«Адам баласын заман өсіреді, кімде кім жаман болса, оның замандастарының бәрі кінәлі».
Абай Құнанбайұлы

Ата-бабамыздың аңсаған ақ арманы – болашақ ұрпағының тәуелсіздігі еді. Ал сол Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңі болашақ иманды ұрпақтың қолында екені баршаға мәлім.

Сол себепті қазіргі таңның өзекті мәселесінің бірі жан-жақты дамыған заманда иманды жастарды тәрбиелеу. Имандылық тәрбиенің негізгі мақсаты – жүрегінде иманы бар, дені сау, ұлттық сана сезімі ояу, рухани бай, мәдениетті, парасатты, ар-ожданды, кез-келген салада еңбекқор әрі іскер азаматты тәрбиелеу.

Сонау сан ғасырдан бері халқымыз болашағына, соның ішінде жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскеншекті тәрбиелеу жолдары мен амалдары да сан қырлы. Ата-бабаларымыздың бойға сіңірген тәрбиесінің шешуші рөл атқаратын тәлімі мен маңызы – жастардың иманды ұл, ибалы қыз болып өсуінде. Сондықтан да елдің ертеңгі тірегі жарқын болашақтың кепілі екендіктерін жадыларында сақтауы қажет.

Мағжан Жұмабаев өзінің «Жастар» атты өлең шумақтарында айтып кеткендей, ұрпағына зор үмітпен қараған.

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін! - деп, өр намысты, от жалынды, өрескел рухты жастар бар кезде, елдің іргесі мықты боларына сеніммен қараған.

«Қазіргі кезде ел болашағы – иманды жастардың қолында. Қазақстанның келешегін көркейтетін бірден-бір негіз ол – білімді ұрпақ». Жастар – ата-бабаларымыз салып кеткен дара жолдың мұрагері, кешегінің тірегі, келешегіміздің тұтқасы. Ата-бабаларымыз сенім артқан иманды жастар ол – ұлт келбеті. Қазіргі таңда  иманға бет бұрған жастарымыздың да саны күн атқан сайын артып келеді. Осының нәтижесінде бес парызын қаза етпей, аузында кәлимасы болған иманды жастар көбеюде. Ел ертеңінің жарқын болашағына сенетін ұл-қыздарымыз өз елінің тілі үшін, діні үшін, ұлтының тыныштығы үшін аянбай тер төгіп түрлі іс-шараларды атқаруда. Ол да  жастарға тағылымды тәрбие беріп, дұрыс жол сілтеуде тұтқа бола білген дін мамандарының толассыз атқарып жатқан белсенді істерінің жемісі.

Асыл дініміз Ислам да әрдайым жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін көрсетіп, оның тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Себебі дұрыс бағыт алған жастар оларға артқан жауапкершілік пен үмітті ақтайды. Ал, керісінше тәрбиесі ақсаған жастар дұрыс пен бұрыстың арасын ажырата алмай, сағы сынады.

Жиырма бірінші ғасыр толассыз тасқындаған ақпараттардың дәуірі десек қателеспейміз. Осындай қоғамда түрлі күрделі өзгерістер мен даму қарқынының ағымы ішінде өмір сүріп жатқан жастарды тәрбиелеу оңай шағылатын шаруа емес. «Адамның мақсаты – ағыспен ағу емес, өз жағасын табу» деген сөз осы тұста орынды келеді. Себебі, оларға кейбір заманауи көзқарастардың ұлттық тәрбиеге қарама-қайшылығын көрсете отырып, оны олардың бойына дарыту одан да күрделі әрі мамандар үшін – кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.

Әлемнің екінші ұстазы болған Әбу Насыр әл-Фараби атамыз:

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», - деп дөп басып айтқан.

Мақалаға арқау болған имандылық – халықтың ғасырлар бойы бабадан ұрпақтың бойына қанмен берілген баға жетпес байлығы. Осындай тәрбиені жинақтап, сол өнегені жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, заманауи дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын мен соған сай мінез-құлқын қалыптастыруына ықпал етеді. Олардың осындай тоқтамына ұлттық әдет-ғұрыптар мен атадан қалған өнегемізді дұрыс танып, оны бойына сіңіре білуінің маңызы зор. Сол арқылы ол жалпы адамзаттың тәрбиесіне септігін тигізіп қана қоймай, өз халқының игілігіне және басқа ұлттар мен ұлыстарға өнеге бола алады.

