Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы. Сол тұтастық арқылы небір жаушапты заманнан осы заманға жеткен жайымыз бар. Жеткізген - бір Аллаға деген бірыңғай сенім.

Жошы ұлысының тағына Берке хан отырғаннан (1257 ж.) бастап, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейін (1847 ж.) күллі хандарымыз мұсылман. Сол мезеттен бастап Алтын Орданың да, одан бөлінген Қазақ Ордасының да мемлекеттік діні – ханафиттік бағыттағы Ислам, ал мемлекеттік тілі - ескіқыпшақ тілі болып бекіді.

Хансыз, ханның тағысыз қалған заманда да билеріміз бен ақсақалдарымыз халқымызды басқыншы елдің дініне бас игізбей, жан бұрғызбай, кейінгі ұрпақтың да мұсылмандық дүниетанымы мен сенімін барынша сақтауына зор үлесін қосты. Қазақ үшін зор зұлмат Ресейдің патша үкіметі құлап, кеңес үкіметі орнағаннан кейін басталды. Пролетариат диктатурасы біраз күшейіп алғаннан соң, 1925 жылы «Жауыққан атеизм» ұйымын құрып, құдайсыз қоғам орнатуға шындап кірісті. Ұйымның басшысы болып Емельян Ярославский тағайындалды. Атеистік қоғам орнатуға батыл бағыт алған ұйым өз жоспарын үш кезеңге бөлді:

1)Орта Азия елдеріндегі діни әдебиеттерді жою;

2)Дін ғұламаларын, молда-ишандардың біреуін қалдырмай ауыр жазалау;

3)Шығыстану институтына арнайы тапсырма беріп, түркі жұртын дінсіз етіп бұрмалап, пұтқа табынатын, шамандық ұстанатын жабайы етіп көрсету.

Ұлы далаға жасалған осы бір үш жойқын шабуыл кезең-кезеңімен жүріп отырды. Діни әдебиеттер жағылды, медреселер шағылды. Артынан имам-молдалар атыла бастады. Ишандар мен ахундарға келген зұлмат туралы Қазақтың белгілі жырауы Алмас Алматов ағамыз былай дейді:

«Алмат атамыздан тоғыз ұл болған. Сол тоғыздың алтауын кеңестер тұтқындайды. Айыбы – молдалығы. Барлығы да мешіт ұстаған имамдар. Қазалыдан (Қызылорда облысында) ұсталған 36 имам-ишандардың тізімі анықталды. Арасында ең жас болғандығы үшін ишан Сүлеймен ғана аман қалған екен. Қалған 35 имамның көзінің алдында атылғанына Сүлеймен ата куә болған. Сонда жазалаушы жасақтың «Құдай бар ма?» деген бір сұрағына «Йә» деп жауап бергені үшін сол молдалар түгел атылады».

Алланы аузына алған адам атылды, қолына Құран ұстаған адам темір торға тоғытылды. Дінінен бейхабар, ділінен беймәлім қалған кейінгі ұрпақтан көбейіп «коммунистер» шыға бастады. Осылайша қазақ халқы сыртқы ықпалға төтеп берер ділінен айрылды. 

Жетпіс жыл салтанат құрған құдайсыз қоғам Аланың қалауымен бір сәтте жоқ болды. Алайда, орта ғасырларда Ресей мен еуропалықтарды жойқын шабуылдарымен шошытып, еуропалықтардың ішкі-сыртқы саясатына қатты ықпал еткен жауынгер халықтың рухының қайта бір қалпына келмеуі үшін енді алпауыт елдер сан алуан сұрқия саясатын осы отыз жылда аянбай жасап келеді.

Діні жоқ халық тобырға айналады. Тобыр көрінгеннің жетегінде кетеді. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары атеистік шырмаудан енді ғана қолы босаған қазаққа алғашқы болып христиандық «барлаушы» миссионерлер келді. Он шақты жылда діннен бейхабар он мыңдаған қандастарымызды «шоқындырып» үлгерді. Есімізді жиып, жаңа салынған мешіттерімізден кім екендігімізді еске салып, уағыздар айтыла бастағанда сыртқы диверсиялық күштердің екінші жоспары іске асты. Дінімізден жік шықты. Ол – салафиттік радикалды ағым. Он мыңдаған боздақтардан тағы да бір айрылып қалған жайымыз бар. Күштік құрылымдар қанша күш салса да олардың азаяр шамасы көрінбейді. Адамзатқа білім мен өркениет алып келген оң әсерлі саф дінімізді аталмыш уаһһабилер зұлымдық ордасы етіп көрсетіп, онсыз да парық пайымынан шатасып отырған бұқара халықты дінінен жирендірді. Сол жиренген топқа сыртқы күштердің келесі үшінші жоспары дайын еді. Ол – тәңіршілдік. Тәңіршілдік үгітін жүргізетін азаматтардың бір-ақ мақсаты бар – ислам дінін барынша жала жауып жамандау. 

Қазір біз төртінші соққы қай жағынан келеді екен деп тосып отырмыз. Ол да іске асады. Өйткені, біз осы қитұрқы әрекеттерді ұйымдастырып отырған орталықтарды анықтай алмай отырмыз. Анықтай алмаймыз да. Оларға қарсы төтеп берудің жүйесі де қалыптаспаған. Әзірге біз тек қана нәтижемен күресудеміз. Демократиялық құндылықтарды желеу етіп, материалдық жағынан отыз жыл бойы қолдау көрсетілмей келе жатқан төл дінімізді алпауыт мемлекеттердің толыққанды қаржылық жәрдемімен мақсатты түрде жарыстырып қойған қауіпті бәсекелестіктің аяғы не болар екен. Нәтиже біреу ғана – қарулы қақтығыс. Қақтығыстың алдын алу үшін әр азаматтың діни және тарихи сауатты болуы шарт. Тарихын білсе – тамырсыздық індетінен қалқаланады, ал дінін білсе – еліміздің іргесін ірітіп жатқан нақты жауларын жазбай танитын болады. Діни сауаты жоғары тұлғаның қашан да ождан таразысы әділеттік пайымнан айнымай, ұлттық рухпен, мұсылмандық мінезбен халқына адал қызмет етіп, Алланың да сауабына қалары ақиқат. Мұратымз хасыл болсын!

Қапшағай қаласының бас имамы А.Сейітұлы