Сопылық сарындағы әдебиетте жиі кездесетін «кемел адам» ұғымының түп-тамыры тым әріде, ғасырлар қойнауының түкпірінде  жатыр.

Ежелгі түркілердің дүниетанымында еліне қорған болған алыптар – жетілген (толық), яғни кемел адам саналған. Мысалға, «Қорқыт ата кітабында» кемел адам бейнесінде берілген Бамсы Байрақ, Боғаш, Байындар,Қазан хандардың әрбірі осындай жандар. Олардың барлығы да тәркі дүниенің алдамшы қызықтарына аса мән бермейтін, бойындығы бұла күшіне күш қосатын қуатты діни ғашықтықтан алатын, нұрлы ақылға ие кемел тұлғалар. Кітап кіріспесіндегі Қорқыт атамыздан қалған нақыл сөздерде: «Тәңірге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бірі екеу болмайды. Тәңірісі бәндесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді...» делінген1.

  Яғни, бұл жерде: «Қурай да Құдайсыз сынбайды» дегендей, бәрі де бір Алланың қалауымен болатындықтан, Жаратушысын танымаған көрсоқыр, жүрегінде Аллаға деген махаббаты жоқ пенденің ақиқатында кемелдікке жете алмасын ұғындырып отыр. Себебі, Жаратушысының жамалына ынтызар болу – рухани кемелдікке жету жолында адамға азық болатын ерекше қуат.

  «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай атамыз болса кемел адамға қатысты ойтолғауында жалпы адамзат баласын «толық адам» (кемел адам), «жарты адам» деп екі топқа бөліп, біріншісіне нұрлы ақыл, екіншісіне суық ақыл тән деп қарастырады. Жомарттыққа кереғар ашкөздік, сараңдық секілді жаман қасиеттерден бойды аулақ салуға үндеп:

Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі — ол баяғы.

 

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?! – дейді.

  Қорқыт ата тағы да: «Күлді қанша үйгеніңмен төбе болмас. Қара есектің басына жүген таққанмен – тұлпар болмас. Күңге сары пай шапан жапқанмен  – бәйбіше болмас. Қар қанша қалың жауғанымен – жазға бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек – күзге бармас» дейді.

  Демек, жылтырағанның барлығы алтын емес. Сырт көзге әсем көрінуді ғана мақсат етіп, ішкі (рухани) әлеміңді байытуға мән бермесең – ғапылдықта қаласың. Бұл турасында Шәкәрім қажы: «Адамдар сенің сыртыңнан қарайды, Жаратушың ішіңмен, жан дүниеңмен бағалайды. Пенделер үшін сыртыңды ғана әдемілеумен әуре боп, ішкі әлеміңді ұмыт қалдырып, ластап алма» деп ескертеді «Жан тәрбиесі» деген сөзінде.

  Тағы да «Қорқыт ата кітабында»: «Жігіт тірі кезінде Қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Сулар тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкәппар адамды Тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға Тәңірі бақ бермейді» - делінген.

  Яғни, тойымсыздық, ашкөздік, дүниеқоңыздық секілді сипаттар жалпы жарытылыстың мән-мағынасына ой жүгіртіп, не себепті өмір сүретіндігін, не үшін дүниеге келгендігін түсінбеген суық ақылды, хас надан «жарты адамға» тән жағымсыз нәрселер.

  Мұндай жағымсыз қасиеттерден арылуды үндеп, сақилыққа шақыратын ұлағат сөздерді халық ауызында сақталған би-шешендердің сөзінен де табуға болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын жолымыз түсіп Сырдың Аралға құяр сағасына таяу жерде орналасқан Ескіұра ауылына барғанымыз бар. Ауыл іргесіндегі ескі қорымда назым сөздің хас шебері, Сыр сүлейлерінің бірі молда Бәйім мен жақайым Жетес би жерленген екен. Заманында үш жүзге аты мәлім болған әйгілі сөз зергерлерінің басына барып Құран бағыштап, зиярат жасап болғасын, бізді бастап барған ауыл ақсақалы Жетес бидің Қыр Шектілеріне барған оқиғасын баян етті. Сонда Қыр Шектілері өздерінің байларын айтып мақтанып:

Бізде мың жылқысы біткен пәлен бай бар, түген байдың мың түйесі бар.Олар ат майын кісіге бермейді, өзі де ішіп-жемейді. Сөйлесе сөзге дес бермейді. Сіздің еліңізде ондай байлар жоқ шығар. Өйткені тоғыз судың торабында бақша егіп, мөлтек салады, жері тар дегенді есітуші едік, – депті.

Жетес би:

Бізде ондай байлар жоқ. Бар болғаны Теңізбай, Көлбай, Дайрабай, деген үш-ақ байымыз бар. Оларға қай уақытта барсаң да бос қайтпайсың. Көлікпен барсаң артып, жаяу барсаң арқалап қайтасың. Қаншама халық солардың арқасында жан бағып, бала-шағасын асырап отыр, – деген екен. Қыр Шектілері сонда таңданысын жасыра алмай: «Ойпырм-ай, неткен қайырлы байлар, барып көрер ме еді» – десіпті.

Арада бір жыл өткенде Қыр Шектілері Жетестің шақыртуымен Ескіұраға келеді. Жетес келгендерді қуана қарсы алып, құрметпен қонақ етеді. Мынау Теңізбай деп теңізге, мынау Көлбайымыз деп көлдерге, мынау Дайрабай деп дарияға алып барып, оның есепсіз байлығы бекіре, қаяз, сазан, тыранның небір көкқасқасын жегізіп, балықтың балдай дәмді төстіктерін бөлек пісіріп беріп он жігітті он күн силапты. Сосын кетерінде оларға он түйе балық артып беріп, риза қылған екен.

Жетес бидің боқ дүниеге қызықпаған, мал жинамаған, халқының қамын жеген тура би, яғни кемел адамға тән қасиеттерге еге тұлға болғандығын баян ететін осындай әңгімелер халық ауызында әлі күнге сақталған.

Қалжан Исламханов,
Алматы облысы, Жамбыл ауданының
орталық «Шынасыл» мешітінің Бас имамы

 

«Қорқыт ата кітабы», Алматы: «Жазушы» баспасы, 1986. 7-бет