Адам баласы шыр етіп дүниеге келе салсымен оның бойында адами қасиет бірден пайда бола салмайды. Адамгершілік пен имандылық тәлім-тәрбие баланың жастайынан бойында қалыптаса бастайды. Ендеше адамның әдепті яки әдепсіз болуы берген тәлім-тәрбиемен тығыз байланысты. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Сондықтанда әке-шешенің ең әуелгі міндеттерінің бірі баланы бағып-қағып, жақсы тәлім-тәрбие беруге міндетті. Тәрбиенің адам өмірінде елеулі орын  алатынғы баршаға мәлім. Атам қазақ: «Тәрбие – тал бесіктен басталады»- деп, соқырға таяқ ұстатқандай нақты межесін көрсетіп айтып кеткен.

Ислам ғалымдары  тәрбиені  жалқы және жалпы деп екіге бөліп қарастырған.  Жалқы тәрбие – Ұлы Аллаһ Тағала пайғамбарлары арқылы адам баласына үйреткен сенім-нанымдар,  жақсы іс-әрекеттер нәтижесінде жүзеге асады. Оған қоса әке-шешенің бұрыс не дұрыс болсын өз білгенін  үйретуін қоса алады. Ал жалпы тәрбие болса – әлемнің  ең кішкентай бөлшегінен бастап ең үлкен болмысына дейін Құдірет Иесінің қолымен тәрбиеленіп жатқандығын айтамыз. Мәселен: күн мен айдың шығыстан шығып, батысқа батуының өзі бір тәртіптік жүйемен құрылған. Кез-келген жәндік тек Жаратушының жүйелеген тәртібіне мойынсұнады. Мысалға бал арасын алсақ, ол бал жинау әмірі берілгендіктен одан тыс әрекет жасауы мүмкін емес.

 Дегенменде Аллаһ Тағаланың Рабб есімі: жаратушы, тәрбиелеуші, басқарушы деген мағынаны қамтиды. Сондықтанда Құрандағы Рабб сөзі Тәрбиелеуші дегенді меңзесе керек. Оған дәлел Құранның алғаш түскен сүрелерде Аллаһ сөзінен қарағанда Рабб сөзі көбірек келген. Демек, жалпы тәрбиелеуде мәжбүрлік болса, жалқы тәрбиелеуде қалау мен ерік бар. Осы қалау мен еріктің арқасында жақсы немесе жаман тәрбие иесі боламыз.

 Имам Ғазали баланының келешекте адам яки надан болуының бірнеше факторларына байланысты деген. Олар мыналар:

Ата-анасы (жақсы не жаман адам болулары секілді);

Өсіп жетілген ортасы;

Оқыған ордасы;

Өзінің  ақылдылығынан  не  ақымақтығынан;

Имам Ғазали айтқанына құлақ ассақ: «...кейде наданнан адам туып жатады. Бұл баланың парасаттылығы мен ақылдылығынан болса керек. Ал кейде адамнан надан туып жатады, бұл керісінше ақымақтығынан болса керек.  Өзі де, атасы да адам, бірақ  өскенде залым, қан ішер болып жатады, мұның себебі өскен ортасына байланысты болса керек».

Әсіресе ата-ана турасында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Бала фытратпен (болмысы пәк таза) туылады, кейін  әке-шешесі христиан болса, христиан етеді, мажуси (отқа табынса) болса, мажуси етеді, яхуди болса, иудаист етеді» - деген.

Осы  хадистен алар өнеге бала әке-шешесінің әрбір сөзі мен іс-әрекетіне қарай бейімделіп, ақылын қолданатын шаққа келгенше өзінің таза пәк жаратылысын бұзып алса, ары қарай  ақылын қолданып дұрыс жол тапса онда игі, ал таппаса сол алған тәрбиесінің ағымымен кете бермек.   

