдалы нәрселермен алмастыру керек. Мысалы, Құран оқуға, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға машықтандыру керек. Үй шаруашылығына араластыру керек.

       Ислам дінінде ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Әрбір ата-ана үшін балалары Алланың аманаты. Және Қиямет күнінде сол аманаттар үшін сұралатындығымыз сөзсіз. Содықтан да бала тәрбиесіне салғырт қарамай, ерекше көңіл бөлуіміз қажет.

Қазақта: «Ел болам десең бесігіңді түзе»- деген қанатты сөз бар. Алла Тағала әрқайсысымызға артымызда салихалы, тәрбиелі ұрпақ қалдыруымызды нәсіп етсін! Әмин!

 

Салауат Мажитов, 
«Жаңатұрмыс ауылдық»
мешітінің бас имамы