Айналамызға қарасақ кейбір иісі мұсылман жас буындардың еуропаға еліктеймін деп  жүріп есіргендерін көресің. Оның нәтижесі ұрлық-қарлық, арақ ішу, есірткі шегу және зорлық-зомбылық, нақақтан-нақақ кісі өлтіру, өз әке-шешесін қарттар үйіне апару, өз ішінен шыққан баласын жетімдер үйіне  тастау немесе ата-анам демей қарсы жекіп сөйлеу сияқты факторлар қазіргі қоғамда шаш етектен толып жатыр. Сонда осылардың барлығына кім кінәлі? деген ой туындайды. Менің ойымша, балаға дұрыс тәлім-тәрбие бере алмаған  әке-шеше кінәлі. Қазақ атам: “Баланы жастан, қатынды бастан” деп бекер айтпаған. Балаға  дер кезінде берілуі керек болған тәрбиеге немқұрайдылық танытып немесе дүниеқоңыздыққа, қатыгездікке және қара басын ойлауға тәрбиелеудің салдарынан болып отыр. Әрине ата-ана олай болуын қаламайды. Алайда іс насырға шапқанда ғана бармақ тістейді. Мұндай жағдайларға  түсудің бірден-бір себеп, көбіне ата-аналарымыз қоғамдық яки жанұялық мәселелерді Исламның қағидасымен шешпей, өз беттерінше пайымдай салауының нәтижесі десек қателеспейпіз. Атақты ислам фолософы Мұхаммед Икбалдың дөп басып айтқан сөзі ойға келеді: «Өміріміз бен тәрбиеміздің басты негізі - Ислам болуы керек. Біліміміз бен ақылымыз дінге сүйенбейтін болса, оның түкке пайдасы жоқ».

Көпшілікке топырақ шаша алмаймын, дегенмен ата-ананың басым көпшілігі баланы заманына сай  жақсы киіндіріп, дұрыс тамақтандырып, айтқанын екі етпей орындап баланы жақсылап тәрбиелеп жатырмыз деп ойлайды. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс?

Меніңше бұны тәрбиелеу емес, олардың өмір сүрулері үшін белгілі мұқтаждықтарын тауып беріп, қамтамасыз ету десек ақылға қонымды болар еді. Баланың материалдық азығы мен қоса рухани да азығы болады. Материалдық азығы әркімге де белгілі (ішіп-жеуі, киімі, т.б.), ал рухани аш тұсын тауып, оған қажетті азығын беру оңайға соқпайды. Сондықтан да ата-ана рухани азықтың не екенін немесе қандай екенін,  не істеу керектігін алдын ала нақтылап пішіп алғаны жөн. Әу баста әке-шеше, балаға тәлім-тәрбиені дұрыс бере алмаса, қартайғанда балаларының зейнетін көремін деге шағында, қайта олардан бейнет көрумен өтеді. Ол аздай, қиямет қайым күні өз бала-шағасы Аллаһ Тағалаға наразылықтарын білдіріп, оларды танымайтындай бір-бірінен қашатын күн болады. Сондықтанда мұндай халге түспеудің жолын Құран Кәрімде Тахрим сүресінің 6-аятында дәлме-дәл ескерткен:

«Әй Иман келтіргендер! Өздеріңді және үй-іштеріңді Қиямет қайым күні тозақтың отыны адамдар мен тастардан болған жалынды оттан қорғаңдар».

Сөз жоқ, адамның мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы өскен ортасымен тікелей байланысты. Себебі, дүниеге ешкімде жаман мінезбен немесе қаскөйлікпен келмейді. Абай Хәкім бір сөзінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде кім жаман болса, оның замандастарының бәрі кінәлі» деген пікір айтқан. Сол сияқты менің атым Қожа атты көркем фильмнің бір сюжетінде де мұғалім ағай «бәрің жақсысыңдар да, екі жаманды түзете алмайсыңдар ма» деген пікір айтады ғой. Сондықтан да қоғамда болып жатқан түрлі кесапатты істерде бәріміздің де үлесіміз болғандықтан кінәліміз. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір жамандықты көрсеңдер оны қолымен түзетіңдер, қолымен түзетуге шамаларың келмесе, тілімен түзетіңдер, оған да келмесе жүрекпен жек көріңдер. Бірақ жүрекпен жек көру иманның ең әлсіз түрінен» деген. Өкінішке орай қазіргі қоғамда жастардың бойынан түрлі жаман пиғылды әрекеттерін көрген сәттерде сол иманның ең әлсіз түрін іске асыра алмай қалатын кездеріміз көп кездеседі. Сондықтан ақыл-ойды өсіретін, білім мен біліктілікті молайтып, жанашырлық пен мейірімділікті оятатын – имандылықты тереңінен түсініп, бойымызға сіңіруге бәріміз бір кісідей атсалыссақ, жіберген қате-кемшіліктерімізді түзетеріміз анық.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бұл шаралар бірінші кезекте әр отбасы өз ошаққасынан тәрбиелеуден бастаса дұрыс жолға қойылған межелі іс болар еді. Осы ретте, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мен некенің дұрыс үлгісін көрсетіп, отбасындағы әке мен ананың мәртебесін жоғарлатып, жыл өткен сайын қарқын алып жұмыс жасап жатқан имамдарымыз бен ұстаздарымыздың тоқтаусыз жасап жатқан түрлі уағыз-насихаттары көңілге демеу беріп, болашаққа үлкен сенім ұялатады.

Сондықтан да, дін мен ділді, тіл мен мәдениетті қалыптастырып, өркендету, рухани жағынан саналы көзқарас танытып, ақ пен қараны айыру жағына келгенде өз ішімізден ықпалы мол шараларды іске асыра беруіміз керек. Иманды, тәрбиелі, білімді, ізетті, адамгершілік қасиеттерге толы ұрпақ өсіру жолында аянбай тер төге білуіміз қажет. Сондықтан отбасын бастап, балабақшада, мектепте, университетте, қоғамда жас ұрпаққа ұлттық рухани тәрбиені сіңірудің алтын ұясына айналуы тиіс. Иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеу жолында мешіттер мен медреселердің алар орны ерекше. Бірақ, өкінішке орай, бұл мүмкіндіктерді де өз деңгейінде пайдалана алмай келеміз. Бұған дәлел ретінде дінсіз тәрбиеленген қоғам мен Ислам дініне деген қайшы әрі қисық ойдан шығарылған салт-дәстүрлерінің шырмауынан әлі де шыға алмай келеміз. Сол себепті сол шырмаудан шығуымызға кедергі болып жүрген жандарға Ли Куан Юдың мына сөз сабақ болса екен: «Ақыр соңында, шешімді бәрібір ересектер қабылдайды, жастар емес. Алайда сол жастар ертеңгі күні ересекке айналып, оларға да шешім шығаратын күн туады да, олар әлгі шешімдерге назар аударады. Міне сол кезде олар алдыңғы ересек ұрпақты дұрыс шешім қабылдағаны үшін мақтан тұтатындай болуы тиіс».

Біз қайда жүрсекте Отанымызды сүйіп, өз еліміздің жанашыры болсақ, онда ол нағыз иманымыздың жоғары деңгейде екенінің кепілі. Олай болса, отанымызға деген сүйіспеншілігіміз бен адалдығымыз арта берсін. Болашағымыздың салауатты болуы үшін ұрпағымыз иманды болып тәрбиеленуіне бір кісідей атсалысуымыз керек.

Негізінде тәрбиенің қайнар бұлағы Құран Кәрім мен хадис болып табылады. Құран мұсылмандардың қасиетті кітабы, шариғаттың негізі, адамзаттың тәрбиешісі. Құранның басты мақсаты адам болмысының жан тәнін кірден арылтып, жанын жайландырады. Сол үшінде қолымыздағы Құран мен сүннет кітаптарға баға жетпес құндылықтарымызды дұрыс пайдаланып, болашақ жастарымызға жақсы тәлім – тәрбие берейік ағайын!

Сөз соңында Ғабит Мүсірепов ағамыздың мына кеңесімен түйіндегім келеді.

«Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер!»- дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады».

 

Ғани Бейсенұлы НҰРБОСЫНОВ,
«Қаскелең қалалық» мешітінің Бас имамы